НЕГІЗГІ НИЕТ – ЕЛГЕ ҚАМҚОРЛЫҚ

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин 18 қарашада, жексенбіде, Ерейментау ауданына келді. Облыс басшысының әлеуметтік желідегі парақшасына зер сала отырып, өңір тұрғындарының көптеген өзекті мәселесін шешуге арналған жұмыс сапарының нәтижелері туралы ақпар алдық. Айта кететін жайт, мәртебелі мейманның аудан мен қалаға келген сапарында аудан басшысы Виктор Радченко бірге еріп жүрді.
Үстіміздегі жылы облыстық бюджеттің есебінен Үмбетей жырау атындағы аудандық мәдениет үйі жөнделді. Ғимараттың жылумен, ауыз сумен жабдықтайтын, өрт дабылы желісі толық айырбасталды, өзге жұмысы тындырылды. Жалпы бұл мақсатқа 145 миллион теңге бөлінді.
Ерейментау қаласында жеке кәсіпкердің иелігіндегі Теміржолшылардың мәдениет үйіне аялдады. Жаңағы ғимаратта келешекте тарихи-өлкетану музейі қоныстанбақ. Оны сатып алу құнына қатысты мәселе талқыланды.
Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында жүктелген тапсырма шеңберінде өңірімізде заманауи дене тәрбиесі-сауықтыру кешенінің құрылысы қолға алына бастады, Жалпы құны 338 миллион теңгелік, аумағы 2 мың шаршы метрден асатын ғимаратта екі бассейн, мини-футбол, баскетбол, волейбол ойнатылатын әмбебап зал, тренажер және күрес залы жоспарланған. Жаңа спорт объектісінің төңірегін көріктендіруге арналған жобаға сәйкес workout алаңының құрылысы да қарастырылған. Бұдан бөлек, аудан орталығында жаңа спорттық-сауықтыру кешеніне тікелей жақын қоныстанатын көппәтерлі үш тұрғын үйдің құрылысы ойластырылуда.
Көлік инфрақұрылымын дамытуға арналған мәселе бөлек қаралды. Қоржынкөл стансасының тұрғындары бұған дейін «Астана-Павлодар» республикалық трассасының келесі жағына жетуге, мал айдап өтуге мүмкіндіктің жоқтығына шағымданған еді. Бүгінгі таңда бұл мәселе шешімін тапты – технологиялық өткел салынды.
Аудан тұрғындарының тағы бір анағұрлым маңызды мәселесі шешілетін болады. Ерейментау ауданының Торғай елді мекенінің жанында жаңадан салынған жылыту бекеті 30 қарашада сапардағы жолаушыға өз есігін айқара ашады. Бұл мекеме қыстың қатты боранында, трасса жабылған сәттерде көлік иесі мен сапарластардың қоныс орнына айналады. Ғимараттың жалпы құны -783 миллион теңге. Үш қабатты жаңа үйдің бірінші қабатында арнаулы қызмет кезекшілері, дәрігерлік кеңсе, 36 орындық асханасы, екінші қабатында 50 төсек-орындық қонақ үйі бар. Үшінші қабатындағы бөлмелері әкімшілік мақсатқа арналған. Жылыту орны автономиялық қазандықпен, орталық ауыз су желісімен қамсыздандырылған. Төңіректе 10 көлік қоюға лайықты жылы гараж, төтенше жағдайда адамдарды шұғыл құтқару қажет болғанда ұшақ келіп қонатын алаң, 132 көлікке есептелген, асфальтталған автотұрақ бар.
Жақын арада аудан тұрғындарының тағы бір маңызды мәселесі шешіледі. Келесі жылы «Астана-Павлодар» тас жолынан Ерейментау қаласына кіретін екі жол салуды көздейтін ауқымды жұмыс жоспарланды. Көріктендіруге 320 миллион теңге бөлінетін аудан орталығының да келбеті жақсарады, – деп деп жазыпты Ақмола облысының басшысы Мәлік Мырзалин.