БІРЛІК ПЕН ТОЛЕРАНТТЫЛЫҚ КҮНІ

Тұңғыш Президент – Ұлт көшбасшысы күні қарсаңында Үмбетей жырау атындағы аудандық мәдениет үйінде айтулы мерекеге арналған салтанатты жиналыс өтті.
Аудан әкімі Виктор Радченко жерлестерімізге құттықтау лебізін арнады. Тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президентінің сіңірген елеулі еңбегіне тоқталды. Елбасы – Ұлт көшбасшысы Қазақстанның экономикалық мәселесін шеше жүріп, бүгінгі заманауи қоғамда тыныштық пен татулықтың сақталуына елеулі көңіл бөліп келеді. Осы орайда Тұңғыш Президент күнін барлық қазақстандықтардың Бірлік пен толеранттылық күні ретінде атауымызға толық негіз баршылық.
Мемлекет басшысы ұстанып отырған салиқалы ішкі-сыртқы саясат әлеуметтік-бағдарланған экономикасы қарыштап дамыған заманауи мемлекет құруға жол ашты.
Мемлекет азаматтардың үйлесімді, жан-жақты дамуына лайықты, баршаның құқығы мен бостандығы ескерілетін, ұлтаралық татулық сақталатын, азаматтық қоғам қалыптастыратын құқықтық, әлеуметтік-экономикалық жағдай жасап келеді.Ресми бөлімнен кейін өңірдің мемлекеттік қызметкерлері, экономика мен әлеуметтік саланың бірқатар еңбеккерлері Грамотамен, Алғыс хатпен көтермеленді. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан сүбелі үлесі үшін және Тұңғыш Президент – Ұлт көшбасшысы күні құрметіне Әсел Қызыкенова, Жәнбек Зылғарин, Григорий Береговой, Геннадий Яхин, Гүлсім Тоқсақова, Рая Әбдірәсімова, Жанна Өсіпова, Александр Чайковский, Наталья Птица жерлестеріміздің қошеметімен ілтипатқа ілікті.
Үмбетей жырау атындағы аудандық мәдениет үйінің көркемөнерпаздары көпшіліктің назарына айшықты да тартымды, патриоттық мазмұндағы қызғылықты концертін ұсынды.

Раушан НҰРҒАЗИНОВА