«Ұлы даланың жеті қыры» – болашақ бағдары

Біз, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың тарапынан ұсынылған бағдарламалары арқасында, ата-бабаларымыздың өткен тарихы, мұрасы туралы мол мағлұмат алдық. Бұл мақала “Рухани жаңғыру” бағдарламасының жалғасы әрі Қазақстанның халықаралық аренада жаңа түсінігі, бізге өткен тарихты ұғынудың нышаны. Мақаланың мәнісін Қазақстан халқы үшін жаңа көзқарас, жаңа бетбұрыс деп ұғынуға әбден болады. Мақалада қарастырылған қыруар мәселенің барлығы алдыңғы “Рухани жаңғыру”, “Туған жер”, “Қазақстанның тарихи жерлерінің географиясы” жобаларының логикалық жалғасымен пара-пар. Бүгінгі таңда жүздеген археологиялық ескерткішке зерттеу жүргізуге мүмкіндік туындады. Археологиялық экспедиция ортағасырлық қалаларға қазба жұмысын қолға алады. Көтерілген мәселелер барлығын жан-жақты ой елегінен өткізуді, терең зерделеуді талап етеді. Сондай-ақ біздің дүниетанымымыздың, халқымыздың өткені мен бүгінінің және болашағының іргелі негіздеріне тікелей қатысты. Өскелең ұрпақ бойында өз тарихына мақтаныш сезімін ұялату, отаншылдық тәрбие беру дағдысы мектеп қабырғасынан басталуы тиіс. Сондықтан мектептер мен барлық өңірлердегі өлкетану музейлерінің жанынан тарихи-археологиялық қозғалыс орталығы құрылуы маңызды. Ұлт тарихын санаға сіңіру барша қазақстандықтардың бойында өз бастауларына деген ортақ ниет сезімін қалыптастырады.
Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы да зор. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және келер күнге оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі.
Ермұқан ЖАПАБАЕВ,
Төлеу Шаханов атындағы
№3 орта мектебінің директоры