«АУҒАНСТАННЫҢ ОТ ЖАЛЫНЫ»

Сілеті орта мектебі оқушыларының Степногорск қаласынан өткен сенбіде елді мекенге арнайы келіп жеткен интернационалист-жауынгерлермен кездесу сағаты дәл осы тақырыпқа арналды.
Кеңес әскерлерінің шектеулі тобының Ауғанстан аумағынан толық шығарылғанына келесі 2019 жылдың 15 ақпанында 30 жыл толады. Бүгінгі жүздесуіміз келешекте жаңағы аталған тарихи дата құрметіне жоспарланатын шаралардың өзіндік тұсаукесеріне айналды.
Әуелі қонақтарымызды – Кеңес Армиясының қайсар да ержүрек жауынгерлерін оқырмандарымызға жеке-жеке таныстырғымыз келеді. Кешегі өндірдей жас жігіттер – бүгінде ақыл тоқтатқан азаматтар, түрлі сала еңбеккерлері, өнегелі әке, ұлағатты ата.
Болат Оспанов – Сілеті орта мектебінің түлегі. Әскери міндетін қос Қызыл тулы Балтық флотының жаяу әскерінде өткерген. Запасқа босатылғаннан кейін КСРО ІІМ Калининград академиясына түскен. Интернационалист-жауынгер мәртебесі баршылық. Өйткені Таулы Қарабахта, Мәскеудегі мемлекеттік төтенше жағдайлар комитетінің ісі кезінде құқық тәртібі мен халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысқан. Қызыл жұлдыз орденімен марапатталған. Ширек ғасырдан астам уақыт бойы қылмысты іздестіру жүйесінде жұмыс істеген. «За долг и честь» төсбелгісінің, бірқатар мерейтойлық медальдің иегері.
Мұрат Жанғазинов – Сілеті ауылының тумасы. Бестөбе кәсіптік-техникалық училищесін тәмамдағаннан кейін кеңес әскері қатарына шақырылған. 1986-88 жылдары Кабул қаласының аумағында артиллериялық дивизионда қызмет атқарған. Ізінше Целиноград ауыл шаруашылығы институтын тәмамдаған. Біраз уақыт «Сілеті» совхозының зоотехнигі қызметін атқарған. Еңбек қызметін ішкі істер органдарында жалғастырды. Қызметтен қол үзген әділет майоры. Интернационалдық парызын адал өткергені үшін «Қызыл жұлдыз» орденіне, «За отвагу» медаліне ұсынылған.
Салихжан Гамастинов, Ақкөл ауданының тумасы. 1981-83 жылдары Ауғанстанда әскерде болған. «Десантное братство» қоғамдық бірлестігінің өкілі. Қазіргі таңда Степногорск қаласындағы интернационалист-жауынгерлер одағы төрағасының орынбасары. Сергей Баранов – үкіметтік емес ұйым төрағасы. Николай Борщик – ауған соғысының ардагері. Владимир Советов – Степногорск қаласындағы әуе десанты әскерлері одағының төрағасы, Александр Мирошниченко, Сергей Олейник – әуе десанты әскерлерінің ардагері, Дмитрий Бородин – дыбыс операторы, әуесқой ақын, патриоттық мазмұндағы бірқатар өлеңдердің авторы.
1979 жылдың 27 желтоқсанына қараған түнінде сол кездегі қос мемлекет басшыларының келісімі бойынша алыс шет елде интернационалдық парызын өтеуді мақсат еткен кеңес әскерлерінің шектеулі тобы алғаш рет Ауған Демократиялық Республикасының аумағына табан тіреді. 1989 жылдың 15 ақпанында әскерлер бұл төңіректен толық шығарылды. Тарихи деректер бойынша жаңағы уақыт аралығында тек Қазақстан Республикасының өзінен ғана 18 жастағы 22222 бозбала әскери қызметке шақырылыпты. Республика бойынша 968 жауынгер елге оралмады. Осы сапта облысымыз бойынша 68 сарбазға ата-анасымен, туысқанымен аман қауышуды тағдыр жазбапты. Тек Степногорск қаласының өзінен өткен уақыт кезеңі ішінде 50 адам жарақат пен түрлі дерттен дүние салған. Жүрек ауыртатын дерек. Жеңімпазы да, жеңілгені де, жұмбақ күйде қалған онжылдық мағынасыз соғыстың қасіреті осындай.
Бейбіт халық кеңес жауынгерлерін ықыласпен қарсы алды, ұдайы екеуара көмек дағдысы қалыптасты. Дегенмен, майдан шебіндегі жағдай, әскерилердің өмірі мен тұрмысына қатысты мәлімет, қаза тапқан шекара қорғаушылар туралы дерек ол уақытта жабық тақырып болды. Ол уақыттың баспа құралы да бұл тақырыпты қозғамады, салалас министрлік те барлығын құпия ұстады. Кездесуде метроном үнімен көз алдында қаза тапқан, рейд уақытында, әскери айқаста хабарсыз кеткен қаруластар үнсіздік минөтімен еске түсірілді. Жерлестеріміздің әрқайсысы мерзімді қызмет уағында өзіндік тактикасымен дараланды, қарсыласпен бетпе-бетте ерлікпен айқасты, шабуылшыға жауап соққы берді, денсаулығын, тіпті реті келгенде өмірін де қатерге тігіп, бір-бірін қорғап бақты. Олардың бәрі небір сын сағатта, қызметтік міндетін атқарғанда да, әскери антқа, кешегі екінші жаһан соғысында жанын шүберекке түйіп, ел қорғаған әке-атаның жауынгерлік дәстүріне адалдығын танытты.
Шара «Соғыс шарпыған жастық шақ» концертіне ұласты. Сахнадан шырқалған танымал авторлардың әуендері баршаның жан-дүниесін тебірентті. Мектеп оқушысы Анна Ахматованың тақырыптық өлеңін мәнерлеп оқып берді. Оқушылармен арадағы сұрақ-жауап әңгімесі, қаруластардың айшықты естелігі, кеңес армиясының айбынды жауынгерлерінің жекпе-жек әдісі, әскери өнері көрсетілімімен кезектесіп жатты.
Ауыл ақасқалы, құрметті ата Абдолла Жаңағазинов, ауыл әкімі Сәуле Сұлтанова, мектеп директоры Дана Иманбалинова патриоттық терең мәнді, айшықты шара өткізілгені үшін қонақтарға алғыс айтты. Сөз сөйлеушілер шын жүректен, бір деммен бәріне денсаулық пен амандық, бейбіт өмір, шаңырақтарына баянды бақ орнығуын тіледі. Бәріне ауыл әкімінен Алғыс хат, мектеп ұжымынан ардагерлер одағына естелік сыйлық ұсынылды.
Өткен жылдар уақиғасы уақыт көшімен әрі қарай алыстап барады. Дегенмен арамызда соғыстың тірі куәгерлері жүргенде, сонау ғасыр уақиғасы жүректе мәңгі сақтала бермек. Кезінде Вьетнам соғысына, өзге ұрыс қимылдарына қатысқан аға буын азаматтар да осы санатқа кіреді.
Патриоттық шара облыстың өзге өңірлерінде де сәтті жалғасын табады. Мәрелік жүздесуіміз, аманшылық болса, 2019 жылдың 15 ақпанында Степногорк қаласының «Горняк» сарайында өтетін тақырыптық Гала-концертке ұласпақ.
Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДІ.
Фотосурет электронды поштамен қабылданды.