ТЕГІН ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТІЛІМІ

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде «Заңгер кеңес береді» республикалық акциясы өтті.
Игі шараның түпкі мақсаты халықтың құқықтық зерделілігін нығайтуға, көпшілікке заңгерлік кеңес беруге арналған. Акцияға өңірлік әділет басқармасының басшысы Данагүл Мұқышева, осы мекеменің жетекші мамандары қатысты. Қабылдауға бұл жолы 4 адам келіп жолықты. Алма Қайырова ЖШС шағын кәсіпорнын ашқызуға, тіркетуге қатысты сауал қойды. Майра Нығметова үй-жай тіркелімі мен техникалық дерек өзгерісі негізінде ақылдасты. Әсел Шәймерденова әлеуметтік жәрдемақыға жергілікті атқару органына тапсырылатын, алимент алмайтыны туралы анықтама алу мәселесін қозғады. Айгүл Құдабаева ЖШС басшысы ауысқан жағдайда қажетті құжат мәселесін негізге алды.
Жерлестеріміздің барлық сұрағына тиісті құқықтық анықтама берілді. Қабылдауға келген жандарға Қазақстан Республикасының заңнама қағидалары түсіндірілді. Тиісті құжатты қайта ресімдетуге қатысты жекелеген мәселені біртіндеп шешуге тұжырымды кеңес берілді. Жиі қойылатын сұрақтың бірі ата-ананың бала күтіміне алимент төлемеуімен орайласады. Данагүл Мұқышеваның айтуынша, адамдар алимент төлемес үшін әртүрлі қулыққа барады: нақты табысын жасырады, мүлкін өзге адамның атына ауыстырады. Акция барысында ақылдасып үлгермегендерге партияның қоғамдық қабылдауында есік әрдайым айқара ашық.
Игі шараның пайдасы мен қажеттігін тұжырымды кеңес алып шыққан әрбір жан толық растайды. Республикалық акцияға көшбасшы партия аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Медеу Әбжіков жетекшілік етті.
Людмила МАРКОВА.