«БІЗДІҢ МЕКТЕП ОНЫҢ АТЫНДА»

«… мақсатты мемлекеттік тапсырыс ұйымдастыру арқылы қазіргі әдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақындар және ел билеген тұлғалар бейнесінің маңызды галереясын жасауды қолға алу қажет».
(Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан).
Жерлес қаламгер, фантаст-жазушы, ақын Төлеу Шахановтың есімі баршаға кеңінен танымал. Қаламыздың іргелі білім ордасының бірі – №3 орта мектебіне 1999 жылы шығармашыл тұлға есімі берілген болатын. Еліміздің Тәуелсіздік мейрамы қарсаңында оқу орнында мақаламыздың тақырыбымен үндескен әдеби сағаты өтті.
Кіреберістегі шағын көрмеге ықыласпен назар аудардық. Қызықты да тартымды мағлұматтардан бірталай сырға қанықтық. 1971 жылы берілген «За трудовую доблесть» медалінің куәлігі, КСРО Жазушылар одағына мүшелік билеті (№13995) автордың шығармашылық жолынан хабар береді. Әр жылдары баспадан жарыққа шыққан өлеңдер жинағынан бөлек, тағы бір құнды дерек көзімізге оттай басылды. Төлеу аға институтта оқып жүрген сәтте 1963 жылдың 26 ақпанынан 1 маусымына дейін аудандық «Прогресс» газетінде өндірістік тәжірибеден өткен екен. Редактор, соғыс ардагері Владимир Тарасевичтің қолы қойылған, жазу машинкасына бастырып берген мінездемесінің түпнұсқасын көргенде қатты қуандық.
Кезінде жазушының өзі білім алған мектебіне атын бергізуге сырлас жеңгесі Нұрбала Атамбаева, зайыбы Қарлығаш Зейінқызы, сыныптасы, газетіміздің 1980-2004 жылдардағы редакторы марқұм Серік Жұматов, бұрынғы директор Геннадий Кулагин, аудан әкімдігінің ономастика комиссиясы өлшеусіз еңбек сіңірді.
Сахнадан екі тілде тиісті мәнерімен оқылған авторлық әрбір өлең жүрекке жылы тиіп жатты. Әсіресе орыс сыныбындағы отандас ұл-қыздардың ақын шығармасына, жалпы мемлекеттік тілге ықыласы жан сүйсінтеді. Ақын поэзиясының түпкі мән-мазмұны өскелең жасты қайырымдылыққа, адамгершілікке, отаншылдыққа, туған жерді аялай білуге үндейді. 1966 жылы «Бәйге» атты тырнақалды өлең жинағын жарыққа шығарғанда қалам иесі небары 24 жаста екен. Кезінде есімі көпке танымал «Дос Мұқасан», «Айгүл» ансамблі, белгілі әнші Гүлнұр Оразымбетова орындаған, ақынның сөзіне жазылған «Аққулар» әні әнсүйер қауымның бірнеше буынының бойтұмарына айналды.
Төлеу ағаның фантастика жанрында да кесек дүние қалдырғаны баршаға аян. Белгілі жазушы-журналист Жанат Елшібек кезінде республикалық «Жұлдыз» әдеби-көркем журналына мақала жариялаған. Негізінен орыс тілінде жазылған шығарманы бауыры Төлеш қазақша сөйлетеді екен. Түпкі мазмұны, бүгінде жаһанды алаңдататын, экология проблемасын қамтыған «Көгілдір мұнаралар» прозалық туындысы ойымызды дәлелдей түседі. Сонымен қатар «Қазақстан жазушылары» және жерлес ақын Сайлау Байбосынның «Ерейментау» энциклопедиясында тартымды мәлімет келтірілген. Мектептің өзінде де ақынның арнайы фотоурет сайты ашылған екен.
Ұстаз Людмила Канцаринаның бейнетаспаға жазылған естелігі, сыныптасы Қуандық Азмағамбетов ақсақалдың әңгімесі, өлкетанушы Манап Әдірешевтің ризашылық лебізі кеш иесі жайындағы дерек көкжиегін кеңейте түсті. Бөгенбай батыр атындағы қазақ орта мектебінің қазақ тілі-әдебиеті сабағының мұғалімі Күлизат Құсайынова бағалы ұсыныс жолдады. Келешекте ақын өлеңін арнайы жинақтауға, аудандық деңгейде Шаханов оқуларын өткізуге ақыл қосты. Оны шаршы топтағы білім бөлімінің мамандары қолдады.
Негізгі ұйымдастырушы – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің маманы Қарлығаш Тағиманованың молынан ізденгеніне, толымды еңбегіне, мақсатына жеткеніне бәріміз куәгер болдық. Шәкірттерінің ой-өрісінің кеңдігіне, поэзия жанрына ықылас-ниетінің молдығына көңіліміз толды.
Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДІ.
Суретті түсірген автор.