ҚЫЗЫҚТЫ МАҒЛҰМАТ БЕРІЛДІ

Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Қазақстан халқына Жолдауы қағидаларын түсіндіруге арналған облыстық ақпараттық-насихат тобының өкілдері жуырда өңірімізге келді.
Құрамына Мемлекеттік қызмет істері және және сыбайластыққа қарсы амал жөніндегі агенттігі Ақмола облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Райхан Братаева, департаменттің басқарма басшысы Гүлмира Евниева, департаменттің бас маманы Данияр Каконов кірген топ Тайбай, Торғай ауылдық округтеріне сапар шекті, ауыл тұрғындарымен жүздесті.
Кездесуде Мемлекет басшысы Жолдауының өзекті тармақтары бойынша анықтама беруді көздейтін ауызекі әңгіме өрбіді. Ауылдастардың топшылауынша, осы жолғы Жолдауда уақыт талабымен үндес әрі өзектілігі барынша басым бағыт қамтылып отыр. Шаршы топтағы қауым бұл құжаттың бір тізбекті жүйемен жобаланғанын айтты. Мазмұн-қағидасының өзі әрбір қазақстандықты терең ойлануға, өзіне лайықты түйін жасауға жетелейді.
Топ мүшесі Гүлмира Евниева ауданның мемлекеттік қызметкерлерімен кездесті, сала өкілдерінің еңбекақы төлемінің жаңа үлгісі жайында анықтама берді.
Департаменттің бас маманы Данияр Каконов шаруашылық жүргізу құқығындағы «Эко Жәрдем» кәсіпорнында Жолдаудың назар аударарлық тарауына көңіл бөлді. Сыбайластықпен күрес бағыттарына қатысты мән-жайды түсіндірді. Кәсіпорынның жұмыскерлері өздерін қызықтыратын сұрағын қойды. Кездесу соңында жемқорлықпен күреске арналған жұмыс туралы қысқаметражды деректі фильм көрсетілді.