«ҒИБРАТТЫҢ» БЕРЕРІ МОЛ БОЛМАҚ

Күншалған орта мектебінің жанынан «Ғибрат» әжелер клубының ашылғаны -ауылымыздағы тағы бір жағымды жаңалық болды.
Нақты мән-жайды топ ұйымдастырушысы әрі жетекшісі білікті ұстаз Гүлмира Амантайқзы Сағынбаевадан естіп білдік.
«Келінім, саған айтам, қызым, сен тыңда», демекші, ұйымның жұмыс мақсаты мектеп қабырғасындағы бойжеткен қарындастарымызға ата салт үлгісінде өнеге-тәлім беруге, әжемен сыр бөлісуге, бір сәт әңгіме-дүкен құруға, төл өнерімізге баулуға арналады.
Клубтың құрамындағы 6 адамның бәрі де көпке сыйлы ұлағатты ана, немерелі-шөберелі мейірімді әже. Топ өкілдері айына екі мәрте тиісті жоспарымен мәдени-танымдық шара өткізеді. Жетекшінің жоспарлаған тақырыбын өзгелері ақыл қосып, толықтыратын болады. Қос ұрпақтың байланысына негізделген жоспарда дөңгелек үстел, сахналық көрініс, өзге мәдени-танымдық шаралар көзделген. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуді негіздейтін дәстүрлі ісмерлік өнер, әшекей бұйым әзірленімі, тұрмыстық бұйым күтімі, тағам бабы өскелең ұрпаққа үлгі ретінде көрсетілмек. Клубтың ашылғанына ауылдас ата-аналардың да қуанышы шексіз. Өйткені «Анаға қарап қыз өсер», «Ана көрген – тон пішер» деген аталы қағидаға сәйкес, жастайынан ұлы ана тәрбиесімен қанаттанған нәзік жандыларға бүгінгі күні көзбен көргеннің бәрі келешекте мәңгі рухани азық, ұлттық тәрбиенің берік негізі болады. Өзге ауылдарға үлгі етерлік, құптарлық жақсы бастама. Елбасының жуырда жолдаған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына берілген жауап ретіндегі құнды қадам болмақ.

(Сурет электронды поштамен алынды)