ЖАСТАРҒА ӨЗІМІЗ ҮЛГІ БОЛАМЫЗ!

Елбасының Жолдауында келесі 2019 жыл Жастар жылы болып жарияланған. Айтулы дата – Тұңғыш Президент күні қарсаңында Балабек Жақин атындағы Новомарковка орта мектебінде волейболдан ашық турнир сәтті өтті. Ойынға алаң иелерінен бөлек, Т.Шаханов атындағы №3 орта, Өлеңті, Ақмырза, Бөгенбай батыр атындағы қазақ, Еркіншілік, Бозтал, Олжабай батыр орта мектебі қатысты.
Командалар жалпылама сап түзеді. Тәуелсіз еліміздің мемлекеттік Әнұраны әуеледі. Мектеп директоры Азамат Жүсіпбек әріптестерге құттықтау лебізін арнады. 9 сынып оқушысы Хайрат Тохтар «Көк тудын желбірегені» әнін шырқады. Жеребе әдісімен командалар екі топқа бөлінді. Төрт команда Новомарковка мектебінде ойынға кірісті. Өзге төртеуіне Ақмырза мектебі қонақжайлық ниет танытты. Әріптестерімізге алғысымыз шексіз.
Волейбол – баршаны бірлікке, ортақ жанкүйерлікке жетелейтін қызықты ойын. Жеңіс қуанышы да баршасына бірдей. Ойыншысын дәлдікке, ұстамдылыққа, тепе-теңдікке жетелейді. Командалық рух береді. Шаршы алаңға осы секцияға қатысатын оқушылар шақырылды. Шәкірттерді жас маман Таңат Бургумбаев жаттықтырады.
Әрбір команда қошеметке әбден лайықты шебер ойын үлгісін көрсетті. Бірінші орынды, ауыл әкімі Григорий Самойленконың кубогын иеленген Төлеу Шаханов атындағы №3 орта мектебі турнирдің бас жеңімпазына айналды. Бөгенбай батыр атындағы қазақ орта мектебі екінші, Өлеңті орта мектебі үшінші орын алды. Өзге ойыншылардың бәрі Алғыс хатпен көтермеленді. Марапаттау рәсімін аудандық білім бөлімінің басшысы Совет Нұрғазин жүргізді. Қызықты да тартымды ойын арқылы өскелең ұрпаққа тамаша үлгі көрсетілгеніне үміттіміз. Мұндай жарыс ауқымы жыл санап кеңейе берсін! Жастарды спортпен айналысуға, саламатты өмір салтын ұстануға шақырамыз. Өйткені жас мемлекетімізге дені сау ұлт қажет
Татьяна МОРОЗОВСКАЯ,
директордың тәрбие ісі бойынша орынбасары.