ДЕНСАУЛЫҚ ПЕН ҚАУІПСІЗДІК – ЕГІЗ ҰҒЫМ

Кез келген сала еңбеккерлерінің кәсіптік мейрамы қарсаңында, әдетте, кез келген мекемеде жыл қорытындысы шығарылады, еңбек майталмандары дараланады, үздіктері көтермеленеді, алғы күннің жоспары межеленеді.
Ветеринария бөлімінің де өзіндік нәтижесі баршылық. Кәсіптік бағыты төрт түліктің саулығын қадағалауға арналған. Малдан алынатын ет-сүт тағамының сапасы да, жалпы бүкіл халықтың қауіпсіздігі де, түптеп келгенде, жаңағы қағидаға тікелей тәуелді.
Салалас бөлім басшысы Орал Мұқышұлы Төлеуовпен мереке қарсаңында жүздескенімізде ежелден мал шаруашылығын өркендетуге де ынта қойып келе жатқан аграрлық бағыттағы өңірімізге қатысты негізгі тақырып қамтылды.
– Сіздердің жұмыс бағыттарыңыз қандай? Ауыл шаруашылығы еңбеккерлері күнін қандай жетістікпен қарсы алмақсыздар?
– Біздің кәсібіміз Қазақстан Республикасының 2002 жылдың 10 шілдесіндегі «Ветеринария туралы» Заңының талаптарын сақтауға бағытталған. Осы орайда қазіргі уақытта малдың бруцеллезге бой алдыру деңгейі 0,3 пайызға дейін төмендеді. Бұл нәтижеге ветеринария мамандарының – аудандағы барлық әріптестеріміздің бірлескен қажырлы еңбегінің арқасында қол жетті. Бүкіл малдың 5-6 пайызын індет шарпыған, Тайбай, Еркіншілік округтерінде, Сілеті ауылында өнім өткізуге, мал енгізуге шектеу қоюға тура келген кезең әлі есте. 2016 жылы бұл карантин толық күшін жойды. Ауданымыз қазіргі таңда малдың жұқпалы індетінен толық тазартылған аймақ санатына кіреді.
Енді қол жеткен табысымыздың құпиясына азырақ тоқталайық. Әуелгі бетте баспасөз, Ғаламтор желісі арқылы сақтық мақсатындағы түсіндірме жұмысы қолға алынды. Азаматтардың жиынында мал иелерімен ашық әңгіме жүргізілді. Дегенмен, Заң талаптарына мән бермейтін жандар да аз кездеспейді. Оларды Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 406 бабы негізінде жауапкершілікке тартуға тура келді. Барлық өңірде қолдағы малдың қан сараптамасын алуға, шет елдік RВ-51 дәрісін егуге лайықталған орын жабдықталды. Жалпы іске, мал дәрігерлерінен бөлек, бүкіл түлікті тексеріс-екпемен толық қамтуға халықты мәмілеге шақыру әдісімен ауыл әкімдері, учаскелік полиция уәкілдері, аудандық «Ереймен», «Ерейментау» қоғамдық-саяси газетінің тілшілері белсенді көмек көрсетті. Ортақ мақсатқа лайықталған бірлескен ісі үшін бәріне алғыс айтқанымыз орынды болады.
-«Бірлік түбі – тірлік» дегендей, кез келген нәтижеге еңбек адамы өз үлесін қосып жатады. Салаға еңбегі сіңген жандарды атап өтсеңіз.
-Ол рас. Арамызда еңбегі құрметке, есімі мақтауға лайықты әріптестеріміз баршылық. Олар Қойтас, Тайбай, Ақсуат округтерінің мамандары. Олжабай батыр атындағы ауылдық округтің мал дәрігері Әлімжан Бейсенов ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен көтермеленді. Ветеринария бөлімінің бас маманы Төлеген Серенов, салада ұзақ жыл еңбек еткен тәжірибелі әріптес, зейнеттік демалыс жасына жетті.
-Алғы күнге межелеген мақсат-жоспарыңыз, бағыт-бағдарыңыз, жалпы болжамыңыз қандай?
– Жалпы міндетіміз аумақты қауіпті жұқпа ошағынан толық тазартуға арналған. Әрбір округте мал дәрігеріне жұмысын сапалы, тиімді жүргізуге қолайлы жеке кеңсе, бүкіл ветеринария талаптарымен үйлесімді деңгейдегі қасапхана, мал сүйегі қорымын ашуға арналады. Бүкіл малдың ИСЖ дерегіне енгізілімі кезек күттірмейтін іс. Қазіргі таңда бөлімнің бүкіл маманына, жалпы саны 14 адам, берілген қызмет көлігі залыққа дер кезінде қызмет көрсетуге, тосын оқиғаға уақтылы үн қосуға лайықталып отыр. Тағы бір ортақ арманымыз келешекте мал індетін диагностикалайтын жылжымалы УЗИ аппаратын алдыруға негізделеді. Қазақстан бойынша мұндай қондырғы шақыру бойынша кез келген фермаға қызмет көрсететін көршілес Целиноград ауданының Қосшы ауылына алдырылыпты. Жалпы құны да аса қымбат емес – 4 миллион теңге.
-Әріптес-дәрігерлерге, мал өсіруші шаруаларға, жалпы халыққа айтар тілегіңіз қандай?
– Мал дәрігерлеріне ойға алған жоспарының сәтімен жүзеге асырылуын, келешекте тәжірибе жүзінде тиімді қолдануға лайықты деңгейде өз білімін тереңдетуін, атқарушылық тәртіптің мұқият ескерілуін, халықпен етене араласа нәтижелі жұмыс жүргізілуін тілеймін. Тұрғындардың, мал иелерінің ісі әрдайым сәтті болсын, түлігі өсіп-өніп, қыстан аман шықсын, біздің мамандарымызбен ниеттестік қарым-қатынаста болсын. «Мал баққанға бітеді» деген аталы қағида негізінде қажырлы еңбектеріңіздің жемісін көре беріңіздер.
-Әңгімеңізге, игі тілегіңізге рахмет.
Жазып алған Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДІ.