АМАНАТ ИГІ ІСКЕ ЖЕТЕЛЕЙДІ

Талапты, ізгі ниетті іскер азамат Айланыш Тілекбердінің де округ әкімі ретінде алға қойған ой-жоспары баршылық. Бүгінде белгілі бір шамадағы қаржыға көшеге орнатылатын, күн энергиясынан қоректенетін 4 шам алдырған. Біреуін Қаратал ауылына орнатып бермек ниетте. Айналаны көріктендіруге, қыста көшенің қарын күретуге бөлінген қор да баршылық. Әкімдік ғимаратын жөндетуге лайықты жобалық-сметалық құжаттамасы даяр тұр. «Елге ел қосылса – құт» демекші, биыл ауылдастар қатарын 4 отбасы толықтырған, тағы 6 отбасы көшіп келмек ниетте.
Аудандық мәслихаттың депутаты Асқар Ерғалидың да түпкі мақсаты сайлаушы аманатынан туындайтын мәселе шешіміне, ауылдың болашағына бағытталып отыр. Облыс арқылы ауыз су мәселесіне түпкілікті нүкте қойылды. Келешекте Күншалған – Олжабай батыр ауылы автокөлік жолының жағдайын облыс деңгейінде көтеруді өз міндетіне алмақшы. Тағы бір құпия ұстаған жоспары АЛМА-ТV, әлде Теле-2 компаниясы арқылы әріптестік орнатуға, елді мекен аумағында заманауи байланыс желісін жетілдіруге негізделеді.
Бекім Әкімов төрағалық жүргізетін жергілікті қауымдастық Күншалған мектебіне, клубқа өлшеусіз қамқорлық көмегін көрсеткен. Жалпы қорда 5500 дана кітап сақтаулы тұрған кітапхананың жағдайы ойлантады. Енді осы қазына ауыл баласының игілігіне толық аман сақталуы үшін, кіретін бөлек есігімен, мектеп ғимаратынан орын берілсе деген тілекте. 104 оқушы білім алып жатқан мектеп жанында шағын орталық жұмыс істеп тұр. Келешекте мемлекеттік-жекеменшік әріптестік үлгісінде балабақша ашып жіберсе – нұр үстіне нұр болар еді. Абай Әлжанов істің жалпы мән-жайына, мектеп ұжымының іс-тірлігіне, ҰБТ тапсырылымы, тұрмысы әлсіздерге көмек, кадр мәселесіне қаныға келе, дәл жаңағыдай ұсыныспен ойын тәмамдады.
Топтаманы дайындаған
Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ.