ОРИГАМИДІҢ НЕ ЕКЕНІН БІЛЕСІЗ БЕ?

Сілеті ауылына барған бір іссапарымда таңғажайып адаммен таныстым. Алайда бәрінен бұрын қайран қалдырған, жақын әңгімелесуге итермелеген қол еңбегіне көзім түсті. Мектеп директоры Дана Теміршотқызы Иманбалинованың үстеліне түрлі-түсті қағаздан әзірленген тотықұс қондырылыпты. Жаңағы еңбектің авторымен таныстыруды өтіндім. Ол Сілеті орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Оксана Викторовна Кичайкина болып шықты. Жалпы педагогикалық еңбек өтілі – 13 жыл. Ұстаз қол еңбегі, сурет сабағында баланың қол қимылын дамытуға, қоршаған орта әсемдігін түйсіну қабілетін жетілдіруге, қағазбен, қайшымен, желіммен қауіпсіз жұмыс әдістемесін үйретуге ден қойды. Түрлі құралды қағаз бұрағыш квиллингті пайдаланып, жапсыра желімдеуге, гофрирленген қағазбен жұмыс істеуге, осы материалмен өзге жұмыс түрлеріне назар аудартты. Өзге жанмен бөлісуге лайықты шеберлік те біртіндеп шыңдалды. Оған түрлі бұйымдары да жан-жақты септесіп тұр. Оксана Викторовна бүгінгі таңда жүргізетін «Шебер қолдар» үйірмесіне 2-9 сынып оқушылары ықыласпен жиналады. Тәлімгер сабағында түрлі-түсті қағаздан модульді оригами әзірлеу технологиясын таныстырады, үйретеді.
Ескерерлік жайт, оригами сөзі жапон тілінен аударғанда «құрастырылған қағаз» ұғымын береді. Бұл техника декоративті-қолданбалы қағаз өнерінің барынша кең танылған түрі. Әрбір бұйым бірегейлігімен, әсемдігімен, қайталанбас көркімен дараланады. Қағаздан фигура жасалымы шығармашылыққа толы қиын еңбек. Іс барысында оқушылардың шығармашылық қабілеті, ой-қиялы, логикалық түйсік-пайымы қалыптасады. Талантты жас тәлімгермен әңгімелескенімізде, қандай материал қолданылатынына, егер қағаз болса, онда оның қандай екеніне қызығушылық таныттым. Негізінен кеңсе қағазы игілікке жаратылады. Өйткені ол барынша қатты әрі пішінін жақсы сақтайды. Ой-қиялға қарай газет қағазы да, жылтыр журнал қағазы да, қарапайым дәптердің өзі жарай береді. Жапсырып жымдастыруға арнаулы әлде ПВА желімі септеседі. Ол қағазда із қалдырмайды, жылдам тазартылады. Белгілі түске келтіруге түрлі-түсті қағаз әлде аэрозольді бояу қажет. Жалпы материалмен жұмыста белгілі бап-тәсілі баршылық.
Қоса қызықтырған жайт: оригамидің қандай түрі бар екен? Ол өте көп болып шықты. Оксана Викторовна да барынша танылған түрін атап берді. Тіпті бір кездері мектепте өзіміз қағаздан жасаған гүл, тырна, көлбақа да бар. Модульді оригами дегеніміз – белгілі дайын қағаздан құрастырылатын шар, себет, ауқымды мүсіндер. Оған қоса ұшақ, кусудами, шар үлгісіндегі ауқымды фигура – аэрогами, қайшы арқылы әзірленетін мерекелік ашық хат – киригами баршылық. Біз шығармашылыққа ден қойған ұстазға риза болдық, келешекте әлі тың жаңалық күтетінімізді айттық. Өнер-білімге әуес шәкіртпен жұмыста табыс тіледік.
****
Адамдар шығармашылық өнер арқылы көбінесе қоршаған ортаға өз көзқарасын аңғартады, оны қолөнер бұйымы арқылы сипаттап жатады. Мысалы, Надежда Борисовна Мироненко өте қайырымды, кішіпейіл жан. Қаламыздың дәрігерлік-педагогикалық коррекция кабинетінде даму деңгейі «ерекше» балалармен ұзақ жыл қызмет атқарады. Квиллинге әуестенеді. Әуелі қағазды бұрайды да, ізінше дайын бұйымын аэрозольді сырмен бояйды. Осылайша таңғажайып зат жасайды. Замандасымыздың қолөнер өнімі көбінесе қыз-келіншектерге лайықталған. Қобдишасын, себетін өз басым өте ұнаттым. Қағаз моделіне қоса ілмекпен тоқыма тоқу құпиясы мен әдістемесімен де бөлісті. Надежда Борисовна, өз әріптестері тәрізді, жан жылуын, мейірім шуағын баршаға ықыласпен арнап келеді. Егер коррекция кабинетіне бара қалсаңыз, онда түрлі тәсілмен даярланған әркелкі оригами бұйымын тамашалайсыз. Бірден көңіліңіз де жадырап сала береді.
****
Тағы бір қолөнерші келіншектің бұйымын «Ақмола жұлдыздары» облыстық халық шығармашылығы байқауындағы көрмеде көзім көрді. Авторы – қаламыздың тұрғыны Людмила Васильевна Неевина. Өнер иесі өз кәсібіне сапасы әркелкі материалды пайдаланады. Үйге арналған, матадан, паклиден, жасанды гүлден даярланған тартымды да нәзік бойтұмар жан баласын қызықтырады. Дегенмен қағаз бұйымына көбірек аңсарым ауды. Қағаз бұрағыш құралды пайдаланған кейіпкерім түрлі бұйымды қызығушылықпен жасап шығарады. Осыдан екі жыл бұрын құрастырған қағаз велосипеді өте ұнаған еді. Ойлағанын жүзеге асыру үшін қаншама уақыт, ой-қиял, логикалық қабілет қажет десеңізші?!
Айналаға мұқият зер салсаңыз, ауқымды танымдық шараны, отбасылық той-мерекені безендіретін, үйдің сәнін келтіретін көрікті де тартымды «ұсақ-түйек бұйым» қаншама? Олардың бәрі он саусағынан өнер тамған шеберлердің өнімі. Жаны сұлу, өнерге жақын әйелдер: Оксана Викторовна Кичайкина, Надежда Борисовна Мироненко, Людмила Васильевна Неевина қоршаған әлемді әсемдік шуағына бөлеп келеді. Оған қағаз өнеріне әуестендірген табиғи дарыны молынан септесуде.
Раушан НҰРҒАЗИНОВА.
Суреттерді түсірген автор.