ЖАСТАРҒА ДЕМЕУ БОЛАТЫН ЖАРЛЫҚ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өз Жарлығымен 2019 жылды ресми түрде Жастар жылы ретінде жариялағаны туралы күні кеше ғана ақпар естідік. Бұл замандастарымызды кешенді негізде сүйемелдеуді мақсат ететін қадам.
Ауданымыздағы Жастардың ресурстық орталығы мемлекеттік жастар саясаты негізінде жұмыс жүргізеді. Жалпы іс-амалы жастардың жан-жақты рухани, мәдени, ағарту, кәсіби деңгейде, дені сау болып жетілуіне, сәтімен әлеуметтенуіне, өз әлеуетін елдің әрмен қарай ілгерілеп дамуына бағыттауға жағдай жасауға арналған. Осы шеңберде өткізіліп жатқан шаралар жастар ұйымының қызмет ұстанымымен толық үйлесім табады, Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» биылғы Жолдауында айқындалған міндеттер де оны толық пысықтайды. Біздің жастарымыз таңдаған мамандығы бойынша мемлекеттік оқу орындарында тегін оқи алады. Елде студенттерге арналатын, оқуға, қоныстануға лайықты жағдай жасалатын жатақхана салына бастады, сабақты жақсы оқитындардың көбі шәкіртақы алады.
Теңдестерімізді қолжетімді баспанамен қамсыздандыруға арналған «7-20-25» бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Қаламен бірге ауылдарда да спорт секциясына қатысуға, темекіден, ащы судан, есірткіден сақтандыруға лайықталған саламатты өмір салты кеңінен насихатталып келеді. Ауданымызда балалар мен жасөспірімдерге арналатын заманауи спорт алаңының салынуы – заман талабы. Әрине, жас мамандарды жұмысқа орналастыруда қиындық баршылық. Дегенмен жастар тәжірибесінен өткендерге тұрақты жұмыс табуға мүмкіндік болады. Өздерінің білім деңгейін көтеруге, жалақы өсіміне ынталандыруға ден қойған көптеген мамандар сабағын ЖОО магистратурасында, шет елде жалғастыруда.
Қала мен ауылда жастар кәсіпкерлігін дамытудың үлгі тұтарлық бастамасы баршылық. Халыққа қызмет көрсетуді, мал шаруашылығын өркендетуді көздейтін қыз-жігіттер өз ісін қолға алып отыр.
Орталық қазақстандық патриотизмді нығайтуға, жан-жақты өсіп-жетілген тұлғаның негізгі қағидасын сақтауға, ұлтаралық, дінаралық қатынастарды, отбасылық құндылық басымдығын баянды етуге бағытталған шараны қолға алып келеді. Жарияланған Жастар жылы барша құрбы-замандасты біріктіруге, өзекті мәселені талдауға, тиімді шешімін іздестіруге негіз болады, мәдениет, спорт, ғылым-білім, кәсіпкерлік саласында әлемдік деңгейде қазақстандықтардың жетістігін насихаттауға септеседі деген ойдамын.

Зарина ХАБИБУЛИНА,
Ерейментау ауданы жастардың
ресурстық орталығының директоры.