АРМЫСЫЗ, ТУҒАН ОТАН – ҚАСИЕТТІ ҚАЗАҚ ЕЛІ!

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында №8 Агротехникалық колледжінде салтанатты сап жиыны өтті. Мерекеде «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» тақырыбы қамтылды.
Ұйымдастырушылар – тәрбие жұмысы бойынша орынбасар Бибігүл Батталова, жастар ісі бойынша инспектор Зухра Тасболатова.
Жүргізушілер Арина Васина мен Райымбек Назыров Елбасының авторлық «Үш қоңыр» әнінің әуенімен шара шымылдығын ашып берді. Тәуелсіз еліміздің Әнұраны әуеледі.
Тұңғыш Президент күнін мерекелеудің негізгі мақсаты Тәуелсіздік жылдарында, бүгінгі күні және болашақта елдің қалыпты дамуына негіз болған Мемлекет басшысының бастамасы мен саясаты айналасына қоғамды ұйыстыруға арналады. Назар аударарлық жайт: Тұңғыш Президент – Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендік саясаты Қазақстанды Орталық Азия, ТМД елдері кеңістігінде алғы шепке шығарды, халықаралық деңгейде беделін асқақтатты. Ол жүргізген салиқалы ішкі-сыртқы саясат қарыштап дамыған, экономикасы әлеуметтік бағдарланған, заманауи мемлекет құруға жол ашты.
Білім ордасының директоры Руслан Хамзин, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Медеу Әбжіков, партияның Саяси кеңесінің бюро мүшесі Сара Дүйсембаева қонақтарды, оқытушылар мен студенттерді құттықтады.
Студенттер музыка әуенімен қазақ-орыс тілінде өлең оқыды, ән шырқады, Президентіміздің қызметімен тығыз байланыс тапқан тәуелсіз мемлекеттің қалыптасу тарихына, Қазақстанның гүлденуіне, халықтар достығына тоқталды. Елбасы жайында фильм-слайд қатар көрсетіліп отырды.
Шара баршасын Президентке, «Қазақстан-2050» бағдарын жүзеге асыруда қол жеткен табысқа, техникалық, кәсіптік білім саласы мамандарының қажырлы еңбегіне мақтаныш, жалпы патриоттық сезіміне жетеледі.
Қорытынды кезекте Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Сіздер, жас ұрпақ, Қазақстанның болашағысыздар. Бәріңе оның құрылымына, сақталымына, халықтар достығы мен татулығын нығайтуға арналған міндет жүктелмек. Ғаламшарда тұратын әрбір адам өз халқы, өз елі, өз жері мен тарихы үшін мақтаныш сезіміне бөленеді. Біз бүгінгі таңда келешекке негіз қалануы, Отанға адал қызмет ету үшін өткенді, бүгінгіні есте ұстауымыз қажет», деген ұсынысы аманат ретінде айтылды.

Людмила МАРКОВА.
Суретті түсірген автор.