КЕШЕ МЕН БҮГІННІҢ ТОҒЫСЫ

Жылдам өзгеретін заманауи әлемде өзіңнің тұлғалық келбетіңді, ұлттық, мәдени дәстүрге лайық ерекшеліктеріңді жоғалтуың оп-оңай. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын қызыға оқып шықтым. Аталмыш құжатта заманауи қоғамды тарихи тұрғыда жаңғыртудың жеті бағытын іске асыруға ұсыныс беріліпті. Бұл басымдықтардың әрқайсысы, егер біз тарихи, ұлттық тегімізді, ұлттық кодымызды, өткенімізді сақтамайтын болсақ, онда бүгініміздің, болашағымыздың қандай болатыны туралы ойлануға мәжбүрлейді. Биыл мажар елінің этнограф ғалымы, «За евразийское единство» қорының төрағасы Иштван Бенц пен оның әріптесі Фортош Гольцтің экспедициясы ауданымыздың төңірегі арқылы жүріп өтті. Қонақтар көне Жібек жолы бағыты бойынша атпен саяхат ұйымдастырды, осылайша экспедицияға қатысушылармен бірге «Бабалар ізімен өткен жол» жобасын жүзеге асыруда. Жобаның негізі Мажарстанның және еуразия кеңістігінде осы ел арқылы экспедиция бағыты өтетін елдердің мәдениеті мен туристік құндылығын танып-білуге, баршаға танымал етуге арналған. Экспедицияның құрамына ел мен оны мекендейтін халықтың ұлы тарихын зерттеумен айналысқан республикамыздың өкілдері кірді.
Егер өскелең ұрпақ біздің бай мәдениетімізді, осы санатта халық ауыз әдебиетін, музыкалық мұрасын, қазақ жерінің түпкі шежіресін білмейтін болса, онда оны қалай тәрбиелемекпіз. Елбасының Жарлығы бойынша 1 шілдеде Домбыра күні мерекеленеді. Қазақтар осы аспап арқылы өз қуанышымен бөлісті, ішкі шерін тарқатты. Меруерт Әбілдинованың жетекшілігіндегі, репертуары халық әуендерінен бөлек, заманауи авторлардың музыкалық композициясымен байытылған «Ақ бұлақ» қобызшылар ансамблі аудан, облыс, республика көлеміне кеңінен танымал. Музыка мектебінің басшысы мен ұжымының арқасында шәкірттер халықтың рухани қазынасынан молынан сусындауда. Өлкенің ұмытылған шежіресін танып-білуде Бөгенбай батыр атындағы тарихи-өлкетану музейі де ауқымды ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізіп келеді. «Рухани жаңғыру» бағдарламалық құжаты шеңберінде аудан көлемінде өтіп жатқан барлық шаралар мен Елбасының мақаласы бір мақсатқа тоғысып отыр. Ол: заманауи технология мен ғылым жетістіктерін пайдалануды негіздейтін халқымыздың рухани-тарихи тұрғыда жаңғыруына жетелейді.
Раушан БАРЖАҚСЫ.
****
Елбасы Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев күні кеше жария еткен осы аттас мақаласын алдыңғы «Рухани жаңғыру» бағдарының өзіндік жалғасы, елдің келешегін алыстан болжаған құнды құжат, халқымыздың қастерлі бойтұмары ретінде ықыласпен қабыл алдық.
Мақалада айтылған қағидалардың әрбір сөйлемі бүгінгі жаһандану кезеңіне, заманауи байланыс желілерінің қарыштап дамыған дәуіріне уақтылы берілген жауап іспетті. Әсіресе ата кәсіпке ден қоюды, қол өнерімізді, төл өнерімізді дәріптеуді негіздеген тапсырмасы өскелең ұл-қызға қозғау салғаны абзал.
Ауылда өскен бала ретінде, ерте уақытта үлкендеріміздің ісмерлік өнеріне, ана-әжелеріміздің тігін-тоқыма шеберлігіне қызыға қарайтынбыз. Ал өзім туып-өскен Малтабар ауылында соғыс ардагері марқұм Айтпай Нұрсейітов жездеміздің кәдімгі дайын былғарыдан жылқышы-шопанға лайықты байпағымен саптама етік, жеңіл мәсі тіккенін оқушы күнімізде көріп өстік. Сол уақытта мал шаруашылығына бейімделген совхоз тұрғындарының жаңағы қысқы аяқ киімді ақсақалдан арнайы тапсырыспен алдырғаны санамызда естелік болып қалды. Ал бүгінде аспанасты елінен атамекенге қоныс аударған, қазір ереймендік жерлесіміз Мырзабек есімді азамат келіншегімен бірге шағын шеберханасында аяқ киім тігіп жүргені жаңағы ата кәсіп жалғасының бірі. Ісмер жас жігіттің дайын бұйымы өзіміз «фабричный ғой» деп атайтын бұйымнан асып түспесе – кем емес. Еркіншілік ауылдық округіне қарасты Еңбек ауылының бір азаматы жиналмалы қазақы дөңгелек үстел жасап, тұтынушының көңілінен шығып жатқаны жайында әріптесіміз мақала жариялады.
Мектептердің қол еңбегі сабағының мамандары да шәкірт буынды ұлттық өнерге баулып жүргені, көркімен көз тартарлық бұйымын мәртебелі көрмелерге ұсынып жүргені ақиқат. Көпшілікке үлгі тұтарлық, он саусағынан өнер тамған мұндай шеберлеріміз қазір аз емес. Әсіресе алыс-жақын шет елден атамекенге қоныс аударған қандастар отбасындағы апа-жеңгелеріміздің ісмерлік үйірмесін ашқанын, сіңлі-келіндеріне шеберлік сағатын ұйыдастырғанын, оларға өнерін насихаттауға жергілікті жерде жағдай жасалғанын жөн көреміз. Бұл бір жағынан жастарға ғибрат, екіншіден, ісмерлікпен, тері илеумен, қой жүнін ұқсатумен орайласқан кәсіпке ден қоюдың бір жолы болмақ. «Өнер көзі – халықта» десек, сол киелі де көне өнерімізді бүгінгі оқушы буынға мирас етуге, талаптыны сүйемелдеуге толық негіз болатын игі бастаманың бірі бүгінгі құжат болмақ.

Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДІ.