ӨЗ САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІГІ ДАРАЛАНДЫ

Үстіміздегі жылдың 23 қарашасында Астана қаласының «Radisson Hotel» конференц-залында «Этика жөніндегі үздік уәкіл» республикалық конкурсының жеңімпаздары салтанатты жағдайда марапатталды. Аталмыш рәсім ұлттық «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі басымдықтарымен үйлестірілген «Адалдық – сананы сәтті бейімдеудің даңғыл жолы» тақырыбына негізделді. Баршамыздың көңілімізді толтырған жайт, мемлекеттік қызметкерлердің – республикамыздың этика жөніндегі уәкілдерінің арасында мінсіз жұмысымен танылған біздің Ерейментау ауданы жеңімпаздар санатында аталып өтті. «Этика жөніндегі үздік уәкіл» конкурсының нәтижесі шығарылған сәтте Ерейментау ауданы әкім аппаратының этика жөніндегі уәкілі Әсел Қызкенова жағдаяттық викторинаның жеңімпазы болып танылды. Жерлесіміз ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың қолы қойылған Алғыс хатты, бағалы сыйлықты иеленді.

«ҒИБРАТТЫҢ» БЕРЕРІ МОЛ БОЛМАҚ

Күншалған орта мектебінің жанынан «Ғибрат» әжелер клубының ашылғаны -ауылымыздағы тағы бір жағымды жаңалық болды.
Нақты мән-жайды топ ұйымдастырушысы әрі жетекшісі білікті ұстаз Гүлмира Амантайқзы Сағынбаевадан естіп білдік.
«Келінім, саған айтам, қызым, сен тыңда», демекші, ұйымның жұмыс мақсаты мектеп қабырғасындағы бойжеткен қарындастарымызға ата салт үлгісінде өнеге-тәлім беруге, әжемен сыр бөлісуге, бір сәт әңгіме-дүкен құруға, төл өнерімізге баулуға арналады.
Клубтың құрамындағы 6 адамның бәрі де көпке сыйлы ұлағатты ана, немерелі-шөберелі мейірімді әже. Топ өкілдері айына екі мәрте тиісті жоспарымен мәдени-танымдық шара өткізеді. Жетекшінің жоспарлаған тақырыбын өзгелері ақыл қосып, толықтыратын болады. Қос ұрпақтың байланысына негізделген жоспарда дөңгелек үстел, сахналық көрініс, өзге мәдени-танымдық шаралар көзделген. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуді негіздейтін дәстүрлі ісмерлік өнер, әшекей бұйым әзірленімі, тұрмыстық бұйым күтімі, тағам бабы өскелең ұрпаққа үлгі ретінде көрсетілмек. Клубтың ашылғанына ауылдас ата-аналардың да қуанышы шексіз. Өйткені «Анаға қарап қыз өсер», «Ана көрген – тон пішер» деген аталы қағидаға сәйкес, жастайынан ұлы ана тәрбиесімен қанаттанған нәзік жандыларға бүгінгі күні көзбен көргеннің бәрі келешекте мәңгі рухани азық, ұлттық тәрбиенің берік негізі болады. Өзге ауылдарға үлгі етерлік, құптарлық жақсы бастама. Елбасының жуырда жолдаған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына берілген жауап ретіндегі құнды қадам болмақ.

(Сурет электронды поштамен алынды)

«АҚ БҰЛАҚ» БАС ЖҮЛДЕНІ ИЕЛЕНДІ

Өнер саласының білікті маманы, Балалар музыка мектебінің қобыз сыныбының зерделі оқытушысы Меруерт Әбілдинованың тәрбиелеген шәкірттері, «Ақ бұлақ» қобызшылар ансамблі, мәртебелі сахна төрінде талай рет көрерменнің қошеметіне бөленіп келеді.
Міне Тұңғыш Президент күні қарсаңында оңтүстік астанамыздан тағы бір қуанышты хабар жетті.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің құрылтайшылық бастамасымен «Ғұмырдәрия» балалар продюсерлік орталығы ұйымдастырған республикалық балалар-жасөспірімдер ән-би конкурсына Алматы, Семей, Қарағанды, Астана, Атырау, Тараз өңірінің өнер ұжымдары бақ сынады. Жаңағы мәртебелі өнер жарысында қоса біздің ереймендік «Ақ бұлақ» қобызшылар ансамблі өз тәлімгерінің білікті жетекшілігімен «Аспапта ойнау ансамблі» номинациясының Бас жүлдесін жеңіп алды.
Ұстаз апайға ұйымдастыру алқасының сертификаты, қазылар алқасы төрайымының, байқау авторы мен бас продюсерінің қолы қойылған Алғыс хаты, Бас жүлдегер дипломы, естелік сыйлығы ұсынылды.
Топ өнерпаздары: Мөлдір Амантай, Дильназ Қайырбек, Назгүл Қайырбекова, Нузар Закирова, Назым Ботпаева, Алина Анафина, Сабина Нұрланова, Ақнұр Сматаева, Венера Қуатова, Мәдина Ахметжанова, Альбина Асыбаева, Жансая Аманбаева, Дүйсен Қарақат, Арай Қалиева, Сабина Жалмағамбетова, Айдана Нұрлыбаева.
Жерлестерімізді шын жүректен үлкен жеңісімен құттықтаймыз. Шығармашылық табыс тілейміз.
Ақпарат Фейсбук байланыс
желісінен алынды.

БІРЛІК ПЕН ТОЛЕРАНТТЫЛЫҚ КҮНІ

Тұңғыш Президент – Ұлт көшбасшысы күні қарсаңында Үмбетей жырау атындағы аудандық мәдениет үйінде айтулы мерекеге арналған салтанатты жиналыс өтті.
Аудан әкімі Виктор Радченко жерлестерімізге құттықтау лебізін арнады. Тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президентінің сіңірген елеулі еңбегіне тоқталды. Елбасы – Ұлт көшбасшысы Қазақстанның экономикалық мәселесін шеше жүріп, бүгінгі заманауи қоғамда тыныштық пен татулықтың сақталуына елеулі көңіл бөліп келеді. Осы орайда Тұңғыш Президент күнін барлық қазақстандықтардың Бірлік пен толеранттылық күні ретінде атауымызға толық негіз баршылық.
Мемлекет басшысы ұстанып отырған салиқалы ішкі-сыртқы саясат әлеуметтік-бағдарланған экономикасы қарыштап дамыған заманауи мемлекет құруға жол ашты.
Мемлекет азаматтардың үйлесімді, жан-жақты дамуына лайықты, баршаның құқығы мен бостандығы ескерілетін, ұлтаралық татулық сақталатын, азаматтық қоғам қалыптастыратын құқықтық, әлеуметтік-экономикалық жағдай жасап келеді. Aры қарай оқу

БИЗНЕС ӘЛІППЕСІ – ТАБЫС НЕГІЗІ

«…Орта мектептердің өзінде балаларды мейлінше сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеп, кәсіби диагностика жүргізу маңызды».
(Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Қазақстан халқына Жолдауынан).
Бизнес-бапкер, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бастау» жобасы шеңберіндегі оқыту әдістемесі бойынша кеңесші Нұғман Жұлдызбаевтың Бөгенбай батыр атындағы қазақ орта мектебінің 9-11 сынып оқушыларымен кездесуі жоғарыда аталған міндеттермен үйлестірілді.
Жерлестерімізді келешекте қымет көрсетілім саласында қандай жаңалықпен қызықтыра аламыз? Жалпы қала мен аудан тұрғындарының өмірінде бизнестің қандай түрі басымдықты иеленіп отыр? Дәл осы сауалдар балаларға мектеп қабырғасынан кәсіптік бағдар беруге, келешекте өмірден лайықты орнын табуға арналған мақсатты істің түпқазығына айналды. Бұл жолғы жүздесуіміз «Кәсіпкерлік негіздері» қамтылған екі сағаттық сабаққа айналды. Тыңдаушыларға бастапқы «Бизнес-жоспар» құрылым тәртібі, 16-29 жас аралығындағы жастарға шағын несие, қайтарымсыз мемлекетік несие беріліс реті түсіндірілді. Аталмыш мекеме келесі жылдан бастап дәл осы жоғарғы сынып оқушыларының сабақ кестесіне қосымша сабақ енгізуге бастама көтеріп отыр. Aры қарай оқу

«Ұлы даланың жеті қыры» – болашақ бағдары

Біз, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың тарапынан ұсынылған бағдарламалары арқасында, ата-бабаларымыздың өткен тарихы, мұрасы туралы мол мағлұмат алдық. Бұл мақала “Рухани жаңғыру” бағдарламасының жалғасы әрі Қазақстанның халықаралық аренада жаңа түсінігі, бізге өткен тарихты ұғынудың нышаны. Мақаланың мәнісін Қазақстан халқы үшін жаңа көзқарас, жаңа бетбұрыс деп ұғынуға әбден болады. Мақалада қарастырылған қыруар мәселенің барлығы алдыңғы “Рухани жаңғыру”, “Туған жер”, “Қазақстанның тарихи жерлерінің географиясы” жобаларының логикалық жалғасымен пара-пар. Бүгінгі таңда жүздеген археологиялық ескерткішке зерттеу жүргізуге мүмкіндік туындады. Археологиялық экспедиция ортағасырлық қалаларға қазба жұмысын қолға алады. Көтерілген мәселелер барлығын жан-жақты ой елегінен өткізуді, терең зерделеуді талап етеді. Сондай-ақ біздің дүниетанымымыздың, халқымыздың өткені мен бүгінінің және болашағының іргелі негіздеріне тікелей қатысты. Өскелең ұрпақ бойында өз тарихына мақтаныш сезімін ұялату, отаншылдық тәрбие беру дағдысы мектеп қабырғасынан басталуы тиіс. Сондықтан мектептер мен барлық өңірлердегі өлкетану музейлерінің жанынан тарихи-археологиялық қозғалыс орталығы құрылуы маңызды. Ұлт тарихын санаға сіңіру барша қазақстандықтардың бойында өз бастауларына деген ортақ ниет сезімін қалыптастырады.
Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы да зор. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және келер күнге оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі.
Ермұқан ЖАПАБАЕВ,
Төлеу Шаханов атындағы
№3 орта мектебінің директоры

АМАНАТ ИГІ ІСКЕ ЖЕТЕЛЕЙДІ

Талапты, ізгі ниетті іскер азамат Айланыш Тілекбердінің де округ әкімі ретінде алға қойған ой-жоспары баршылық. Бүгінде белгілі бір шамадағы қаржыға көшеге орнатылатын, күн энергиясынан қоректенетін 4 шам алдырған. Біреуін Қаратал ауылына орнатып бермек ниетте. Айналаны көріктендіруге, қыста көшенің қарын күретуге бөлінген қор да баршылық. Әкімдік ғимаратын жөндетуге лайықты жобалық-сметалық құжаттамасы даяр тұр. «Елге ел қосылса – құт» демекші, биыл ауылдастар қатарын 4 отбасы толықтырған, тағы 6 отбасы көшіп келмек ниетте.
Аудандық мәслихаттың депутаты Асқар Ерғалидың да түпкі мақсаты сайлаушы аманатынан туындайтын мәселе шешіміне, ауылдың болашағына бағытталып отыр. Облыс арқылы ауыз су мәселесіне түпкілікті нүкте қойылды. Келешекте Күншалған – Олжабай батыр ауылы автокөлік жолының жағдайын облыс деңгейінде көтеруді өз міндетіне алмақшы. Тағы бір құпия ұстаған жоспары АЛМА-ТV, әлде Теле-2 компаниясы арқылы әріптестік орнатуға, елді мекен аумағында заманауи байланыс желісін жетілдіруге негізделеді.
Бекім Әкімов төрағалық жүргізетін жергілікті қауымдастық Күншалған мектебіне, клубқа өлшеусіз қамқорлық көмегін көрсеткен. Жалпы қорда 5500 дана кітап сақтаулы тұрған кітапхананың жағдайы ойлантады. Енді осы қазына ауыл баласының игілігіне толық аман сақталуы үшін, кіретін бөлек есігімен, мектеп ғимаратынан орын берілсе деген тілекте. 104 оқушы білім алып жатқан мектеп жанында шағын орталық жұмыс істеп тұр. Келешекте мемлекеттік-жекеменшік әріптестік үлгісінде балабақша ашып жіберсе – нұр үстіне нұр болар еді. Абай Әлжанов істің жалпы мән-жайына, мектеп ұжымының іс-тірлігіне, ҰБТ тапсырылымы, тұрмысы әлсіздерге көмек, кадр мәселесіне қаныға келе, дәл жаңағыдай ұсыныспен ойын тәмамдады.
Топтаманы дайындаған
Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ.

