КАДЕТ – МӘРТЕБЕЛІ БІЛІМ ОРДАСЫ

Тайбай орта мектебінде «Патриотизм – ұлттық рухтың мәртебелі құндылығы» тақырыбына арналған облыстық семинар өтті.
Білім ордасына бастауыш әскери дайындық сабағының мамандары, аудан мен облыстың, көршілес аудандардың білім бөлімінің әдіскерлері, мұғалімдері жиналды.
Қонақтардың назарына бірнеше блокқа жіктелген тартымды бағдарлама ұсынылды. Олар: пленарлық бөлім, шеберлік сабағы, жұмыс тәжірибе бөлінісі, қорытындысы, рефлексиясы. Тарихшылар Алтын Дүйсембаева мен Ольга Кирсакова, ағылшын тілінің мамандары Ләззат Әбілова, Дмитрий Залесов, информатик Мақпал Төлендинова барлық сабақты бір демде жүргізді.
Оқушылар топқа бөлінді де, іле әрбір тапсырманы меңгеруге арналған мәтін таратылды. Кадеттерге көмек ретінде үстелге ноутбук қойылды. Балалар сабақ соңында «Мен тәуелсіз мемлекетте тұрамын» тақырыбына үй тапсырмасын орындады. Бүкіл сабақ бойы бейнеслайд көретілді. Aры қарай оқу

ШЕБЕРДІҢ ҚОЛЫ ОРТАҚ

Тігін-тоқыма кәсібі – ұрпақтан-ұрпаққа ана сүтімен дарыған, мәңгілік мирас болған қастерлі өнердің бірі.
Әсіресе сапалы да бағалы кездемеден тігілген, ісмер адамның қолынан, жаңа ғана ине-жіптен шыққан киім де, бұйым да, ел назарын өзіне аудартады. Қаламыздың «Дин-Дон» сауда үйіне бара қалсаңыз – оған айқын куәгер боласыз.
Жүзінен мейірім нұры төгілген, өз кәсібіне шын ниетпен берілген шебер келіншек Жанар Қалибек (суретте) сізге де іздеген бұйымыңызды көңілге қонымды бағамен ықыласпен ұсынып жатады. Әсіресе қазақы ою-өрнекпен әшекейленген, қыздың жасауына лайықталған төр көрпе, жастық көздің жауын алады. Ал тиісті ыңғайымен, бізкесте арқылы түрлі-түсті жіппен өрнектелген, әсем көркемделген үлкенді-кішілі тойқалтаңыз, қоржыныңыз, имандылыққа жетелейтін жайнамазыңыз кез келген отбасылық қуанышқа лайықты тарту болатыны, той иесінің көңілінен шығатыны анық.
Сонымен бірге стеклярус моншағымен өрілетін кобдиша, әмиян, сабын сауыт, үлкенді-кішілі ваза – бәрі-бәрі туыс-жақынға тарту етілетін естелік кәдесыйға әбден сұранып тұр. Түсі әркелкі моншақ тасын тиісті ою-өрнекке бейімдеп, өз орнына лайықтап орналастырудың өзі көп еңбекті, тапқырлықты, ептілікті керек етеді. Епті келіншектің нәзік қолы осы іске әбден бейімделгенін аңғартты.
2014 жылы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданынан атамекенге көшіп келген, Ереймен өңірін қоныс еткен отбасы өзінің таза адал еңбегімен, қарым-қабілетімен айналадағы жандарға пайдасын тигізіп келеді. Aры қарай оқу

