ЕЛІНЕ ЕЛЕУЛІ ЕЛБАСЫ

Сілеті ауылдық кітапханасында еліміздің Тұңғыш Президенті күніне арналған мәдени-танымдық, ақпараттық-насихат деңгейінде бірқатар шара ұйымдастырылды.
Айтулы мерекеге орай алдын-ала арнайы безендірілген, Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбек ғұмырнамасына қатысты әдеби кітап, баспасөз материалы, түрлі құжаттар топтастырылған «Еліне елеулі Елбасы» тақырыптық көрмесіне шолу жүргізілді. Сөреміз фотосурет топтамасымен, жекелеген эпизодтармен байытылды. Мектеп оқушылары Ұлт көшбасшысының ел тәуелсіздігін баянды етуге лайықты бүкіл қызмет жолы толық қамтылған, түрлі дерекпен сипатталған материалдарға қызығушылық ниетпен ықылас қойды. Айтылған әңгімені де ұйып тыңдады.
Жоғарғы сынып оқушыларына арналған шара – «Тұлға әрі саясаткер келбеті» кітапхана сағаты да тартымды өтті. Шәкірттерге Президенттің өмірі мен қызметіне қатысты көптеген қызықты да тың мәлімет берілді. Әңгіме барысында жуырда баспасөз бетінде жарық көрген, көпшіліктің құптарлық лебізін иеленген «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына да оқушы жастар ықыласпен зейін қойды. Бұл еңбектің тарихи құндылығын, қазіргі жаһандану дәуірінде алатын орнын, мән-маңызын баршасы жоғары бағалауда.

Зылиха ӘДІЛОВА,
ауыл кітапханашысы.