КҮЙЛІ ТҮЛІК – ОРТАҚ ИГІЛІК

Шәкей ауылының іргесіндегі «Савелий қыстағы» атанған өңірге ат басын бұрдық. «Нур Ali» ЖШС-нің директоры Қуаныш Жасаров бізді жылы қарсы алды. Бүгінде шаруашылықтың иелігіндегі қой мен ірі қара табыны осында қыстатылуда. Жазда мал басына 1000 тонна шөп, күзгі егін орағы уағында қажетті шамада арпа үйіліп алынған. Бұл дақыл арнаулы электр жем үктіргіш арқылы уатылған күйде қосымша азық ретінде беріледі. Мал суаруға лайықты тереңнен су тартатын насосымен екі скважина баршылық. Күзде қыстаққа тасылып алынған сабан малдың астына төсеуге пайдаланылады.
Мал күтуші ауыл азаматтары Талғат Әкімбаев, Руслан Шкиев, Владимир Казначей, Рим Хатмулин, Дмитрий Лотарев, Базарбек Ошақбаев өз кәсібін адал атқарады. Түліктің ұқыпты күтіміне, тиісті рационға сәйкес уақтылы азықтандырылуына ықыласпен мән береді. Жылқышы Мұрат Бекарыстановқа бүгінде жылқы бағылымына жауапкершілік жүктелген. Жұмыскерлер қажырлы еңбегімен малың қоңын жоғалтпауды, алдағы көктемге дейін шығынсыз аман өсіруді көздейді. Шаруашылық басшылығы келешекте қазақтың ақбас, симментал, абердино-ангус тұқымды түлігін өсіруге, тұқым жаңартылымына ден қоймақ ниетте.
Аспаз Сәуле Бекарыстанова Малшылар үйінде жұмыскерлерге күніне үш мезгіл: таңғы, түскі, түстік дәмін әзірлейді. Жұмыстан қол босаған сәтте, бөлмеде бір сәт теледидар тамашалауға, үстел ойынын ойнауға мүмкіндік баршылық. Жалақы төлемі, зейнетақы аударымы – серіктестіктің құзыретіндегі іс. Бұл мәселе де көңіл толарлық деңгейде шешілген.