«ЖАС ФЕРМЕРЛЕР» КЛУБЫНЫҢ ЖЕТІСТІГІ

Бізге жеткен қуанышты жаңалық: Новомарковка орта мектебінің «Жас фермерлер» клубының өкілдері жастардың қоғамдық қозғалысы мен «Агрофорум-2018. Болашақ кәсіби шеберлердің қолында» оқушылардың өндірістік бригадалары көшбасшыларының XIV слетіне қатысты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы шара Красный Яр ауылының №3 агротехникалық колледжінде өтті. Слетке облыстың Ерейментау, Атбасар, Қорғалжын, Шағалалы, Қатаркөл өңірінен 9 арнаулы орта оқу орны, оған қоса Балабек Жақин атындағы Новомарковка орта мектебінің клуб мүшелері жиналды. Сегіз бозбала мен бойжеткен түрлі конкурста, шығармашылық тұсаукесерде, түрлі аталымда жақсы нәтиже байқатты. 10 сынып оқушылары Меңдіғара Еркебұлан «Үздік механизатор», Арина Қайырбекова «Әлеуметтік бағыттағы ғылыми жоба қорғалымы», әдіскер Шынар Біләлова «Үздік әлеуметтік серіктестік» жобасында, Айсұлу Иманбаева шығармашылық конкурста табысқа жетті. Әлішер Серіков, Қасым Арнаш, Рахат Мәдиев, Мақсат Жәкішев жеңіс қоржынына өз үлесін қосты. Арина Қайырбекова, Мақсат Жәкішев, Томирис Мағзұмова, Айсұлу Иманбаева форум жұмысына белсене үн қосқаны үшін Көшбасшы төсбелгісін иеленді. 9 сынып оқушысы Томирис Мағзұмова форум туралы фильм түсірді, өз әсерімен бөлісті. Новомарковканың жас фермерлері шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап айтты, Олар бірлескен еңбегінің арқасында «Жас фермер» аталымында конкурстың Бас жүлдесін жеңіп алды. Оқушыларға өз қабілетін сынауға, облыс жастарымен жүздесуге, тәжірибе алмасуға «Хамзе» шаруа қожалығының басшысы Ержан Биекеновтың демеушілік көмегі септесті. Қоса айтарымыз: орта мектептің мұғалімі Марина Бәетова балалардың қоғамдық қозғалысын дамытуға қосқан үлесі, әлеуметтік бастамасын қолдағаны үшін «Жұлдыз» қоғамдық бірлестігінің «Алтын жұлдыз «Балалар үшін» төсбелгісімен марапатталды. Бұл оқиға мектеп оқушылары мен ұстаздар ұжымы үшін Тұңғыш Президент күні қарсаңындағы лайықты сый болды.
Раушан НҰРҒАЗИНОВА