ҰЛЫ ДАЛА ПЕРЗЕНТТЕРІ

«Рухани жаңғыру» бағдарламалық құжат шеңберінде Еркіншілік орта мектебінде кітапхана қызметкерлерінің аудандық семинары өтті.
«Бір ел – бір кітап» тақырыбы қамтылған жиынға оқу-әдістемелік кабинет меңгерушісі Қатима Әубәкірованың басшылығымен қала мен аудан мектептерінің сала еңбеккерлері шақырылды.
Әртүрлі жоспармен үйлестірілген шаралар «Ұлы дала перзенттері» ақпараттық сағатынан басталды. Оны мектептің кітапханашылары А.Батырхан мен О.П.Қайырова әзірледі. Шаршы топтағы қауым, негізгі бастама иесі АҚШ болған, «Бір ел – бір кітап» акциясының тарихы туралы мәліметке қанықты. Елімізде ол 2007 жылдан бері өткізіліп келеді.

dav

Игі істі кең ауқымда насихаттаған – Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы. Жылда өтіп жүрген жүздесуіміз белгілі бір автордың шығармасына, қазақ прозасы мен поэзиясының классигіне арналады. Ұйымдастырушылар акцияның мақсатын да алдын-ала белгіледі. Оқуды жолға қоюға арналған бағдарламаны дамытуды, оқу сауаттылығы мен мәдениетін қолдауды, рухани мұраны сақтауды, ана тілін қадірлеуді, жастардың өнегелілік-патриоттық тәрбиесін негізге алды. Жаңағы бағыттың бәрі бүгінгі күннің жоспарында айшықты көрініс тапты.
Танымал үш автордың еңбегі: Шәкәрім Құдайбердіұлының поэзиясы, Бауыржан Момышұлының «Наша семья» романы, Немат Келімбетовтың «Не хочу терять надежду» повесть-монологы республикада алғаш рет оқуға ұсынылды. Біз жаңағы авторлардың өмірі мен шығармашылығы қамтылған көрме ақпарына ықыласпен құлақ түрдік. Шәкәрімнің шығармаларынан сусындадық. Немат Келімбетовтың өмірі туралы фильм көрдік, авторлық повесінен монолог тыңдадық. Бауыржан Момышұлының өмірі мен шығармашылығы аясында кең ауқымды ақпар тыңдадық. Кітапхана активі Мұрат Ақмарал, Манарбек Есімбек, Бақытбек Асанәли, Ангелина Власова, Кристина Придуха, Әбіш Самғар, Бұсырманов Темірлан, Жолдымұрат Алтынжан, 3 «ә» сыныбының оқушылары бастауыш буында Шәкәрім Құдайбердіұлының «Адамдық борышың» өлеңіне арналған әдеби оқу бойынша көрнекі сабақты сәтімен өткерді. Мұғалімдер Г.Амангелді, Ж.С. Жүнісова, Н.С.Жүнісова, А.А.Чурчутпаева қонақтарға танымал ақынның, прозаиктің, аудармашының өмірі мен шығармашылығы туралы жоспары әркелкі, қызықты сабағын ұсынды.

dav

Әріптестер материал игерілімі мен пысықталымының түрлі әдістемесін сәтімен пайдаланды. Пән мамандары А.Молхы, Б.Дубайхан, С. Аманжол қонақтарды жан тебірентерлік, танымдық коучинг-сабағына шақырды. Тақырыбы Немат Келімбетовтың өмірі мен шығармашылығына арналды. Мектеп кітапханашылары топтық жұмысқа ықыласпен үн қосты. Тапсырма орындады. Мектеп оқушысы дайындаған қазақ әдебиеті классиктерін танудағы жазушының рөлі туралы ғылыми жұмысына көңіл қойды. «Не хочу терять надежду» повесть-монологының желісімен әзірленген, мүгедектің тағдыры, қоғамда алатын орны баяндалған шағын спектакльді тамашалады. Семинарға қатысушылар шығарманы міндетті түрде оқып шыққан жөн, оқырмандарға таныстырған орынды, деген тоқтамға келді.
Бауыржан Момышұлының «Наша семья» өмірбаяндық повесімен үйлестірілген бай бейнематериал, шығармалары топтастырылған кітап көрмесі, кейбір фрагменттерінің инсценировкасы, жазушы, Халық қаһарманы туралы оқушылар мәнерлеп оқыған өлеңдер жүрекке жылы тиді. Мұғалімдер Б.Б.Төлегенова, А.М.Сарқұлақова, А.М.Жампейісова дайындаған тарихи сабақ өте мазмұнды, патриоттық мәні терең болды. Туған жердің шынайы патриоттарына, Тұңғыш Президент күнін мерекелеуге арналған «Тұғыры биік тұлғалар» концерттік бағдарламасы тартымдылығымен ерекшеленді. Отанға, туған жерге сүйіспеншілікке, ұлыларды ұлықтауға лайықталған өлең оқылды, ән әуеледі. Оқушылар мен мұғалімдердің жеке орындаған әні, ер балалардың, кішкентай сыныптың өнерлі хор ұжымдары сахнаның сәнін келтірді. Семинардың ұйымдастырушылық деңгейі өте жоғары болды. Жан-жақтан келген кітапханашылар да тақырыппен үйлесімді мазмұнды да танымдық бағдарлама әзірлеген, тәжірибелі ұстаз Бақыт Исатаеваның жетекшілігіндегі мектеп ұжымына, аудандық әдістемелік кабинетінің мамандарына ризашылық білдірді.
Раушан НҰРҒАЗИНОВА.
Суретті түсірген автор.