БИЗНЕС ӘЛІППЕСІ – ТАБЫС НЕГІЗІ

«…Орта мектептердің өзінде балаларды мейлінше сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеп, кәсіби диагностика жүргізу маңызды».
(Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Қазақстан халқына Жолдауынан).
Бизнес-бапкер, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бастау» жобасы шеңберіндегі оқыту әдістемесі бойынша кеңесші Нұғман Жұлдызбаевтың Бөгенбай батыр атындағы қазақ орта мектебінің 9-11 сынып оқушыларымен кездесуі жоғарыда аталған міндеттермен үйлестірілді.
Жерлестерімізді келешекте қымет көрсетілім саласында қандай жаңалықпен қызықтыра аламыз? Жалпы қала мен аудан тұрғындарының өмірінде бизнестің қандай түрі басымдықты иеленіп отыр? Дәл осы сауалдар балаларға мектеп қабырғасынан кәсіптік бағдар беруге, келешекте өмірден лайықты орнын табуға арналған мақсатты істің түпқазығына айналды. Бұл жолғы жүздесуіміз «Кәсіпкерлік негіздері» қамтылған екі сағаттық сабаққа айналды. Тыңдаушыларға бастапқы «Бизнес-жоспар» құрылым тәртібі, 16-29 жас аралығындағы жастарға шағын несие, қайтарымсыз мемлекетік несие беріліс реті түсіндірілді. Аталмыш мекеме келесі жылдан бастап дәл осы жоғарғы сынып оқушыларының сабақ кестесіне қосымша сабақ енгізуге бастама көтеріп отыр.
Оқушылар бұл жаңалыққа, тәлімгердің қолжетімді анықтамасына зор қызығушылық танытты, келешекте өз ісін дамытуға лайықталған ой-болжамымен ықыласпен бөлісті. Бизнеспен айналысудың негізгі бағыты мен идеясы, мән-мағынасы интерактивті тақтада безендірілген сызбанұсқамен, диаграммамен, жазбаша кеңеспен толықтырылды. Өмірде кез келген мамандықты, жаңа уақыт лебіне сәйкес, бизнеске айналдыруға әбден болады. Ол үшін ниет пен төзім, мақсат пен іс-амал жоспары, сенімділік пен жауапкершілік, еңбексүйгіштік және, әрине, көшбасшылық қажет. Осының бәрі ортақ бір арнаға тоғыса келе, толымды табыс негізіне айналмақ. Бүгінгі күні мүмкіндігі шектеулілердің де белсенділігі мен талпынысы айқын сезіліп келеді. Жерлестеріміз Сағымбай Ботпаев пен Әйгерім Өкееваның игі бастамасы үлгі тұтуға әбден лайық.
Шәкірт ұл-қыздарға басым бағытты иеленген, қазіргі нарық сұранысымен үйлесімді жоспарын бүгіннен бастап белгілеп алуға ұсыныс берілді. Ізінше әрқайсысын қызықтырған сұрақтарға жауап қайтарылды. Нәтижесінде ара-тұра тренинг, ойын тәсілі кезектескен тұжырымды, мазмұнды әңгіме өрбіді. Келесі жылдың сәуірінен бастап Кәсіпкерлер палатасының жергілікті филиалында бизнес негіздеріне оқытатын бір айлық курс ашылады. Оған жалпы білім беретін мектептердің ниет білдірген жоғарғы сынып оқушылары шақырылады. Кезеңдеп оқыту ісі жазғы каникул уағында да жалғаса береді, тыңдаушыларға, екі жыл бойы күші сақталатын, оқу орнының сәйкестелген сертификаты табыс етіледі. Түлектеріміз осылайша жеке бизнес-жоспары сәтімен ресімделгенде грант ұсынылымы әлде жылдық алты пайыздық сыйақысымен несие ресімделімі арқылы өз кәсібін бастауға қол жеткізеді. Филиалдың директоры Серікпай Көшкінбаев, кеңесші Мерей Қасенов болашақ түлектерге істің мәнісін егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті.
Мектеп директоры Гүлбарам Сәрсенбаева қонақтарға тартымды идеясы, құнды да іскерлік ұсынысы, білім берілісі сипатындағы мазмұнды әңгімесі үшін алғыс айтты.
Апта ішінде қаланың жалпы білім беретін мектептерінде жаңағыдай мазмұндағы әңгіме сәтті жалғасын тапты. Қорыта айтқанда өз кәсібін дамыту болашағына арналған білім қорын толықтыруға негіз болды.

Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ.
Суретті түсірген автор.