МОЛ ӨНІМ – ДИҚАННЫҢ МАҢДАЙ ТЕРІ

Ақсуат ауылдық округінің аумағында «Ерейментау-Ақбас», «Ерейментау-Құлан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2016 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ұжым биыл егіннен толымды нәтижеге жетті. Әр гектардан 22,5 центнерден түсім жинады. Айтарлықтай жетістік. Аудандағы өзіндік рекордтық көрсеткіш!
***
Осылайша диқан еңбегі толығымен ақталды. Бүгінгі күні шаруашылықтың иелігінде егістігін, шабындығын, жайылымын қоса алғанда жалпы 12,5 мың гектар жер баршылық. Көктемгі науқан кезінде игі мақсатқа негізінен бидайдың «Астана», «Қарабалық», «Росинка» сұрыбы қолданылған.
Келесі жылдың егініне 2,5 мың гектар сүдігер жыртылған, 2000 гектар жер парға арналған, жалпы 2000 тоннадан астам тұқым құйылған.
Аталмыш шаруашылықтың бас директоры – ауыл шаруашылығы ісінің көреген ұйымдастырушысы Мұрат Оразбайұлы Шәмшинұровпен жүздесудің сәті түсті.
-Әуелі жергілікті баспасөз арқылы ризашылық ниетпен атап өтерлік жайт, бүкіл игі жетістігіміз диқандарымыз сіңірген өлшеусіз еңбектің арқасы. Жігіттердің әрқайсысы көктемгі егіс кезінде де, күзгі жиын-терін науқанында да, өз жұмысын адал атқарды, шеберлігі мен кәсіптік білігін танытты. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлері күні құрметіне, сөз жоқ, барлық диқандарымызды толық атап шыққанымыз орынды болады. Олар: механизатор-комбайншылар Виктор Фриц, Дәурен Хасенов, Григорий Байрамов, Григорий Мозговой, Вячеслав Копысов, Александр Никишов. КамАЗ көлігінің жүргізушілері Дима Тайшубаев, Евгений Киютин, Анатолий Макаревский.
Серіктестіктің материалдық-техникалық әлеуеті ойлағандай деңгейде. Баланста «Джон-Дир», «КЕЙС» егіс кешені, «Кировец», «МТЗ» маркалы трактор, «Енисей», «Есіл-740» комбайны, заманауи рулонды шөп буғыш-жинағыш баршылық. Биыл астық жинайтын екі комбайн, жатка, шөп шабатын бір комбайн алдырылды. Астық өңделетін механикаландырылған қырманымыз қайта реттелді. Жалпы алаңы 7000 шаршы метр асфальт алаңы жаңартылды. Андрей Гончаров, Олег Чигоряну алқаптан жеткізілген өнімді өңдеумен айналысты. Егіс бригадасының аспазы Ольга Ермолова бүкіл жұмыс кезеңі бойы жұмыскерлерге күніне үш мезгіл нәрлі тағам әзірледі. Шағын жанармай қоймасының май құюшысы Александр Золотарев техниканы сұйық отынмен уақтылы қамсыздандыруға арналған өз міндетін тиянақты орындады. Осылайша, күннің ашығында бүкіл егінді тиісті уақытында, ысырапсыз жиып алуға әріптестерге өлшеусіз көмегін тигізді. Табысқа жетуімізге бас агроном Арыстан Қазизұлы Кучукбаевтың да еңбегі зор. Білікті маман бүкіл жұмыс әдісін дәлме-дәл белгілеп берді, тұқым себілім мерзімі мен нормасын, ізінше орақ түсіру тәсілі мен уақытын мұқият ескерді.
****
Біздің серіктестік мал шаруашылығы саласына да жіті көңіл бөліп келеді. Қазіргі таңда және алдағы болашақта етті мал бордақылауға, асыл тұқымды мал сатылымына маманданбақ ниетте. Фермада қазақтың ақбас, абердино-ангус тұқымды 2000 бас ірі қарасы күтілуде. Түлік тұқымын асылдандыратын, келешекте жалпы мал санын 7000-ға дейін жеткізетін мақсат баршылық. Қазіргі алаң әлеуеті 3000 ірі қара күтуге лайықталған. Мал өсірушілер Николай Байроновтың, Ерлан Молдабаевтың, Владимир Фрицтің күнделікті еңбегі жоғары бағаға әбден лайық. Олар барлық қабілет-мүмкіндігін шаруашылықтың мәртебесін көтеруге арнап келеді. Өз міндетіне барынша жауапкершілік сезімімен қарайды.
Малдың жалпы күйі, қыстан аман шығуы жемазық қоры мен түрленуіне тікелей байланысты қағида. Жаңағы мәселені ойға алған егіншілер егіс науқаны аяқталғанда, жазғы уақытта пішендеме даярлады, құрамына сұлы, асбұршақ, арпа қосылды. Себілген судан шөбінің өнімі де уақтылы жиылып алынды, маяға жеткізілді. Осы өнімнің бәрінен арнаулы миксер-азық үлестіргіш арқылы малға берілетін қоспа азық даярланады.
Келешекте Астанада өзіміздің ет комбинатымызды, көршілес Аршалы ауданының Анар стансасында құрамажем зауытын салатын жоспарымыз баршылық. Бұл өндіріс желісі бізге мал өнімін ұқсатылған күйде халыққа ұсынуға, бордақыдағы түлік күтімі мен жалпы жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Ақсуат орта мектебіне көмек көрсетілді, автогрейдер арқылы ауылішілік, Тоқберлі кентіне дейінгі жолдың ой-шұңқыры тегістелді. Аудан күні мерекесінде демеушілік көмек ретінде есепшоттан 1 миллион теңге аударылды.
Ұжымда, өндірістің барлық саласын түгел қосқанда, 57 адам еңбек етеді. Әрқайсысы ЖШС басшылығы тарапынан мақтауға, сый-құрметке, жылы лебізге әбден лайық. Бәрі де тиісті міндетіне жанашырлық, жауапкершілік байқатады. Кәсіптік мейрам қарсаңында еңбеккерлерімізге, бүкіл ауылдастарымызға денсаулық пен амандық, ел игілігін, отандық өндірісті, мемлекеттің экспорттық әлеуетін нығайтуды көздеген қиын да мәртебелі еңбекте толағай табыс тілеймін.
Жазып алған Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ.