ҚОЙНАУЫНДА ТЫЛСЫМ СЫР ТҰНҒАН ӨЛКЕ

«Қанжығалы» қоғамдық бірлестігінің бір топ өкілдері биылғы жылдың қараша айының басында Ереймен еліне танымал азамат Қоныс Әлімжановтың ұйымдастыруымен Шымкент, Түркістан, Тараз қалаларында тұратын ағайындардың арнайы шақыруымен Оңтүстік өңірге сапар шектік.
Көшбасшымыз – Сайлаубек Байболов. «Қанжығалы» шежіресін құрастырушы Ғалы Умаров, Целиноград аудандық «Ақмол ақпараты» газетінің редакторы, Қазақстанның құрметті журналисі Жанат Түгелбаев, сонау Қостанайдан Солдат Дүтбаев, ерейменнен Қайыркен Жақып, Ерболат Шахатов, әнші жігітіміз Талғат Смағұлов қатарымызды толықтырды. Жолбасшымыз Елордалық полиция қызметкері Қожабек Төреманов болды.
Оңтүстіктегі ағайындар Арғыннан тарайтын аталар екенін біліп жүрсе де, ғасырлар бойы қатарлас болғандықтан ба, өздерін Қыпшақ Қанжығалы деп атап жүрсе керек. Бертіндері жер-жерлерде халқымыз өзінің ата-тегін, этникалық тарихын білмек үшін шежіре жазбаларына үңілгенде шынайы ата тарихына ден қойған, Қанжығалы елі деп саналатын Ереймен жеріне екі дүркін сапар шеккен, рухани толқыныста жүрген туыстарымыз екен. Анығына келсек – бұл жақтағы қанжығалылар төрт ата болып тарайды. Бір тармағы Бөгенбай батырдың төртінші атасы Сарыдан, енді біреуі Андадан, енді бірі Бөгенбайдың Батырбек деген баласынан тараған. Бізді қарсы алып жүрген ағайындар – Бөгенбайдың Тоқтыбай баласынан өрбіген Құнанбай, Қоңырбай, Көбекбай аталарының ұрпақтары.
Қарсы алушы жақтың ұйымдастырушысы сексен бір жасты алқымдап қалған Солтанбек Төреманов қарт бастаған Базарбай, Разақ, Назарбай, Ғазиз, Ескендір, Жақандар біздерді Шымкенттің вокзалынан құшақ жая қарсы алды. Сол күні өздерінің арнаулы жоспары бойынша Серік Назарбайұлының екі қабатты заңғар үйіндегі таңғы дәмнен кейін Шымкент қаласын аралатты, Байдібек би ескерткішіне алып барды. Ескерткіштің орныққан жері – қаланың қақ ортасындағы биіктік екен. Сол жерден атақты би халқының бүгінгі тынысына көз тастап тұрғандай көрініс еріксіз ойыңа келеді екен. Солтанбек аға:
– Байдібек би атақты Ақсақ Темірмен замандас, шамамен 1356-1419 жылдары өмір сүрген. Дәулеті шалқыған бай, ұлысты басқарған парасатты би, әрі батыр болған. Үш әйелі болған екен. Марау (Сары бәйбіше), Зеріп, Нұрилә (Домалақ ана) әйелдерінен көрген Байтоқты, Жалмамбет, Тлеуберді ұлдарының ұрпақтары Сарыүйсін, Шапырашты, Ошақты, Ысты, Албан, Суан, Дулат ел басқарған, өздеріне аттас тайпаларды қалыптастырған, – деп ескерткішпен таныстырды.
Түс ауа, аға бастаған керуен Арыстанбаб кесенесіне аттанды. Қасиетті мекенге күн демей, түн демей зияратшылар ағылып келіп, тәуіп етіп жатады екен. Біз кештетіп барған күні де, жаңағыдай көріністің куәсі болдық. Күзгі каникулға шыққан оқушылар саны да әжептәуір екен. Арыстанбаб қабірінің осындай құрметке бөленуінің сырын білмек болдық. Бізді қарсы алған, қабір басына құран оқыған шырақшыны әңгімеге тарттық. Әңгіме барысында көңілге түйгеніміз: Арыстанбабтың XI ғасырда өмір сүрген, мұсылман дінін берік ұстауда көшбасшысы болған тұлға. Өйткені оңтүстікке толықтай орныққан кезеңде ислам дінін пайда табу, күнкөріс көзіне айналдыру үрдісі етек жайып, қоғамда мансапқорлық пен дүниеқұмарлық мықтап орын алса керек. Бұл зиялы қауым наразылығын тудырып, имандылықты іс жүзіне асыруға бел буған сопылық ағымды дүниеге келтіріпті. Игі іске Арыстанбаб пен оның шәкірті Қожа Ахмет Яссауиұлы көшбасшы болған. Арыстанбаб жайлы ең құнды деректер Қожа Ахмет хикметтерінде молынан кездеседі. Әсіресе, 90-шы хикметі түгелімен Арыстанбаб ұстазына арналыпты. Арыстанбаб кесенесі әулие қабірінің басына XII ғасырда орнатылған екен. Ол жөнінде бізге әңгіме шертіп отырған шырақшы тағы бір аңызды алға тартты. Қожа Ахмет кесенесінің қабырғасы кісі бойы қаланып қалған кезде, ғайыптан пайда болған бір алып өгіз көтерілген дуалдарды мүйізімен соғып құлатады. Қабырғалары қалпына келтірілгенде бұл оқиға тағы қайталанады. Бұл тосын көрініс кесенені салғызып жатқан Әмір Темірге үлкен ой салады. Түсіне кірген бір ақсақал Қожа Ахметтің ұстазы Арыстанбаб бейітінің үстіне мазар көтеруге әмір береді. Ақсақ Темір бірден бұл талапты орындауға кіріседі. Сөйтіп мазар салынып біткенде ғана Түркістандағы құрылыс тәмам болыпты.
Таң ата Арыстанбаб кесенесінің маңында, ауылдың шығыс жағында орналасқан, бүгінде «Отырар төбе» атанған, кезінде бүкіл шығысқа танымал болған, VI-VIII ғасырларда Сырдария өзенінің орта тұсындағы ірі мемлекеттің астанасы болған Отырар қаласының орнына аттандық. Көне қаланың қайта жөнделген қақпасының тұсынан қамал үстіне көтерілдік. Сол тұста төңіректегі қазба жұмыстарының үйінділерін көрдік. Сұлтанбек ағамыздың бұл тарихи қала туралы білетін әңгімесін тыңдадық. Естуімізше, Отырар алғашында – Фараб деп атаныпты. Бұл «парық», «парасат» ұғымын білдіреді. Өңірдің қолайы табиғаты халықтың шоғырлануына себеп болса керек. Солтүстігінде Қаратау, оң жағында Сыр, ауасы жылы, көктемі мен жазы көкорай шалғынды болып келеді. Сонымен қатар қаланың жылдам өсуіне «Жібек жолы» мол септескен. Отырарда үлкен медресе, базар, ұстахана, қонақ үй, мешіт, монша, сауда орны, ең үлкен кітапхана болған. Ол сол аймақтағы халықтардың сауда-саттық жасайтын, оқып білім алатын қара шаңырағына айналған. Қала екі қорғанмен қорғалыпты.
1220 жылы қала моңғол шапқыншылығының талауына түсті. Халық түгелге жуық қырылды. Қала қиратылды. Бірақ XIV ғасырдың орта кезінде қайтадан бой көтерді. Дегенмен өзінің гүлденген дәуіріне жете алмады. XVII ғасырдың екінші жартысынан бастап тағы құлдырай бастады, ақыры халқы кеткен қала топырақ үйіндісіне айналды.
Біздер үйінді қаланың төңірегіне көз жүгірттік, биіктігі 18-20 метрлік қала қорғанына таңданыс білдірдік, халқымыздың санғасырлық өткен тарихының куәгері Отырардың қырғынға ұшырағанына, керемет қала сапында бүгінгіге жете алмағанына қынжылдық. Ендігі бағыт – Түркістан қаласы. Ол Шымкенттен 150 шақырым жерде, Сырдарияның оң жақ аңғарында орналасқан, IV-X ғасырларда бұл жерде Шабғар деген қала болыпты. IX-X ғасырларда ол жақсы қалалар қатарына қосылған, Йасы атанған. XV ғасырдан бастап Түркістан атауын иеленді. Бұл қалада XIV ғасырдың аяғы мен XV ғасырдың басында Ахмет Йассауи кесенесі салыныпты. Сол кезден бастап қала түркі тілдес халықтардың діни орталығына айналды. XVII- XIX ғасырларды қазақ халқының саяси орталығы болса, қазіргі таңда Түркістан облысының орталығы мәртебесін иеленген.
Түркістанның батыс жағында орналасқан, алыстан өзінің зәулім көркімен көз тартып тұрған Қожа Ахмет Яссауи мазарына келдік. Автокөлік тұрағының алдындағы алаңшықтың оң қапталында қара мәрмәр тақта орнатылыпты. Оған қасиетті мазар маңында жерленген халқымыздың ғұламалары: хандардың, билердің, батырлардың есімі жазылған. Тақтадан 109-шы нөмірде Қанжығалы Бөгенбай есімін көргенде қуанып қалдық. Қожа Ахмет кесенесіне бет алдық. Жол бойы өзінің орасан биіктігімен салынған сәулетті сарайдың көркемдігіне еріксіз таңдандық. Тарихи ғимаратты салдырған Ақсақ Темірдің бұл қадамының түпкі себебін білуге асықтық. Ол жөнінде талай әңгімелер жазылыпты да. Сондай аңыздың бірінде Әмір Темір бала кезінде сиыр бағып жүріп түс көреді. Түсінде Ахмет Иссауи, Бахауадин, Жанабығауыс әулиелер жиналып, хандық туралы өз ойларын айтып жатыр деседі. Сонда Ахмет Иссауи: «Мен, Әмір Темірді ұсынамын, ендігі хан осы адам болсын», депті. Ұйқысынан оянған Ақсақ Темір атып тұрып қуанғанннан сиырын тастап бет алдына жүре береді. Бір кездері Самарқанд шаһарына кіре бергенде халық алдынан қарсы алып, хан көтеріпті. Сонда ол: «Осындай дәрежеге жетуіме себепкер болған Қожа Ахмет Йссауи әулие, сондықтан оның қабірін қалайда болсын тауып аламын, үстіне әлемде теңдесі жоқ ғимарат салдырамын», -деп ант берген екен. Бірақ әулие сүйегінің қай нүктеде жатқанын білмей қиналыпты. Көпті көрген бір қария: «Бір қора қойды осында айдап әкеліп иіргенде, әулие сүйегі жатқан жерді мал баспайды», деп кеңес береді. Шындығында солай болып шығады. Халық жадында сақталған осы аңыздың негізінде бір шындықтың бары анық.
Темірдің әмірі бойынша кесененің орталық күмбезі шеңбері қырық бір кезге мөлшерленіп, қалғаны осы күмбездің көлеміне лайық жоспарланады. Құрылысты басқару міндеті сәулеткер Убайдулла Садырға жүктелген. Жәрдемшіге исфахандық, шираздық, тебриздік шеберлер әкелінген. Жұмыс қолы өте көп болған екен, өйткені Яссыдан отыз шақырым жердегі Сауран шахарынан күйдірілген кірпішті қатар тұрған адамдар бір-біріне қолма-қол жеткізіпті. Әмір Темір әу баста бұл ғимаратты әулие-ақын құрметіне соқтырғанда, зиярат-тәуіп жасаушыларға да, дін жолына түсіп білім алушы шәкірттерге де, жағдайын ойластырған. Біз көрген қазандық атанған зал, бірінші, екінші қабаттағы бөлмелер сол шәкірттердің сабақ дайындайтын, демалатын бөлмелері болыпты. Мешіт атты бөлме де бес уақыт намаз оқуға арналған. Әзірет сұлтан қабірстанының қырлы күмбездері үш қабатты. Күмбезінің биіктігі 40 метр. Бізді таңқалдырған жәдігер, сонау Санкт-Петербургтен қайтадан жеткізілген Тайқазан еді. Суреттен ғана тамашалап жүрген бұл құндылық Әмір Темірдің арнайы тапсырмасымен Түркістанға жақын Атабай қыстағында құйылыпты. Құрамында темір, мырыш, қорғасын, қызыл мыс, күміс, қола, алтын бар бұл тайқазан сол заманда қолөнердің де керемет болғандығын дәлелдей түссе керек. Қазанды құйған тебриздік ұста Абдел Азиз ибн Сарбареддин деген жазу бар. Осындай зәулім кесене қалауға себепші болған Қожа Ахмет Яссауи кім еді? Ол 1103 жылы Сайрамда туып, 1166 жылы Түркістанда дүниеден өткен. Жасында Арыстанбабтың батасын алып, бұл дүниедегі рахаттан безіп тағдырға мойынсұнуды, барлық жақсылықты о дүниеден іздеуді насихаттайды. Соған лайық жұпыны киініп, сән-салтанаттан аулақ өмір кешеді. Сондықтан болар, көзінің тірісінде әулиелік атақ берушілер, киелі адам ретінде мойындаушылық көп болған. Жазған өлеңдері де халықтың ауыр қасіретін жырлауға, патша, арсыз әкімдердің зорлық-зомбылығын әшкерелеуге бағытталды. Авторлық шығармалары бүкіл түрік елдеріне тарап, халық жатқа айтатын жағдайға жетеді. Бұл ғимарат туралы әңгіме ұзақ, бірақ арнайы келген сапарымыздың тілеуі ретінде Бөгенбай батырға тағзым еттік те, арнайы бөлмеге жерленген батырлар бейітіне құран бағыштадық.
Біздерді осындай киелі жерлермен таныстырып жүрген Қанжығалы бауырларымыздың Түркістандағы қонақасынан кейін Таразға аттандық. Жол бойы оң жағында созылып жатқан Алатау мен сол жағында сонау «Ақтабан шұбырындыны» көз алдыңа келтіретін Қаратау сілемдері менмұңдалайды. Жол бойы әсем табиғаты мен тарихи ескерткіштерге толы оңтүстіктің кереметтері әңгіме арқауына айналды. Көтеріңкі көңіл-күймен жол бастаушыларымызға әлсін-әлсін рахметімізді жаудырып келеміз. Рульде отырған Назарбай бауырымыз Шәуілдір, Түлкібас, Тұрар Рысқұлов аудандары жайлы әңгімені айтудан жалығатын емес. Жол бойы Қажымұқан жерленген Темірлан ауылына арнайы аялдадық. Атақты балуан басына құран бағыштадық. Әрмен қарай алыстан көзге оттай басылған Тұрар Рысқұлов ескерткішінің басында Кеңес үкіметіне ерекше еңбегі сіңген, қоғам қайраткері, қазағымыздың біртуар азаматына тағзым еттік.
Ендігі барар жеріміз – Айша бибі кесенесі. Айша бибі Қараханидтер әулетінің негізін қалаушы Қараханның қалыңдығы. Екеуі Түркістан қаласында кездесіп, бір-бірін ұнатып, өмірлік серік болуға уағдаласады. Жаугершілік заман болса керек, тұс-тұстан анталаған жаумен арпалысып жүріп Қарахан уәделескен уақытында ғашығына бара алмай қалады. Ақыры шыдамы таусылған, Қараханның мекені Тараз қаласына өзі іздеп баруға бел байлаған Айша бибі күтушісі Баба-хатунмен жолға шығады. Бірнеше күн жол жүріп, Тараздың төбесі көрінгенде жуынып-шайыну ниетімен өзен жағасына тоқтайды. Салқын судан денесі сергіп шыққан бойжеткен күтушісі тамақ әзірлегенше дем алмақ болып, арнайы төселген төсенішке қисайып, маужырап ұйықтап кетсе керек. Ұйқыдан жыланның шаққан уытымен шошып оянады. Бірден Қараханға хабар жібереді. Қарахан жеткенше Айша бибінің жаны үзіліп кеткен екен. Қан жылаған Қарахан, өзімен бірге келген тәуіп молдаларға өлі Айшамен некесін қиғызып, арманда қапы кеткен қалыңдығына әсем күмбез орнатқан екен. Шырақшының бізге жеткізген осы бір қысқаша мағлұматына риза болған біздің топ ғашықтар махаббатының өшпес белгісіндей болып тұрған бұл күмбездің ішіне кіріп Айша бибі ханымның аруағына құран бағыштады. Дәл қасында Бабыжан қатын немесе Бабұжін анаға да Қарахан күмбез орнатқан екен.
Бұл кезде Тараз маңы кешкі қараңғылыққа түсе бастаған еді. Топ бастаушылар біздерді Разақ бауырымыздың қос қабатты зәулім үйіне жетеледі. Дәм үстінде айтылған, халқымыздың өткен дәуір өмірі қамтылған аңыз-әңгімелер сапарымыздың рухани болмысын толықтыра түсті.
Ертесіне таң ата Тараз қаласының тағы бір кереметі – Талас өзенінің оң қанатындағы биік жардың ең биігіне Тектұрмас атаға қойылған кесенеге жеттік. Ол әулие Қарахан тұсында әскербасы, жасауылбасы қызметін атқарыпты. Өз қызметін атқаруға шыққанда қара жолдың үстіндегі жолаушы, керуен біткенді түгел тексерістен өткізеді де, көңіліне жақпаған жүргіншілерді өз бетінше жазалап, шара қолданады деседі. Халыққа да тыныштық бермей, өзі де тыным таппай жүргендіктен көпшілік Тектұрмас атандырыпты. Тектұрмас ұрпақтарының ішінде өзінің батырлығымен ерекше көзге түскен Мәмбет батыр жайлы да қонымды әңгіменің куәсі болдық. Мәмбет батыр Абылайханмен бала кезден дос болыпты. Бірақ араларына бір кірбің түсіп, біраз жылдарға үзіліп қалса керек. Абылай сұлтан болып, орта жүзге хан болғанда Мәмбетке арғын жерінен керемет сұлу қызды айттырған екен. Қазақтың салт-дәстүрімен атқарылған бұл іс-шараны Мәмбет те құп көрген, араға жыл салып қалыңдықты келесі жылы алып кетуге уәделесіп, еліне қайтады. Жаугершілік заман бұл уәдесіне кедергі болып, араға екі жыл салып Абылай жеріне жетеді. Сөйтсе қалыңдығы жүкті болып қалған екен. Мәмбет сөзге келместен, қалың малының қайтарымын сұрамастан, соңына ерген нөкерлерімен кері қайтады. Көрікті қыз өзіне ғашық боп жүрген келбетті қойшы баламен байқаусызда жолығып қалғанын Абылай сонда біліп, екеуін қосып жібереді. Араға жылдар салып, жауға қарсы соғыс мәселесі жөніндегі үлкен бір жиынды аяқтаған кезінде өзіне ренішті болып жүрген батырын Абылай шақыртып алып, жап-жас керемет көркем сұлу қызға қосып аттандырып жібереді. Қалыңдықтың күтушісі ретінде біраз адамдарды да қоса жібереді. Жол бойы Мәмбет қалыңдығының қасындағы күтуші келіншектің өзінің алғашқы айттырған қызы екенін танып, болған уақиғаға Абылайдың еш қатысы жоғын анықтап, Абылайдан кешірім сұрапты. Әрине, бұл аңыз әңгіме, бірақ Мәмбеттің батырлығы, оның Ұлы жүздің бас батыры болғандығы, Абылайдың сондықтанда Мәмбетке деген ерекше көзқарасы осы бір халық аузында қалған әңгімеден де сезіліп тұр емес пе. Тектіден текті өрбиді демекші, бізді ескерткіштермен таныстырушылар Мәмбеттің Байзақ датқа аталған баласы жайлы да қонымды әңгіме шертті. Байзақ Мәмбетұлы 1789 жылы дүниеге келіпті. Ұлы жүз құрамындағы Дулат тайпасының Шымыр тармағынан. Жасынан шешен билер ел басқарған кісілердің жанында жүрген. Өсе келе ауыл ағасы, жүзбасы, мыңбасы болған. Ел сыйлаған, абырой-атағы дарыған Байзақты Қоқан бектері оны датқа, би етіп сол өңірді басқартады. Бірақ Байзақ қоқандықтардан құтылу үшін Ресейге қосылуды жөн көреді. Өзінің баласы Ақмолданы бір мыңдай жасақпен Әулиеата бекінісінде шоғырланған орыс әскерлеріне жібереді. Сонда Шоқан Уәлихановпен, генерал Черняевпен танысады. Мұны сезген қоқандықтар 1864 жылы оны алдап Шымкентке шақырып алып, тірідей балталап өлтіріп, денесін өртеп, күлін зеңбірекпен аспанға атады. Кейін ағайын-туыстары Байзақ датқаның жалғыз шынтағын тауып алып, еліне апарып жерлейді. Бүгінде оның басына ұрпақтары әсем күмбез орнатыпты. Осы биіктен төменде сарқырап ағып жатқан Талас өзенінің көркемдігі еріксіз таңдандырды. Өңір тарихынан хабардар Ғалы Умаровтан Талас атауының сырын сұрадық. Жамбыл гидромелиоративтік институтының түлегі Ғалы ағамыз өзінің Тараз ескерткіштерін талай аралағанын айтып, тағы бір әңгіменің тиегін ағытты. Қазақта Талас есімді батыр болыпты. Ол қырғыз батыры Манаспен дос екен. Бірде Манас жаудың бетін қайтарып келе жатып, Талас батырдың ауылына аялдайды. Қаруласының шаршап-шалдыққан жағдайын сейілту мақсатында Талас оны нөкерлерімен қырық күн ойын өткізіп көңілін ауласа керек. Қайтарында Манас батыр өзін аттандырып тұрған жолдасынан алдарында ағып жатқан өзеннің атын сұрайды. Талас батыр өзеннің Дала су деп аталатынын айтады. Сонда Манас батыр:
– Е, батыр, бұл өзен Дала су болғанша, Талас су болсайшы. Бұдан былай бұл өзеннің аты жаңаша аталсын! – деп жолға шыққан екен, – деп ағамыз әңгімесін аяқтады.
Ендігі бағытымыз – көне Тараз қаласының көрінісін тамашалау. Қалаға жасалған археологиялық жұмыстың ауқымдығы бізді таңқалдырды. Аумағы екі гектардай жерді алып жатқан көне қазбалары, ата-бабамыздың өткен ғұмырын көз алдыңа айнадай ғып әкеп бергендей. Көлемі жалпақтау қыш кірпіштен қаланған үй қабырғалары, әр үйдің қасында арнайы қазылған құдық, су ағызуға қолайлы қыш құбырлары кешегі қайнаған өмірдің куәсіндей. Екі қабатты музейінде қалаға қатысты жәдігерлер мол жинақталыпты. Сол деректерге көз жүгіртіп, тарих беттерінде жазылып жүрген мағлұматтарды бойымызға сіңіргендей болдық. Тараз VII ғасырдан бастап Ұлы жібек жолы бойындағы ірі қалалардың біріне айналған. Ал X-XII ғасырларды қала өзінің гүлденген кезеңіне жетіпті. Зәулім үйлер, керуен сарайлар пайда болған, көшелеріне қыш төселіпті. Теңге соғатын ұстаханалар көбейіпті. Әсіресе күмістен неше түрлі әшекей бұйымдары жасалыпты. Бірақ XV ғасырдан бастап құлдырай бастаған. Бірте-бірте халқы азайып, қала кішірейіп XVII ғасырда шағын елді мекенге айналса керек. Ал XVIII ғасырдан бастап бұл қалашық Әулиеата атана бастаған. Сапар барысында «Қазақ хандығының 550 жылдығы» құрметіне орай қойылған Керей-Жәнібек ескерткіштеріне тағзым еттік. Мәңгілік есте қалар бұл саяхатты ұйымдастырушылар өздерінің қонақжайлығын танытты. Тіпті біздің келуімізге орайластырып, Назарбай есімді азаматтың немересі Ерсайынның тұсаукесер, Разақ бауырымыздың немерелері Ұлағат пен Асылжанның сүндет тойын өткізді. Бір жағынан бұл бабалар тарихының жалғасы, халқымыздың ғасырлар бойы бойына сіңіріп келе жатқан ата-дәстүрдің жоғалып кетпей, Тәуелсіз Қазақстанымыздың болашақ жеткіншектеріне жасалып жатқан іс-шара деп қабылдадық. Сөйтіп оңтүстік өңірдің мол тарихынан құнды рухани азыққа қанығып, елге қайттық.
Манап ӘДІРЕШЕВ, Ерейментау ауданының Құрметті азаматы,
өлкетанушы.