ЖАҢАРТЫЛҒАН ЖҮЙЕ – УАҚЫТ ӨЗЕГІ

Уақыт ағымына қарай сабақ оқытылым үдерісіне де, ұстаздар қауымының жұмысына да, жаңартылған жүйе кеңінен енгізіліп келеді. Бұл Елбасының Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бәсекеге қабілетті, зерделі де терең білімді ұрпақ оқытып-тәрбиелеуді, келешекте дарынды балаларға жоғары оқу орнында грантпен білім алғызуды негізге алған тапсырмасының бір парасы.
Пән мұғалімдері деңгейлік оқыту әдістемесіне қоса қолдағы техникалық құралдар арқылы оқушысының сабақ тақырыбын терең меңгеруіне ықылас танытуда. Жуырда өзіміз білім алып жатқан қаламыздың Төлеу Шаханов атындағы №3 орта мектепте арнайы ашық сабақ өткізілді.
Сыныбымызда тиісті кесте бойынша өтетін кезекті пәніміз – Математика. Тақырыбы: «Аралас сандарды қосу және азайту». Ұстаз ағайымыз, тәжірибелі маман Ермұқан Жапабаевтың ұсынысымен бес топқа бөліндік. Іле интерактивті тақтамыз, ноутбук-компьютер іске қосылды. Бізге берілген сұрақ-есептің шешуі жылдам табылып жатты. Алғыр топ сәт сайын қаламақы ретінде бір-бір постерді иеленді.
Бөлшектің түр-түріне: жай бөлшекке, дұрыс және бұрыс бөлшекке қатысты мұғалімнің қайған сауалдарына да жеке-жеке жауап бердік. Әр бөлшектің негізгі қасиеттеріне де жете қанықтық. Тақтаға шақырылған әрбір тобымыздың өкілі сабақтың басында алдын-ала сұрағына жауап берді. Бізбен бірге бір сыныпта оқитын отандас құрбымыз да қатарынан қалыспай, сабаққа белсене қатысты, тақтаға шақырылғанда шығарған есебінің мазмұнын таза мемлекеттік тілде толық талдап, түсіндіріп берді, шағын тобымыздың ұпай қоржынын еселеді. Берілген бөлшектің бөлімі мен алымын дәл, негізгі түрлерін ажыратуға, жалпы қасиетін сипаттауға қызығушылықпен ықылас қойды. Нақты анықтама берді. Дәптерге қосымша шығарылған есеп арқылы бөлшектің қасиеттерін өздігінен жетік ұғынуға, сабақтың тақырыбын, тиісті материалды толық меңгеруге мүмкіндік алдық.
Сабағымыз аяқталуға жақын қалды. Тақырыбымыз пысықталар сәтте ағайымыз әр топқа қосымша тапсырма берді. Өз орнымыздан оның қалай орындалғанын мәлімдедік. Қойған сұрағына жауап қайтардық. Сабақтың әр кезеңінен алған әсерімізді, жалпы не ұққанымызды қолма-қол постерімізге пікір ретінде жазып отырдық. Тағы бір қызықты жайт, мәрелік сәтте тақтаға шабаданның, еттартқыштың, қоқыс қабының суреті ілінді. Ұстаз пікір жазылған постерімізді жаңағы үш суреттің біріне жапсыруымызды ұсынды. Бәріміз жарыса жапсырып жаттық. Тіпті ортақ ойымыздың бір жерден шыққанын өзіміз де аңғармай қалдық. Шабаданды лық толтырып тастаппыз. Математиктын ашық сабағының өз мақсатына жеткенін, бір күнгі еңбегінің жанғанын байқататын құптарлық көрініс. Электронды журналға қойылатын біздің бағамыздың да жақсы болатынына үміт сезімімен үй тапсырмасын алдық, қоңыраудың соғылуын, келесі сабағымыздың басталуын күттік.
Жаңартылған жүйенің тиімділігі мен нақты қасиеті осындай. Келешекте де, жалпы осы оқу жылы бойы, математика пәнінен әлі талай қызықты жаңалыққа молынан қанығатынымызға, пән маманының түрлендірілген әдіс бойынша жоспарланған әрбір сабағынан мол мағлұмат алатынымызға үміттіміз.

5 «Ә» қазақ сыныбының оқушылары.