СТАДИОН ИГІЛІККЕ БЕРІЛДІ

Тұңғыш Президент күніне орай және Елбасының 2019 жылды Жастар жылы ретінде жариялауына байланысты киелі Олжабай батыр атындағы ауылда айрықша шара ұйымдастырылды. Жастарға арналып көп функционалды ашық стадионның салтанатты ашылу рәсімі өтті. Мемлекеттік Ту көтерілді, Әнұран әуеледі. Салтанатты тұсаукесер лентасын ауданның рухани жаңғыру мәселесіне көп көңіл бөліп жүрген аудан әкімінің орынбасары Абай Әлжанов кесті. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сайлау Жылқыбаев ілтипат тілегін жеткізді. Әжелердің шашуы шашылды. Жергілікті мекеме басшыларының ұйымдастыруымен шағын концерт өтті. Тәуелсіз еліміздің осы бір айтулы күнінде Ұлт көшбасшысының барлық ғұмыр жолы, егемендік жылдарындағы игі ісі айшықталған баяндама әзірленді.
Елдің болашағы – жастардың қолында. Осы бағытта округ аумағында “Жастар” атты қоғамдық бірлестік құруға жоспар белгіленді. Алдағы болашақта жергілікті білім ордасында мәдени төл құндылықтарды дәріптейтін “Рухани жаңғыру” мектебін ашуға лайықталған мақсат баршылық.
(Ақпарат Вацап желісімен қабылданды).