МЕКТЕПКЕ ЖАҢА КӨЛІК БЕРІЛДІ

Өткен аптада күншалғандықтарға есте қаларлық сүйінші хабар жетті. Аудан әкімі Виктор Радченконың арнайы тапсырмасымен елді мекенге арнайы келген әлеуметтік сала жөніндегі орынбасар Абай Әлжанов аудандық бюджет қаржысына әперілген УАЗ-таблетка маркалы жаңа көліктің кілтін орта мектепке табыс етті.
Бүгінгі игілікке №6 Күншалған сайлау округі бойынша аудандық мәслихаттың депутаты Асқар Ерғали мен «Нур Ali» ЖШС-нің басшысы Бекім Әкімовтың бастамасы арқылы қол жеткенін естіп білдік. Округ әкімі Айланыш Тілекберді жаңағы екі азаматқа барша көпшіліктің атынан қуаныш сезімімен, ризашылық ниетпен алғысын арнады. Мектеп директоры тәжірибелі ұстаз Ораз Сетаевтың жылы лебізі, ата-аналардың ризашылық сөзі, «Жұлдыз» вокалды тобының, Ойрат Гүлайымның сазды сәлемі, әжелердің дәстүрлі шашуы бәрімізді ерекше әсерге, шаттық сезіміне жетеледі.
Қойнауы құт қонған Шәкей ауылы – өз заманында талай тарихи тұлғалардың, марқұм Балташ Сыздықұлы, Қазыбек Жүнісұлы секілді ұлағатты ұстаздардың, білікті журналист жазушы Ілияс Қарағозиннің, белгілі ұстаз Жеңіс Бөдешевтің, өзге еңбек майталмандарының кіндік қаны тамған өңір. Кезінде уақыт лебімен Жаңатұрмыс негізгі мектебі атанған жергілікті білім ордасынан шәкірттердің бірнеше буыны түлеп ұшты. Aры қарай оқу

ТЕГІН ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТІЛІМІ

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде «Заңгер кеңес береді» республикалық акциясы өтті.
Игі шараның түпкі мақсаты халықтың құқықтық зерделілігін нығайтуға, көпшілікке заңгерлік кеңес беруге арналған. Акцияға өңірлік әділет басқармасының басшысы Данагүл Мұқышева, осы мекеменің жетекші мамандары қатысты. Қабылдауға бұл жолы 4 адам келіп жолықты. Алма Қайырова ЖШС шағын кәсіпорнын ашқызуға, тіркетуге қатысты сауал қойды. Майра Нығметова үй-жай тіркелімі мен техникалық дерек өзгерісі негізінде ақылдасты. Әсел Шәймерденова әлеуметтік жәрдемақыға жергілікті атқару органына тапсырылатын, алимент алмайтыны туралы анықтама алу мәселесін қозғады. Айгүл Құдабаева ЖШС басшысы ауысқан жағдайда қажетті құжат мәселесін негізге алды.
Жерлестеріміздің барлық сұрағына тиісті құқықтық анықтама берілді. Қабылдауға келген жандарға Қазақстан Республикасының заңнама қағидалары түсіндірілді. Тиісті құжатты қайта ресімдетуге қатысты жекелеген мәселені біртіндеп шешуге тұжырымды кеңес берілді. Жиі қойылатын сұрақтың бірі ата-ананың бала күтіміне алимент төлемеуімен орайласады. Данагүл Мұқышеваның айтуынша, адамдар алимент төлемес үшін әртүрлі қулыққа барады: нақты табысын жасырады, мүлкін өзге адамның атына ауыстырады. Акция барысында ақылдасып үлгермегендерге партияның қоғамдық қабылдауында есік әрдайым айқара ашық.
Игі шараның пайдасы мен қажеттігін тұжырымды кеңес алып шыққан әрбір жан толық растайды. Республикалық акцияға көшбасшы партия аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Медеу Әбжіков жетекшілік етті.
Людмила МАРКОВА.

ЕЛ РИЗЫҒЫН ЕСЕЛЕГЕНДЕР

Жылда, қарашаның үшінші жексенбісінде, республикамызда ел экономикасының маңызды саласының бірі – Ауыл шаруашылығы және ұқсату өнеркәсібі еңбеккерлері күні аталып өтеді.
Дәстүрлі мейрам қарсаңында «Көкшетау» мәдениет үйінде салтанатты жиналыс өтті. Шаршы топқа өңір экономикасының осы маңызды саласының өкілдері шақырылды. Облыс әкімі Мәлік Мырзалин баршаға құттықтау лебізін арнады. Елбасының Ақмола өңіріне жыл сайынғы сапарында өңір аграршыларын ең үздіктер санатына енгізетінін атап өтті. Облысымыз, қолайсыз ауа райына қарамастан, егіннен барынша мол түсім жинады. Орташа гектар өнімділігі 13 центнерден айналды. Жалпы 5,6 миллион тонна астық алынды. Қол жеткен толымды табысымызға бүгінгі дәстүрлі мереке себепкерлерінің қосқан үлесі, сіңірген еңбегі өлшеусіз.
Шақырылған меймандарымыздың арасында облыс аудандарының ауыл шаруашылығы және ұқсату өнеркәсібі өкілдері, серіктестік пен шаруа қожалығының жетекшілері баршылық. Aры қарай оқу