Алтыншы сайланымдағы аудандық мәслихаттың ХХХІІ кезектен тыс сессиясы туралы АҚПАРАТ ХАБАР

Қарашаның соңғы жұлдызында алтыншы сайланымдағы аудандық мәслихаттың ХХХІІ кезектен тыс сессиясы өтті.
Оған аудан әкімінің орынбасары, дербес бөлім, мекеме, үкіметтік емес ұйым бастықтары, шақырылған өкілдер қатысты.
Сессияның төрағасы, №8 Пристанционный сайлау округі бойынша депутат Әбіш Сүлейменов күн тәртібін жария етті. Жалпы бұл жолы №12 Торғай сайлау округі бойынша аудандық мәслихаттың депутаты Әнуарбек Айтпаевтың депутаттық өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәселе көпшіліктің талқысына ұсынылған болатын. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қуат Мұқышев халық қалаулысынан мемлекеттік қызметке тағайындалуына байланысты жаңағыдай мазмұнда өтініш түскенін хабарлады. Шаршы топтағы әріптестер өтінішті қанағаттандыру туралы бірауызды тоқтам жасады. Өткен кезеңдегі бірлескен әріптестігі, сайлауалды тұғырнамасы мен сайлаушы аманатын іске асыруды көздеген қажырлы жұмысы, аудан экономикасын дамытуға, әлеуетін нығайтуға қосқан үлесі үшін алғыс айтты. Әріптеске жергілікті атқарушы билік жүйесіндегі жұмыста табыс пен сәттілік тіледі. Әнуарбек Олжабайұлына ілтипаттың нышаны, еңбегінің лайықты бағасы ретінде мәслихат аппаратынан Алғыс хат, естелік сый ұсынылды.
Бұрынғы депутатымыз өзінің жауап сөзінде жаңа іске қадам жасарда бәрін саналы түрде салмақтағанын, мандат пен сайлаушы аманатының жүктелген міндетке адал ниет танытуға дем бергенін мәлімдеді. Туған жерді әрмен қарай гүлдендіруге бірлескен күш-жігермен үн қосатынына үміт білдірді.

«Ерейменнің» өз ақпараты.