МЕКТЕПКЕ ЖАҢА КӨЛІК БЕРІЛДІ

Өткен аптада күншалғандықтарға есте қаларлық сүйінші хабар жетті. Аудан әкімі Виктор Радченконың арнайы тапсырмасымен елді мекенге арнайы келген әлеуметтік сала жөніндегі орынбасар Абай Әлжанов аудандық бюджет қаржысына әперілген УАЗ-таблетка маркалы жаңа көліктің кілтін орта мектепке табыс етті.
Бүгінгі игілікке №6 Күншалған сайлау округі бойынша аудандық мәслихаттың депутаты Асқар Ерғали мен «Нур Ali» ЖШС-нің басшысы Бекім Әкімовтың бастамасы арқылы қол жеткенін естіп білдік. Округ әкімі Айланыш Тілекберді жаңағы екі азаматқа барша көпшіліктің атынан қуаныш сезімімен, ризашылық ниетпен алғысын арнады. Мектеп директоры тәжірибелі ұстаз Ораз Сетаевтың жылы лебізі, ата-аналардың ризашылық сөзі, «Жұлдыз» вокалды тобының, Ойрат Гүлайымның сазды сәлемі, әжелердің дәстүрлі шашуы бәрімізді ерекше әсерге, шаттық сезіміне жетеледі.
Қойнауы құт қонған Шәкей ауылы – өз заманында талай тарихи тұлғалардың, марқұм Балташ Сыздықұлы, Қазыбек Жүнісұлы секілді ұлағатты ұстаздардың, білікті журналист жазушы Ілияс Қарағозиннің, белгілі ұстаз Жеңіс Бөдешевтің, өзге еңбек майталмандарының кіндік қаны тамған өңір. Кезінде уақыт лебімен Жаңатұрмыс негізгі мектебі атанған жергілікті білім ордасынан шәкірттердің бірнеше буыны түлеп ұшты.
Енді шағын елді мекенде оқушы бала санының азаюына байланысты бастауыш сыныпты біріктіріп оқытуға, орта буынның он бір оқушысын көршілес Күншалған мектебіне ауыстыруға тура келді. Екі ауылдың арақашықтығы – 8 шақырым. Бала тасылымы, әсіресе Арқа өңірінде ұзаққа созылатын қыстың көзі қырауда, тәуекелді де қиын шаруа екені баршаға белгілі. «Жол азабын жүрген білер» дегендей, ескі көлікпен жол жүрудің машақаты аз болмағаны белгілі. Міне бүгіннен бастап тәжірибелі шопыр азамат Қанат Мұхтаровтың иелігіне өткен жаңа көлік ауыл баласының игілігіне жаратылады. Енді округтегі мектептің өнерлі, зерделі, спортқа бейімді оқушыларына аудандық деңгейдегі мәдени-танымдық шараларда өзге ауылдағы құрбыларымен тең дәрежеде бақ сынауға мүмкіндік болады деген ойға берілдік.
Келешекте Қаратал ауылына да, жергілікті дәрігерлік мекемеге де, осындай бір-бір қозғалыс құралын әперуге тура келіп тұр. Бюджет қоржыны толықса, аманшылық болса, бұл мәселенің де оң шешімі табылып қалар деген үмітке толы ниетті ауылдастарымыздың жүзінен анық аңғарғандай болдық. Бәлкім, алдағы жылы жанашыр азаматтардың бірлік-ниетімен оған да қол жеткізіп қалармыз.