АУЫЛ АҒАЛАРЫМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Аптаның бір сәтті күнінде Жаңажол ауылына жиналдық. Жергілікті мектеп ғимаратында ауылдас аға-апалармен жүздестік. Бастама иесі – осы өңірдің төлтумасы Абай Әлжанов.
Ауыл азаматы бұл күні өткен айда өзге өңірлерде тойланған Егде адамдар айлығы аясында көзкөргендермен бір мәрте жүздесуді ұйғарған. Ойда жүрген игі істің қасиетті Мәуліт айымен тұспа-тұс келгенін де жақсылыққа жорыдық.
Ел ағалары Мақсұт Баймұрынов, аудандық ардагерлер кеңесінің жетекшісі Төлеген Әбдин өткен кезеңде бөлімше басқарушысы, ел жанашыры Еламан Әлжановтың қарамағында еңбек еткен барша қауымға жылы лебізін арнады. Заман ағымымен бір кездері бұрынғы Сілеті ауданының аумақтық бағынысына енген, бертін Торғай ауылдық округіне ауыстырылған өңірдің тыныс-тіршілігі аудан әкімінің орынбасары қызметіндегі Абай Әлжановқа етене таныс. Бүгінгі мерекелік жиында да көзкөргендер, барша аға-апалар жылы жүздесті, ой бөлісті, бой сергітті, шаруашылық игілігіне еңбек еткен, алқапта, фермада өзара әріптес болған кезеңін, өмірден өткен замандастарын еске түсірді. Кешегі атышулы 37-нің зобалаңында қуғын-сүргінге іліккен Перуаш Кәрімұлының Ақмоладағы НКВД түрмесінде жазылған шығармасын жатқа оқыған мектеп оқушысы Бикүл апамыз – бүгінде жасы тоқсаннан асқан абыз әже, ауылымыздың үлкені.
Ауданымыздың көпке танымал өнер шеберлері, түрлі конкурс лауреаттары, жеңімпаздары Баян Өсіпов, Талғат Смағұлов орындаған әуендер кеш ажарын аша түсті. Тағы бір қонағымыз – мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекшісі ақын Сайлау Жылқыбаевтың «Жаңажол» атты авторлық өлеңі, негізгі мектептің математика мұғалімі Ғибадат Жәрдембектің шығармасы тыңдарманның жүрегіне жылы тиді.
Балалық шағын өткерген, алғаш еңбекке араласқан кез келген ауыл азаматының туған жерге бүйрегі бұратыны, жүрегі елім деп соғатыны заңдылық. Алдында округ әкімі қызметін атқарған ауылдың төл перзентінің келешекте де өзіндік ой-жоспары, мақсат-бағыты баршылық. Бүгінгі тартымды жүздесуі – өзгеге үлгі етуге тұрарлық игі іс. Дәм мәзіріне демеушілік көмегін ұсынған – Жасұлан Құсайыновтың жетекшілігіндегі «Ырыс» ЖШС.
Топтаманы дайындаған
Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ.