БІЛМ САПАСЫН ЖАҚСАРТУ САТЫСЫ

Қазақстандық қоғамның негізгі міндетінің бірі білім сапасын жақсартуға арналған. Оқушымен бірге, осы салаға қатысушы ретінде, оқытушының да белгілі нәтижесі байқалған жерде сапа жайында құптарлық ой айтуға әбден болады.
Сонымен бұл ойымыздың түпкі мәні неде? Оқушының сапа көрсеткіші, бірінші кезекте, барлық пәнді жетік меңгергені болып табылады. Әрмен қарай мектептен кейін жоғары оқу орнына жеңіл түскені; қызметте толымды нәтижеге жеткені – табыс негізі.
Ата-ананың парызы балаға келешекте таңдаған ЖОО-ына түсуіне жол ашатын сапалы білім алуына, барлық пәнді жетік меңгеруіне, айналаның сыйластығына бөленуіне жағдай жасауға арналады. Мұғалімнің беретін сапалы білімі ғылымның ең қызықты жаңалығына жетелеуге, білік-қабілетін ЖОО-ына түсуге лайықтап шыңдауға, өздігінен ойлайтын, келешегін болжайтын тұлға тәрбиелеуге бағытталады.
Төлеу Шаханов атындағы №3 орта мектепте «Инновациялық қызмет арқылы білім сапасын жақсарту» тақырыбына арналған аймақтық семинар-тренинг өтті.
Шаршы топқа Ақмола облысы білім саласының, салалас басқарманың оқу-әдістемелік орталығының, Көкшетау қаласының «Өрлеу» мекемесінің, педагогикалық шеберлік орталығының өкілдері, аудандық әдістемелік кабинет меңгерушілері, әдіскерлері, жетекші мектеп, ресурстық орталық, магнитті мектеп директорының орынбасарлары, Ақкөл, Аршалы, Қорғалжын, Шортанды, Целиноград, Ерейментау аудандарының, Степногорск қаласының сынып жетекшілері, балабақша тәрбиешілері жиналды.
Балалар музыка мектебінің оқытушысы Меруерт Әбілдина басқаратын қобызшылар оркестрі қонақтарды оқу орнының фойесінде қарсы алды.
Осы сәтте «Ерейментау ауданының білім жүйесі» көрмесінің тұсауы кесілді. Оны көпшілікке аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Қатима Әубәкірова таныстырды.
Қонақтар әрмен қарай салтанат залына семинардың ашылу сағатына жиналды. Аудандық білім бөлімінің бастығы Совет Нұрғазин баршаға құттықтау сөзін арнады. Уақыт тапқан, жиынға келген қонақтарға алғыс айтты. №3 орта мектептің қол жеткізген нәтижесі мен жетістігін тізбектеді. Олардың бәрі бейнебаянмен көмкерілді.
Ізінше жаңартылған бағдарламаға арналған курсты үздік өткізгені үшін «Назарбаев мектебі» педагогикалық шеберлік орталығының директоры Динара Ілиясоваға Алғыс хат ұсынды.
Әңгімені сабақтаған Ақмола облысының оқу-әдістемелік кабинетінің директоры Жанаргүл Баймақова семинар-тренингтің алдағы жұмыс бағдарламасымен таныстырды.
№1 орта мектепке шақырылған қонақтар кесте бойынша өтетін сабаққа қатысты. Мектеп директоры Төлеген Дүйсенов Елбасы Жолдауының мән-мазмұнын түсіндірді. Қала мектептерінің жаңашыл мұғалімдері әзірлеген баяндамасында өздерінің жұмыс тәжірибесімен бөлісті, шеберлік сағатын көрсетті, тренинг өткізді.
Аймақтық семинар келесі күні Төлеу Шаханов атындағы №3 орта мектепте жалғасты. №1 орта, №2 ОМЛ, №3, Бөгенбай батыр атындағы қазақ, Перуаш Кәрімұлы атындағы Малтабар орта мектебінің директорлары Төлеген Дүйсеновке, Ерғали Жахинге, Ермұқан Жапабаевқа, Гүлбарам Сәрсенбаеваға, Қызылгүл Ермұқановаға білім беру саласында қол жеткізген табысы, үздік жұмысы үшін Ақмола облыстық білім басқармасының Алғыс хаты табыс етілді. Аудандық білім бөлімінің жетекшісі Совет Нұрғазин мен әдістемелік кабинет меңгерушісі Қатима Әубәкірованың еңбегі де лайықты бағаланды.
Жиын әңгімесін қорытқан әріптес қонақтар екі күннің ішінде пайдалы ұсынысқа қоса алдағы жұмысқа лайықты көптеген құнды кеңес алғанын бірауыздан мәлімдеді. Баршасына әсерлі әріптестік үшін ризашылығын арнады. Аудандық білім бөлімі мен мектеп директорларына алғысын жолдады. Семинар жалпы жоғары деңгейде өтті.
ЛЮДМИЛА МАРКОВА.
Суретті түсірген автор