ӘЖЕМІЗ – АҚЫЛШЫМЫЗ, ТІРЕГІМІЗ

«Қарты бар үйдің – қазынасы бар» дейді дана қазақ халқымыз. Қария – отбасы ұйтқысы, жанашыры, ақылшысы. Ол тек жалғыз отбасының ғана емес, тұтас елдің де қазынасы. Ақиқатты саралай білетін, ақ пен қараны ажырата білетін, өмірдің тәттісі мен ащысын татып, бар қиындыққа төзе білген әжелеріміздің орны ерекше қадірлі. Биыл сексен жастың белесіне шығатын өзімнің ардақты да аяулы әжем Нағима Нұрмағамбетова жайлы біраз сөз толғайын.
Әжеміз өзінің өткен өмірінде уақыттың талай қиындығын бастан кешті. Аласапыран кезеңде дүниеге келген жанның балалық шағы сұрапыл соғыс заманында өтті. Соғыс зардабы сол кездегі қарапайым халық үшін ауыр соққы болды. Жас қыз осылайша жоқшылық пен ауыр жұмыстың не екенін жастайынан сезініп өсті. Себебі, әке-шешесімен бірге жер жыртып, егін салуға қолғабысын тигізуге, қара жұмыс атқаруға мәжбүр болды. Сол кездегі жеті сыныптық біліммен, әкесінің ауыр сырқатының салдарынан оқудан қол үзуге, отбасындағы барлық тауқыметті өз мойнына алуға тура келген. Ізінен ерген кіші бауырларының тәрбиесіне ден қойды, ата-анасына қолғанат болды. Өмірінің осы шағында бөгде туыстарының үйін қоныстанған әжем уақыт өте келе сол кездегі аудан орталығы – Благодатқа көшіпті.
Он жеті жасында аудандық баспаханада қолмен әріп теруші ретінде жұмыс атқарған. Сол кездегі «Еңбек туы», «Прогресс», қазіргі «Ереймен»-«Ерейментау» газетін жарыққа шығаруға, безендірілуіне бір кісідей өлшеусіз еңбегін сіңірген.
Жиырма бір жасында Мұқажан атаммен тұрмыс құрды, қос жұп мәнді де мағыналы, сәнді де жарасымды, тату-тәтті ғұмыр кешті. Өз өмірінде еңбектен ешқашан қол үзбей, елу жасында зейнетке шыққан еді. Зейнеткер болса да, қол қусырып отырмай, осы жасына дейін ел өміріне, ұрпақ тәрбиесіне белсене араласты. Ел жаңалығына, Елбасының бағыт-бағдарына ұдайы құлақ түреді. Қазақы жөн-жобаға негізделген жиын-той, іс-шараға ұдайы парасатты ақылымен, салиқалы да салмақты сөзімен үн қосады. Әсіресе әдеби шығармаға әуестігі, немере-шөберелеріне берген үлгі-насихаты бізге ғұмырлық азықпен пара-пар. Қазіргі таңда ол кісі алты баланың анасы, он төрт немеренің, бес шөберенің әжесі. Әжем тәрбиелеп өсірген әр талы алып бәйтеректің бұтағындай бүр жарды, жайқалып өсті. Бүгінде өмірден өз орнын тапты, өз ошағының түтінін түтетті.
Әжем тұрмысқа шыққан кезінен бүгінгі күнге дейін Торғай ауылын қоныстанып келеді. Қойнауына құт-береке қонған ауылдағы ата шаңырағымызға балалы-шөберелі болып барлығымыз әрдайым қуана жиналамыз. Көңілі кең, жүрегі мейірімді, әр сөзі қасиетті де қазыналы ақ әжеміздің отбасымыздағы орны бөлек. Әжеміздің ғұмыры ұзақ, шуақты күндері көп болсын деп тілейміз.

Немересі Медина НҰРМАҒАМБЕТОВА,
11 сынып окушысы
Степногорск қаласы.