ӨЗАРА СҮЙЕМЕЛДЕУ

Қылмыстық жазасын өтеп келген, бүгінде пробация қызметінің есебіне алынған жандарды әлеуметтік тұрғыда және өзге сипатта сүйемелдеу ісі жергілікті атқару органдарының, жалпы жұмыс орындарының ортақ парызы.
Аудан әкімінің орынбасары Абай Әлжановтың төрағалығымен, аудан прокуроры, аға әділет кеңесшісі Қанат Әмриннің қатысуымен өткен ақылдастар алқасының жиыны жаңағы өзекті мәселені бірлесіп талқылады.
Адам баласы бұл өмірде алғаш рет кездейсоқ қателесті. Соттың үкімімен белгілі бір мерзімге қоғамнан аластатылды. Бұл кісілер, әлде мерзімінен бұрын, әлде жағымды амалымен бостандыққа шыққаннан кейін тұрғылықты жерінде есепке алынады да, құзырлы орындардың, пробация қызметінің есебіне ілігеді. Жерлестерімізбен жүргізілген жеке әңгіме комиссияға қазіргі кәсібін, болашақ ой-жоспарын, тұрмыстық жағдайын, өмірден өз орнын табу ретін білуге септесті. Сәйкес негізде қоғамға кірігуі, келешек баянды тірлігі үшін дұрыс жолға түсуі жұмыс берушілердің, жергілікті учаскелік уәкілдердің, атқару билігінің бірлескен іс-қимылына тікелей тәуелді. Лайықты жалақы төленетін жұмыс орны квотасының кеңейтілімі мәселе түйінін оң шешудің қолайлы әдісі. Кәсіпкерлер палатасының филиалы арқылы келешекте оларды қаысқамерзімдік курсқа қабылдауға, оқытуға, өз кәсібін ашатындай деңгейде несие ұсынуға әбден болады. Өйткені бұл кісілердің де еңбек етуге, толыққанды өмірге қайта оралуға құқығы баршылық. Дәл осы қағидалар комиссия өкілдері ойланатын тақырыпқа айналды.
Жасөспірімдердің ісі жөніндегі комиссияның есебіне алынғандарға қатысты мәселе түйінінің шешімі ювеналды полицияға жүктелетін маңызды міндеттің бірі. Аудандық білім бөлімі де өз өкілеттігі шеңберінде бұл іске біркелкі дем беруі, өтініш түскенде жасөспірімді, қамқоршысын, ата-анасын қабылдайтын арнаулы бөлме ашып беруі тиіс.
Аудан прокуроры комиссияға шақырылған өкілдердің бәріне Қазақстан Республикасының «Ізгілендіру туралы» Заңына сәйкес, келесі 2019 жылы қамау орындарынан босатылатындарды әрмен қарай жұмысқа алатын квотаны алдын-ала межелеуді ұсынды. Жаза басқан жандардың құқығын қорғаумен орайласқан іс ұдайы тиянақты, ұқыпты, сөзбұйдасыз, ақылмен шешілуі шарт. Адам құқығына арналған халық арасындағы түсіндірме жұмысы жалпы көпшіліктің құқықтық сауаттылығын жетілдіруге негіз болады.
Әңгіме тәмамдалғанда шаршы топтағы басшыларға әрмен қарай орындалатын тапсырма жүктелді, келесі 2019 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.

Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ.