БАЛЕТ ТЕ БІР ӨНЕР ӘЛЕМІ

Өткен демалыста, қыстың алғашқы аязы сезілген күні, қаланың ардагерлер ұйымының өкілдері Елордаға сапар шекті. Үкіметтік емес ұйым төрайымы Қарашаш Қалқаманова өз активінің қолдауымен ашылымы әлем назарын аудартқан Астана Мемлекеттік опера және балет театрында Гала-балетті тамашалауды ұйғарды.
Ауқымды көркем ғимарат, көркем безендірілімі, кереберістегі жарық шамы жерлестеріміздің көңіліне оң әсер етті. Көрермендер ложадан, залдан өз орнын ала бастады. Біз де Гала балеттің екі сағаттық бағдарламасымен танысуға мүмкіндік пен уақыт таптық. Жиылған қауым Ресей халық әртісі Алтынай Асылмұратова басқаратын балет труппасының тартымды қойылымына куәгер болды. Арман Оразғалиевтың жетекшілігіндегі «Астана опера» симфониялық оркестрінің түрлі музыкалық композицияны шеберлікпен орындағанына қайран қалдық. Перде айқара ашылды. «Эсмеральдо» балетінің па-де-сис көрінісі басталды. Балет әртістері Анастасия Закалинская мен Олжас Тарланов биге икемді қол, аяқ, дене қимылы арқылы бас кейіпкерлердің сезімін, махаббатын, қайғы-қасіретін, қуанышын барынша нанымды етіп сипаттап берді. Сахна декорациясы, музыкасы, әртістердің костюмі, жарық шамы шағын спектакльді жан-жақты қабылдауға септесті. Әйгілі сазгерлер Ц.Пунидің, А.Хачатурянның, Р.Дригоның, П.Чайковскйидің және басқаларының музыкасына жазылған классикалық қойылымдарды: «Спартак» балетінен дуэтті, «Арлекинада», «Ұйқыдағы ару», «Аққу көлі», «Бойтұмар» балеттерінен па-де-дені, «Гаяна» балетінен семсерлі биді ықыласпен қызықтадық. Танымал хореографтар: М.Петиптің, К.Зверевтің, Р.Петидің, Н.Анисимовтың, В.Вайноненнің талантына көптеген әлем елдеріндегі балет өнерін бағалайтын жандардың өз табынушылары баршылық. Өнердің бұл түрін құрметтеушілердің арасында жастар, аға буын өкілдері өте көп болды. Біз секілді, қастерлі өнер иелерімен жүдесуге келген тұтас ұжымды да байқадық. Көршілес қатарда Үндістанның, Африканың жастары орын алды. Көзбен көргеннен көңілге жалпы мол әсер түйдік. Еліміздің балет әртістерінің тұтас қойылымын тағы да тамашалауға аңсарымыз ауды.
Ерейментау қаласының делегация өкілдері Астананың опера және балет театрының балет труппасына, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, Беларусь Республикасының Үлкен театрының балет әртістері баршылық, мәдени сапарды ұйымдастырушыларға алғыс айтты. Айта кететін жайт, қалалық ардагерлер кеңесінің бастамасымен биылғы жазда оның өкілдері АЛЖИР мемориалды кешенін (Отан сатқындары әйелдерінің ақмолалық лагері), Ақмола облысының касиетті орындарын аралап қайтқан болатын. Олардың бәрі өз ұйымы өткізетін спорттық-сауықтыру, мәдени шараларына белсене үн қосады.
Зейнеткерлердің Астанаға сәтті сапарына демеушілік көмегімен септескен жеке кәсіпкер Игорь Гашектің атына арнайы алғыс жолданды.

Раушан БАРЖАҚСЫ.
Суретті түсірген автор.