ҰРПАҚ БАР ҒАЛЫМДАРДЫҢ ІЗІН БАСАР!

Аудан әкімінің жүлдесіне, танымал ұстаз, математик, елге сыйлы тәлімгер Балташ Сыздықұлы Дүйсеновты еске түсіруге арналған ІІ аудандық олимпиаданың ашылуын, өткізілімін негіздейтін мақаламды қазақтың ұлы ойшылы, ақыны Абай Құнанбаевтың сөзімен бастағым келеді. «Адамдар бір-бірінен келесідей қасиеттерімен: ойлау қабілетімен, білімімен, ар-намысымен, мінезімен ерекшеленеді», деген екен дана ғұлама.
№2 орта мектеп-лицей ғимаратында өткен жаратылыстану-математикалық бағыттағы аудандық олимпиаданың тұсаукесер рәсіміне қала мен аудан мектептерінен 22 оқушы қатысты. Пән білгірлеріне құттықтау лебізін арнаған аудан әкімінің орынбасары Абай Әлжанов елдің келешегі зияткерлік қабілеті мықты шәкірттің қолында екенін айтты. Жаңа технология мен цифрландыру ғасырында дәл осы бағыттағы мамандарға сұраныс анағұрлым кең болмақ дей келе, білімділер бәсекесінде баршасына толымды табыс тіледі.
Дүйсеновтер әулетінің атынан Балташ Сыздықұлының немересі Әнел Мұқатова сөз сөйледі.
Әлихан Жепенов пен «Ақбұлақ» қобызшылар тобы өз теңдестеріне сазды сәлем арнады. Әдістемелік кабинет меңгерушісі Қатима Әубәкірова оқушыларға жалпы төрт пәннен: физикадан, математикадан, химиядан, биологиядан екі тілде өткізілетін олимпиада тәртібін түсіндірді. Материалды «Нұр Орда» халықаралық қазақ-түрік лицейі даярлаған, әділқазы құрамында – осы лицейдің оқытушылары.
Ізінше түрлі мектептен келген кездесуге қатысушылардың өздеріне сөз берілгенде, музейге жасалған экскурсия, қызықты бағдарлама ұйымдастырылғаны үшін алғыс лебізін арнады, өз қарсыластарына сәттілік тіледі.
Келесі күні негізгі төрт пән бойынша жеңімпаздардың есімі белгілі болды:
Математика – 1 орын Тамерлан Әлмағанбетов, №2 ОМЛ, 7 сынып, 2 орын – Нұрбек Лашын, Еркіншілік ОМ, 7 сынып, 3 орын – Тохтархан Жұмабек, №4 ОМ, 7 сынып.
Биология – 1 орын Эльмира Шайнурова, №2 ОМЛ, 8 сынып, 2 орын – Евгений Шевченко, Еркіншілік ОМ, 8 сынып, 3 орын – Дарья Гапеева, №3 ОМ, 8 сынып.
Физика – 3 орын – Еркебұлан Синтиков, №2 ОМЛ, 9 сынып.
Химия – Михаил Дробот, №3ОМ, 9 сынып.
Өзара жақын араласқан, олимпиадаға қатысқан екі күннің ішінде балалар тіпті бір-біріне бауыр басып қалды. Қазақстан ғылымының тарихынан көптеген қызықты жаңалыққа қанықты. Қаныш Сәтпаевты кеңес академигі, геолог, ғылымды ұйымдастырушы, қоғам қайраткері ретінде еске түсірді. Ол кеңес металлогения ғылымының, қазақстандық салалас мектептің негізін қалаған айтулы тұлға. Әлімхан Ермеков – қазақтың қоғам қайраткері, «Алаш» партиясының негізін құрған жанның бірі, қазақ арасынан алғаш шыққан профессор-математик. Зейнолла Молдахметов – химик, химия ғылымдарының докторы, Қазақ КСР-ы ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген ғылым қайраткері, органикалық синтез және көмір химиясы институтының директоры.
Аудан әкімінің жүлдесіне арналып өткізілген ІІ аудандық олимпиада аудан мектептерінде әдеттегі балаға қиын тиетін пәнге әуес, жүлдеге әбден лайық оқушылардың бар екенін көрсетіп берді. Ал мәреге ілікпегендерге келесі жылы бағын сынауға лайықты дәрежеде білімі мен ой-өрісін кеңейтуге әлі де уақыт баршылық.

Раушан НҰРҒАЗИНОВА
Суретті түсірген автор