АУЫЛ ЕҢБЕККЕРІ ӘСПЕТТЕЛДІ

Үмбетей жырау атындағы аудандық мәдениет үйінде ел экономикасының маңызды саласының – ауданымыздың агроөнеркәсіп кешені еңбеккерлеріне арналған салтанатты жиналыс өтті.
Өңіріміздің еңбек үздіктері жуырда өткен облыстық шарада әспеттелген болатын. Шаршы топта көпшілікті құттықтаған аудан әкімі Виктор Радченко ауыл еңбекшілерінің қол жеткізген жетістігіне тоқталды. Жалпы алаңы 72000 гектарға жуық алқаптың егіні жиылды. Орташа гектар өнімділігі 10 центнерден айналды. Нәтижесінде 63000 тоннадан астам астық бастырылды. 520 гектар жүгері егістігінен 4710 тонна жасыл балауса алынды. 242 гектар жерден картоп пен көкөніс жиналды. Орта есеппен әр гектардан 150 гектар түсім алынды. Бірқатар шаруашылықтар толымды нәтижеге қол жеткізді. «Ерейментау Ақбас» ЖШС (директоры Мұрат Шәмшинұров) егіннің әр гектарынан 22,3, «Ерейментау Құлан» ЖШС (Бағдат Маратов) -16,0, «Алиби Павловка» ЖШС (Жанайдар Аушахметов) -12,5, «Вефиль» ЖШС (Висит Кекаев) -12,5, «Жалғас Агро» ЖШС (Сағидолла Биекенов) -10, «Новомарковка-2010» ЖШС (Әділхан Сейітжанов) -9,5, «Нұр Аli» ЖШС (Бекім Әкімов) -10,2 центнерден астық жинады. Құптарлық үлгі ретінде аталған жайт, тәуекелді егіншілік жағдайымен орайласқан егін күтіміне технологияның қатаң сақталымы, заманауи үлгісінің қолданысы астық молшылығына жан-жақты септесті. Қазіргі таңда «Еркіншілік элеваторы-2002» ЖШС мен «Ерейментау Астық-2014» ЖШС астық қабылдау кәсіпорнына жалпы 70000 тоннадан астам өнім сақтауға тапсырылды. Ағымдағы жылдың 10 айы ішіндегі жалпы өнім шығарылымы 13 миллиард теңгеден асты. Бұл кірістің 3 миллиард теңгеден астамы егіншілік саласының, өзгесі – мал шаруашылығының үлесінде. Өнім индексі 111,7 пайызды қамтыды. Етті мал өсірілімі басым бағытпен өркендеп келеді. Жалпы 150-ден астам шаруашылық осы кәсіпке мамандануда.
Есепті кезеңде асыл тұқымды малдың саны көбейді. Жалпы мәлімет бойынша – 4395 бас немесе бүкіл ірі қара түлігінің 10,3 пайызына тең, өткен жылғы көрсеткіштен 2 есе артық. «Торғай» (директоры Валерий Кармелюк), «Ерейментау Құлан» (Бағдат Маратов), «Кеңөткел НС» (Серік Биімжанов), «АК 14 Партнерс» (Әнуарбек Бәйменов), «Simagro» (Абай Айтбаев), «Баеке» (Қажымұрат Түкібаев), «Масақпай» (Ерболат Қанафин) жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Айдар» (Айдар Нығметов), «Береке-5» (Әсет Қанапиянов), «Соколинки и К» щаруа қожалығы (Владислав Кармелюк), «Қайнар» жеке кәсіпшілігі (Ромбай Тілеухан) «Абердино-Ангус», «Герефорд», «Қазақтың ақбас тұқымды» ірі қарасын өсіріп-өткізуде.
Аудан әкімі жергілікті өндіріс иелерінің мал шаруашылығын, осы санатта асыл тұқымды мал өсірілімін дамытуға, етті мал күтіміне, тауарлы-сүт фермасын құруға арналған мемлекеттік бағдарламаға үн қосып жатқанын қоса айтты. Осының бәрі Астананың айналасында азық-түлік белдеуін құруға негіз болады.
Шаршы топта ауыл шаруашылығы және ұқсату өнеркәсібі еңбеккерлері салтанатты жағдайда көтермеленді. «Жалғас Агро» ЖШС директоры Сағидолла Биекенов Ауыл шаруашылығы министрлігінің грамотасымен марапатталды. Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Абылай Иманжүсіпов, «Ерейментау Ақбас» ЖШС агрономы Арыстан Күшікбаев, «Ерейментау Құлан» ЖШС малшысы Николай Байрамов облыс әкімінің грамотасына қол жеткізді. Әрмен қарай ауданның үздік шаруашылық басшылары мен еңбеккерлері Висит Кекаев, Кондрат Сирияк, Алмасбек Жантурсан, Серік Қартабаев, Абай Айтбаев, Иван Лесной, Қайыргелді Қаналимов, Иван Пискунов, Юрий Гончар, Дмитрий Тайшубаев, Жасұлан Құсайынов, Самат Сәбитов, Леонид Келлер ілтипатқа ілікті. Қала мен ауылдық жердегі сала ардагерлері елеусіз қалған жоқ, оларға кәсіптік мейрам құрметіне естелік сыйлық ұсынылды.
Сапар Барлыбаевтың жетекшілігіндегі мәдени орда өнерпаздары көрермен қонақтарға тартымды да мазмұнды концерт қойып берді.
Раушан БАРЖАҚСЫ.
Суретті түсірген автор.