«АРУЖАН» ЕСІГІН АЙҚАРА АШТЫ

Мемлекет өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен біліміне елеулі көңіл бөліп келеді. Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында мектепке дейінгі білім сапасына, негізгі басымдығы мен кәсіп ұстанымына ерекше мән берілген.
Өткен аптаның соңында Ерейментау ауданына қарасты Тайбай ауылының орталық қонысында айтулы оқиға өтті. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жаңадан «Аружан» балабақшасы ашылды. Бастама иесі – педагогикалық білімі бар жас кәсіпкер, ағылшын филологиясының маманы Айнұр Ғамармарданқызы Жарболова. Айта кететін жайт, бұл кейіпкеріміздің бастамасымен іске қосылған екінші білім ошағы. Біріншісі Өлеңті ауылында жұмыс істеп жатыр.
Әлеуметтік сала жетекшісі, аудан әкімінің орынбасары Абай Әлжанов, Тайбай ауылдық округінің әкімі Талғат Кәрібжанов, білім бөлімінің бастығы Совет Нұрғазин, Тайбай сайлау округі бойынша аудандық мәслихаттың депутаты Надежда Горончко жаңа мекеменің ресми тұсаукесер рәсіміне қатысты. Олар ауылдастарды айрықша оқиғамен құттықтады. Келешекте бүлдіршіндердің шат күлкісіне, ата-аналардың ризашылық алғысына бөленуін тіледі. Әжелер дәстүр бойынша шашу шашты, оқу-тәрбие ордасының игілікке берілгеніне алғыс айтты. Бүлдіршін шәкірттер қонақтарға шағын мерекелік концертін арнады. Меңгеруші Айнұр Ғамармарданқызы баршасына ғимараттың ішін аралатып шықты, ойын бөлмесі, бала тынығатын екі бөлме, арнаулы жабдығымен тазалық бөлмесі, асханасы мен ас үйі жабдықталған. Айта кететін жайт, айналаның бәріне жылы еден төселген. Жаңа жиһаз баланың жас ерекшелігімен сәйкестендірілген. Жалпы орын саны 50 балаға шақталған, бүгінгі күні 25 бала келіп жүр. Түрлі жастағылардың екі тобы іске кіріскен. 11 адам жұмысқа алынған. Ұжымда білімді тәрбиешілер, күтушілер, аспаз, от жағушы, медбике баршылық. Бала тасымалын кәсіп ететін «Беби такси» жұмыс істейді. Күндіз кішкентайларға төрт мезгіл жұғымды тағам беріледі.
Меңгеруші бастаманы қолдаған, ғимаратты жөндеуге көмектескен, айналада жайлы жағдай жасаған жанашыр жақындарына – отағасы Жеңіс Бейсекеевке, тәлімгері, әпкесі Әсем Сапароваға ризашылық лебіз білдірді.
Ауданымызда бүгінгі таңда 6 жекеменшік, 5 мемлекеттік балабақша іске қосылған. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде «Диас» балабақшасын ашқан алғашқы маманның бірі – Рымтай Жақина әріптесі Айнұр Ғамармарданқызына толымды табыс, ауылдас ата-аналардың сенімі мен беделін иеленуін, құзыретті органдармен әріптестік бағытында туындаған мәселенің жедел шешілуін тіледі.
Егер ауылда бақшаға, мектепке баратын бала болса, онда туған елдің болашағы бар, өсіп-өркендейді деген сөз. «Аружан» оқу-тәрбие орнының да оған өз үлесін қосатыны сөзсіз.
Раушан БАРЖАҚСЫ.
Суретті түсірген автор.