ҮЗДІК МЕРГЕНДЕР АНЫҚТАЛДЫ

Ауданымызда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған шаралар басталды.
Төлеу Шаханов атындағы №3 орта мектепте 13-17 жастағы оқушылардың арасында пневматикалық винтовкадан оқ атуға арналған спартакиада ұйымдастырылды. Шаршы топқа 13 команда жиналды. Әрқайсысына 2 ер бала мен 1 қыз қосылды. Ол жөнінде бізге аудандық білім бөлімінің спорт жөніндегі әдіскері Мұрат Уажанов хабарлады.
Жарысқа қатысушыларға екі жаттығуда: нысанаға тура көздеп және еркін атуға шарт қойылды. Әрбір мергенге нысананы дәл бағдарлап алу үшін сынамалы 3 атысқа мүмкіндік берілді.
Ақтық нәтижеде ер балалардың арасында Новомарковка орта мектебінен Тукен Асылтас бірінші орын алды. №1 орта мектептен Айдос Мұстафин екінші, Еркіншілік мектебінен Бейбіт Тлеком үшінші тұғырға көтерілді. Нәзік жандылар да өз қабілеті мен толымды нәтижесімен дараланды. Новомарковка орта мектебінен Дильназ Қабыкеева, Бөгенбай мектебінен Бақыт Март, Еркіншілік мектебінен Олжабек Ырысгүл мақаламызда аталу ретімен жүлделі үш орынды бөлісті. Жалпыкомандалық есепте жүлдеге қол жеткізгендер: Новомарковка орта мектебі (топ жетекшісі Ж.Мұқатов) – 1 орын; №3 орта мектеп (А.Цемко) – 2 орын; Еркіншілік орта мектебі (К.Кәрімжан) – 3 орын. Айта кететін жайт, спартакиадаға қала мектептеріне қоса Тайбай, Өлеңті, Бозтал, Ақмырза, Торғай, Сілеті, Бестоғай мектебінің оқушылары да қатысты. Жүлделі орын иегерлері аудандық білім бөлімінің грамотасымен көтермеленді.

Раушан БАРЖАҚСЫ