ЕЛ РИЗЫҒЫН ЕСЕЛЕГЕНДЕР

Жылда, қарашаның үшінші жексенбісінде, республикамызда ел экономикасының маңызды саласының бірі – Ауыл шаруашылығы және ұқсату өнеркәсібі еңбеккерлері күні аталып өтеді.
Дәстүрлі мейрам қарсаңында «Көкшетау» мәдениет үйінде салтанатты жиналыс өтті. Шаршы топқа өңір экономикасының осы маңызды саласының өкілдері шақырылды. Облыс әкімі Мәлік Мырзалин баршаға құттықтау лебізін арнады. Елбасының Ақмола өңіріне жыл сайынғы сапарында өңір аграршыларын ең үздіктер санатына енгізетінін атап өтті. Облысымыз, қолайсыз ауа райына қарамастан, егіннен барынша мол түсім жинады. Орташа гектар өнімділігі 13 центнерден айналды. Жалпы 5,6 миллион тонна астық алынды. Қол жеткен толымды табысымызға бүгінгі дәстүрлі мереке себепкерлерінің қосқан үлесі, сіңірген еңбегі өлшеусіз.
Шақырылған меймандарымыздың арасында облыс аудандарының ауыл шаруашылығы және ұқсату өнеркәсібі өкілдері, серіктестік пен шаруа қожалығының жетекшілері баршылық. Ерейментау ауданының әкімі Виктор Радченко біздің өңіріміздің делегациясын бастап барды. Облыс әкімінің атынан Алғыс хатпен көтермеленгендердің ішінде ереймендік еңбек майталмандары: жыл ішінде әр сиырдан 5500 литрден астам сүт сауған «Хамзе» шаруа қожалығының сауыншысы Райхангүл Хасенова, «Мал Аман» коммуналды мекемесінің ветинспекторы Төлеген Серенов баршылық.
«Көкшетау» мәдениет үйінің фойесінде Ақмола облысының шикізат ұқсататын кәсіпорындары дайындаған өнім көрмесі ұйымдастырылды. Ол ауданымыздың аграрлық сала өкілдеріне ой саларлық негізге айналды. Түрлі сұрыпты шұжық, өсімдік майы, пакеттелген сүт, түрлі ассортименттегі нан-тоқашы, көкөніс өнімі көз сүйсінтеді. Ауданымыздың егіншілікте де, мал шаруашылығында да, қол жеткізген құптарлық нәтижесі баршылық. Ол жөнінде аудандық «Ерейментау», «Ереймен» газеттерінде суреттеме-мақаламыз жарық көрді.

Раушан НҰРҒАЗИНОВА.