ҰЛТ МӘРТЕБЕСІН ӨНЕР КӨТЕРЕДІ

Қандай да бір елді тану үшін оның бетке ұстар тұлғаларын, брэндтерін, мәдениетін білсек жеткілікті. Сол сияқты өз елімізді таныту мақсатында сондай тұлғаларымызды, тарихымыз бен мәдениетімізді көрсете білуіміз керек. Әсіресе қазіргі жаһандану заманында ұлттық болмысымызды, ұлттық кодымызды сақтау өте маңызды болғандықтан барымызды жинақтап, әлемге паш ететін күн туған секілді. Елбасымыздың жақында шыққан “Ұлы даланың жеті қыры” Жолдауын оқыған болсаңыз – мәселенің өзектілігін түсінесіз. Халқымыз ежелден жігітті сегіз қырлы, бір сырлы деп әспеттейді және де бұл ұлы сөз ұлылықты тәрбиелейтіні анық. Әр заманда даламызда ел мүддесін арқалаған, тарихымызда өшпес із қалдырған азаматтар туып отырған. Қазіргі кезеңде де ұлт ішінде елді көрсете алатын азаматтар барша әлемді аузына қаратып отырған жайы бар. Олардың бірі – күні кеше өнер саласында әсем даусымен миллиардты таң қалдырған әншіміз Димаш Құдайбергенов. Жақында Англия елінде болып өткен концертіне Еуропаның түпкір-түпкірінен музыка майталмандары мен әнсүйер қауым келіп тамашалаған. Ең қуантарлық жайт, ұлттық музыкамызды, ән-күйлерімізді әлем хиттерімен қатар қойып, бүкіл әлемді мойындатып отыр. Халық әні «Дайдидау», Құрманғазының «Адай» күйі орындалған соң қошеметтен сахна дүр сілкінгендей болған. Қазақи болмысымызды Әміреден кейін тағы бір мәрте көрсете алған Димашқа қанша алғыс айтсақ та көп емес шығар. Ал кеше ғана өткен “Junior eurovision” балалар ән байқауына Қазақстан алғаш рет қатысқан болатын. Абай атамыз: “..Өзіңе сен өзіңді алып шығар, ақылың мен еңбегің екі жақтап” дегендей “Өзіңе сен” атты әнмен Данэлия Тулешева алтыншы орынға табан тіреп, ел мерейін көтерген еді. «Ел іші – өнер кеніші» демей ме, Ерейменде де осындай биіктерді алатын әнші-күйшілеріміз баршылық. Қолдау көрсетіп, жолын ашып беру – міндет. Елбасымыз өз Жолдауының “Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы” бөлімінде дәстүрлі музыкамызды жаңғырту жайында сөз қозғайды, оның бастамасы ретінде “Ұлттық домбыра күні”, “Қазақтың 1000 күйі”, мәдени шаралары өткен болатын. Жалпы елімізде төл мәдениетімізді жаңғырту үрдісі жүйелі түрде жүргізіліп жатқан жайы бар. Түркі мәдениетінің, көшпелі өмір салтының әлемдік өркениетке қосқан үлесінің ауқымын көпшілікке көрсетіп түсіндіру алдағы уақыттың еншісінде, ал өз елімізде оны дамытып, насихаттау әрқайсымыздың борышымыз болуы тиіс.
-“Қазақстан туралы не білесің?” – деген сұраққа өзге ұлт өкілдері көбінесе Астананы, Елбасымызды, мәдениет пен спорт өкілдерін айта бастайды, қазіргі ақпараттық дәуірде ол заңдылық. Ал енді осынау ұлы мәдениеттің бүкіл болмысын көрсете білсек: “Бұл ежелгі көшпелі түркілердің өркениетін көздің қарашығындай сақтап, жалғастырып келе жатқан ұлы халық”,- деген ой-пікір қалыптастыратын боламыз.
Асқар ӨСІПОВ, Балалар музыка мектебінің директоры