ШЫН НИЕТПЕН ҰСЫНЫЛҒАН СЫЙЛЫҚ

Астананың Қайырымдылық клубы делегациясының Ерейменге келетіні туралы әлеуметтік желіде хабар тарады.
Бұл күні қаламыздың №1 орта мектебінің салтанат залында Аяз Ата, Ақшақар бастаған ертегі кейіпкерлері шырша тойын бастап жіберген еді. Балалар көпке танымал «В лесу родилась елочка» әнінің әуенімен сәнді ағашты айналып өтті. Үш тілде тақпақ оқыды, ән шырқады. Көңілді ойын ойнады, тәтті жүлдеге қол жеткізді. Көп балалы, шағын ауқатты, жетім санатындағы отбасының 52 өреніне жаңажылдық сыйлығымен азық-түлік сәлемдемесі үлестірілді. Қала мектептерінің 25 баласы, олардан бөлек, тәтті сый қалташасын иеленді. Ата-аналар мен қамқоршылар сонымен қатар алыстан арнайы жеткізілген балалар киімінің ішінен өз баласына лайықтысын ықыласпен таңдап алып жатты. Аудан әкімінің орынбасары Абай Әлжанов көпшілікті алдағы Жаңа жылмен құттықтады. Балаларға ілім-білімді қажырлылықпен меңгеруді, білімін елге арнайтын азамат болып өсуді, ата-аналарға зор денсаулық, өмірдің барлық жақсылығын тіледі. Елордамыздағы үкіметтік емес ұйымның әлеуметтік әлсіз жандарға, жалпы саны 250-ден астам отбасына, үшінші рет көмек бергенін атап өтті. Тобына Ерейментау ауданының волонтерлары да енген, делегация өкілдеріне Алғыс хат ұсынды, бейбіт өмір, қажымас қайрат, ізгі ниет, толымды табыс, сәт сапар тіледі.
Бұл күні, тіпті сарышұнақ аяздың өзі ықпал ете алмаған, айналаны жылылық шуағына, мейірім нұрына, сүйіспеншілік лебіне бөлеген тартымды жаңажылдық мереке ұйымдастырылды.
Қонақтарды аудандық білім бөлімінің өкілдері қарсы алды.
Раушан БАРЖАҚСЫ.
Суретті түсірген автор.

СЫРҒАНАҚ – ЖАН РАҚАТЫ БАР БАЛАНЫҢ

Қаланың орталық алаңында стандартты мұз кірпіштен салынған, әсем шырша орнатылған, ертегі кейіпкерлерінің мүсіні қардан жасалған қысқы сырғанақ алаңы қонақтарды да, қалалықтарды да, қызықтырады.
Қала әкімдігі жылда қыс түсісімен баланың таза ауада ойнауына жағдай жасаудың қамын ертерек ойластырады. Бұл, біріншіден, кішкентайлардың демалысын қызықты өткізуге, екіншіден, ағзасын жастай шынықтыруға негіз болады. Оған қоса оқушыларға табиғи материалдан арнайы даярланған жаңажылдық сыйлықпен теңеседі.
Биыл да біздің ойын алаңымыздың көркі көңілден шықты. Ортақ іске Николай Кравченко басқаратын шаруашылық жүргізу құқығындағы «Эко Жәрдем» мекемесі өлшеусіз көмек көрсетті. Жасанды шыршаны орнатуға, безендіруге, қар төбешігі мен өзге объектінің құрылысына «Ерейментау Су Арнасы», «Теплосервис» кәсіпорны қолғабыс тигізді. Олар өз мүмкіндігіне қарай техника, еңбек құралын берді. Қала әкімдігінің қоғамдық жұмыскерлері де мол еңбек сіңірді.
Бірлескен істің нәтижесінде айналасы түнгі уақытта жарық шамымен, түрлі-түсті гирляндамен, иллюминация лампасымен көмкерілген шағын қалашық бой көтерді.
Ұл-қыздардың қысқы каникулда, сабақтан қолы босаған уақытында осы жерге ықыласпен, әуестік ниетпен ойынға жиналатынына көңіліміз толады.
Бұдан бөлек, жылда БЖСМ мәдени-спорт кешенінің ауласында хоккей алаңы жабдықталады. Ниет білдірген балалар мен ересектерге тиісті өлшемімен ыңғайлы бағамен прокатқа коньки де беріледі. Кез келген жастағы адам күн сайын жаңағы алаңда коньки спортының қыр-сырына қанығады, әлде әуестік негізде мұз алаңында бір мезгіл бой сергітеді.
«Ерейменнің» өз ақпараты .

ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ШЫРШАСЫ

Жаңажылдық мереке шеңберінде осы аптада Балалар шығармашылық үйінде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған дәстүрлі ертеңгілік жалғасты. Қала әкімдігінің бастамасымен өткізілген шараға жалпы 37 кішкентай бала шақырылды. Бойына жарасымды сәнді маскарад киімін киген қонақтарды ата-анасы мен қамқоршысы жетелеп әкелді.
Мереке себепкерлері мен олардың заңды өкілдерін қаланың әкімі Төлеутай Мұхамеджанов қызу құттықтады. Денге саулық, жақсылық, бейбіт өмір, ересектерге – сәттілік пен төзім, қиын да игілікті істе толымды нәтиже, отбасына амандық, келесі 2019 жылы көтеріңкі көңіл-күй тіледі.
Мектептен тыс мекеменің директоры Наталья Курникова бастаған ұстаздар ұжымы бал-маскарадқа жиналған барша қауымға қонақжайлық пейіл, ыстық ықылас танытты. Мерекеге сай көркем безендірілген кең де жылы, жанға жайлы бөлмеге шақырды. Ізінше Аяз Ата мен Ақшақармен, ертегі кейіпкерлерімен бірге әрбір баланың жүрегіне жол тапты. Шырша маңында қалағанынша көңіл көтерді, дарын-қабілетін танытты, әртістерді ересектер қошеметтеді. Жалпы БШҮ үйірме жетекшілерінің шеберлігі мен тапқырлығы, ұйымдастырушылық қабілеті бүгінгі мерекенің келесі жүздесуге дейін есте сақталуына мол септесті.
Мәрелік сәтте әрбір балаға қала әкімдігінен тәтті сыйлық қалташасы үлестірілді. Ауа райының жағдайына қарай шыршатойға келе алмағандардың жаңажылдық сыйлығы үйлеріне апарылып берілді.
«Ерейменнің» өз ақпараты.

БАҒА МЕН САПА – ЕГІЗ ҰҒЫМ

Аудан әкімдігінің жанындағы қоғамдық кеңестің бастамасымен қаланың азық-түлік дүкендеріне жүргізілген көшпелі рейд дәл осы мақсатты көздеді.
Жаңағы үкіметтік емес ұйым төрайымы Зейнеп Жүсіпова, «Ветеринария бөлімі» мемлекеттік мекемесінің бас маманы Күлбаршын Омарова, осы жолдардың авторы топқа кірген комиссия солтүстік және батыс жақтағы Заготзерно, Черемушки мөлтекауданының азық-түлік дүкендерін ішінара аралап келді.
Тексерушілер қанттың, тауық жұмыртқасының, өсімдік майының, жарма өнімінің баға мониторингінен бөлек, буылып-түйілген, мұздатқыш камераға қойылған жартылай дайын өнімнің, балықтың, сүт тағамының, кулинарлық өнімнің сапасына, әзірленген ай-күніне назар аударды. Негізінен бәрі де, сақталым мерзімі біткен кейбірін ескермегенде, санитарлық нормамен үйлесім тапты. Ішінара бүлінген тағамдар әрмен қарай сатылымнан шығару үшін өзге азық-түліктен бөлініп алынды. Ізінше дүкеншіге оны жеткізуші фирма менеджерінің кезекті сапарында айырбастап алуды ұсынды. Сауда орнының иелері сертификация құжаты мәселесі бойынша ақылдасуға «Ветеринария бөліміне» келіп жолығулары шарт.
Бақылаушылар халыққа ұсынылатын азық-түліктің сараптама актісінің, ілеспе құжатының, анықтамасының, шығарылған күні мен жарамдылық мерзімі көрсетілетін сапа сертификатының бар-жоғына да назар аударды. Тексеріс барысында сатушыларға сәйкес негізде жаңа тауар легін қабылдаған сәтте осы мәселеге жіті назар аударуға кеңес берілді. Көкөніс пен жемістің тауарлық көркінің бұзылыссыз сақталымы – сауда ісінің негізгі қағидасы. Астана мен Павлодардың тағам өнеркәсібі өндіріс желісі сауда-саттық қызметі аясында біздің кәсіпкерлерімізбен барынша жақын араласады. Барлық дүкендердегі азық-түліктің бағасы негізінен біркелкі. Жекелеген сауда орындарында мониторинг бойынша сәл-пәл қымбатшылық сезіледі. Бұл да жеткізуші фирмамен келісімге байланысты амал. Aры қарай оқу

ІСТЕ НӘТИЖЕ БОЛУЫ КЕРЕК

Жыл аяқталар шақта аудан әкімі Виктор Радченконың төрағалығымен құқық тәртібі және құқық бұзушылықтың алдын алуға арналған комиссияның мәжілісі өтті.
Пробация қызметінің бастығы Абзал Төлендинов пен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Марина Сердцева «Қамау орындарынан босатылғандардың еңбекке орналастырылымы, тұрмысы, әлеуметтік бейімделім мәселесіне арналған уәкілді органдардың жұмыс жағдайы туралы» хабарлады.
Сөз сөйлеушілер айтқандай, бұл санаттағы жандарға квота белгіленген. Алайда олардың жоқтығына орай квота күшін жойған. Жаңағы санаттағы 24 адам пробация қызметінің есебіне ауысты. 13 адам өздігінен жұмысқа орналасқан. Бүгінгі таңда бас бостандығынан айырылымы шектеумен алмастырылған 6 адам және қамау орнынан шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған 14 адам пробация бөлімінің есебіне алынған.
Криминалды полиция бөлімінің басшысы Талғат Сабыров «Бөгденің мүлкі ұрлығының алдын алу туралы» ақпар ұсынды. Құқық бұзушылықтың саны мен санатын, «Арлан» ЖШС жекеменшік күзет фирмасының қызметін сипаттады. Мал ұрлығы айрықша алаңдатып тұр. Мүлік ұрлығынан сақтану шарасы қолданылып жатса да, полицияның, жергілікті атқару органдарының, халықтың өзара ынтымақтастық деңгейі төмен.
Жергілікті полиция бөлімінің бастығы Нұрбек Тоқсанбаев «Жергілікті полиция қызметінің қала, ауыл, ауылдық округ әкімімен өзара әріптестігі туралы» баяндады.
Аудан әкімі аппаратының заңгерлік қызмет жетекшісі Әсел Қызкенова «Қазақстан Республикасының 2017-2020 жылдарға құқық бұзушылықтың алдын алуға арналған кешенді жоспарының орындалу барысы туралы»; «Ақмола облысының әкімдігі жанындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға арналған комиссияның хаттамалық тапсырмасының қаралымы»; «Комиссияның 2019 жылға арналған жұмыс жоспарының бекітілімі туралы» айтты. Aры қарай оқу

Аудан тұрғындарының назарына

2019 жылғы 01 қаңтар жағдайына 2018 жылдың қаңтар-ақпан айларында Ерейментау ауданы әкімінің, Ерейментау ауданының ауыл, ауылдық округ және Ерейментау қаласы әкімдерінің есепті кездесулерінде тұрғындармен айтылған, ескертулер мен ұсыныстарды іске асыру бойынша жүргізілетін жұмыстар туралы
АҚПАРАТ
«Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 5 ақпандағы № 190 Жарлығына сәйкес 2018 жылғы қаңтардың 15-сі мен ақпанның 07-сі аралығында Ерейментау ауданының барлық деңгейдегі әкімдерінің халық алдындағы есепті кездесуі өткізілді.
Жоспарлы 41 есепті кездесу өткізіліп, 3858 тұрғыны қатысты. 43 өңір тұрғынымен мәселелер көтеріліп, 39 ұсыныс енгізілді, мәселенің дені әлеуметік саланы қамтиды.
Айтылған ескертулер, ұсыныстар бойынша қорытынды жасалып, аудан әкімі аппараты әр ауылдық округ бойынша іс-шаралар дайындады.
Ауыл, ауылдық округ және Ерейментау қаласы әкімдеріне, аудандық қызметтер мен бөлім басшыларына тапсырма беріліп, орындалу барысы бақылауға алынды. Aры қарай оқу

2018 ЖЫЛДЫҢ АЙШЫҚТЫ ОҚИҒАЛАРЫ

2018 жыл тарих қойнауына еніп барады. Аудан өмірінде ол қандай қызықты оқиғасымен, нендей жетістігімен есте қалды? Күнтізбемізді парақтап көрейік.
*Елордамыздың 20 жылдығы, Ерейментау ауданының 90 жылдығы, қаланың 70 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Білім-білігі мен қызметін туған жерге арнаған аға буын ардагерлер, түрлі сала өкілдерінің үлкен тобы тарихи дата құрметіне мерейтойлық медальмен көтермеленді. Мемлекеттік қызметкерлеріміз, жекелеген жандар Елбасының, облыс, аудан әкімінің, салалас министрліктің, басқарма мен департаменттің Құрмет грамотасына, Алғыс хатына қол жеткізді.
*Аудандық мәслихат депутаттарының қолдауымен, көпшіліктің ұсынысымен ел ағаларының еңбегі лайықты бағаланды. Бес еңбеккеріміз «Ерейментау ауданының құрметті азаматы» атанды. Aры қарай оқу

2019 ЖАҢА ЖЫЛМЕН!

2018 жылдың соңғы аптасы келіп жетті. Қаламыздың орталық алаңында айналасы мұз кірпішпен, түрлі мүсіндермен көмкерілген сырғанақ алаңы салынды. Ертегі кейіпкерлерінің мүсіні кескінделген, түрлі-түсті гирлянда жағылған мекемелер, дүкендер, дәмхана-тойханалар – бәрі-бәрі дәстүрлі мерекенің нышанын аңғартады.
Балабақшаларда дағдылы ертеңгілік басталып та кетті. Аудан әкімінің дәстүрлі шыршатойы өтетін «Сказка» балабақшасының көркем безендірілген залына жиылдық. Айшықты жаңа жыл мерекесін қызықтауға қала мен ауылдардан ата-ананың қамқорлығынан тыс қалған 27 жетім бала жиналды. Педагогтар мен білім қызметкерлері қызықты да тартымды кеш жоспарлап қойған. Ұл-қыздар зор ынта-ықыласпен би билеп берді. Аңдардың қимыл-қозғалысын қайталады. Түрлі-түсті шаммен көмкерілген, ойыншықпен безендірілген шырша ағашын айналды. Қиын әрі жеңіл жұмбақты шешті. Ертегі кейіпкерлерімен бірге ойын ойнады. Аяз Ата мен Ақшақармен қуана жүздесті. Аудан әкімі Виктор Радченко балаларды, ата-аналарды, қамқоршыларды алдағы жаңа жылмен құттықтады. Баршасына жақсылық, шаңыраққа шаттық, толымды табыс, баянды бақ тіледі. Ізінше әрбір балаға естелік сыйлық ұсынды. Барлық қонақтар жаңажылдық шай дастарқанына шақырылды.
Әрбір бала жаңа жылдан тылсым сырға, сиқырға толы таңғажайып жаңалық күтеді. Ойлағанының бәріне ересектер арқылы қол жеткізеді. «Берсең-балаға бер» демекші, оларға әрдайым жомарт пейіл, ыстық ықылас, жылы мейірім қажет. Келешекте де әрбір баланы осындай шуаққа бөлейтін өз періштесі демеп-қорғап жүрсін.
Раушан БАРЖАҚСЫ.
Суретті түсірген автор.