«ДИАС» БАҚШАСЫНА – 3 ЖЫЛ

Бүгінде ниет білдірген жанға өз қабілеті мен білім-білігін игі кәсіпке арнауға жол ашық. Әсіресе нарықтағы сұраныс ыңғайымен үйлесімді істі қолға алғандардың бақ жұлдызы жарқырай жанатыны анық. Осындай тәуекелге барған, тырнақалды еңбегі жанған жерлесіміздің бірі – білікті педагог апай Рымтай Әлмұқанқызы Жақина.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік үлгісінде ашылған «Диас» балабақшасының тұсаукесер рәсімінде көпшілікпен бірге біз де бөркімізді аспанға ата қуанған едік. Үлкендер дәл сол сәтте жаңа бастамаға батасын арнады, кәсіп иелері, салалас мекемелердегі әріптес қауым алғашқы байғазысын ұсынды. Бертін ұтып алған арнаулы грантты да мекеме иесінің материалдық әлеуетті нығайтуға, орын желісін кеңейтуге – ортақ игілікке арнағанын естігенімізде: БӘРЕКЕЛДІ, дестік. Бірнеше маманның осы білім-тәрбие ордасынан көңілі қалаған кәсібін тапқаны да зор ғанибет емес пе?! Міне, оған да үш жыл өтіпті.
Жаңағы оқиғаға орайлас мерекеге Үмбетей жырау атындағы аудандық мәдениет үйіне шақыру алдық. Сахна төріндегі кішкентай өрендеріміздің бал тілінен, тырнақалды өнерінен сусындадық. Әсіресе қазақша айтқан шағын тақпағы, әсем әні, тартымды биі, ұлттық нақыштағы жарасымды сахна киімі жан сүйсінтеді. Барлық немерелер ата-әже мен көрермен қауымның ризашылық қошеметіне бөленді. Мекеменің күнделікті іс-тірлігінен сыр шертетін бейнекөрініс – жасандылықтан ада, шынайылықтың жарқын үлгісі.
Аудан әкімінің орынбасары Абай Әлжановтың, ағарту ісінің ардагері Ғалия Сырымбетованың тілек лебізі бір арнаға тоғысты. Қалада балабақшаға кезек көбейген шақта бала тәрбиесін қолға алуды, туған жерге, халыққа пайдасын тигізуді көздеген әріптес еңбегінің оң нәтиже бергенін әңгімеге негіз етті. Ата-аналардың көтеріңкі көңіл-күйінен, жадыраңқы жүзінен осы ойды оқыдық, көкейге көп әсер тоқыдық. Әкімнің әлеуметтік мәселелер бойынша орынбасары, кәсіпкерлік, ішкі саясат, халықты әлеуметтік қорғау бөлімі, кәсіпкерлер палатасы, «Ерейментау» газетінің редакциясы мүмкіндігіне қарай демеушілік көмегін ұсынып жатты.
Бүгінгі игі шараны ұлттық тәрбиеге ден қойған әріптес мамандардың күнделікті қажырлы еңбегінің өзіндік әдістемелік-шығармашылық есебі ретінде қабыл алдық.
«Бала – болашағымыз» десек, келешегіміздің баянды болуы ұрпағымызға жастайынан берілетін ұлттық нақыштағы тәрбиемізге тікелей тәуелді. Немерелеріміздің жақсы ортада, сенімді қолда тәрбие алатын, қамқорлық үлгісімен ауылдық жерде де ұлттық нақыштағы жаңағыдай білім-тәрбие ошағының іске қосылып жатқаны – жақсылықтың нышаны, тәуелсіздігіміздің жемісі.
Раушан НҰРҒАЗИНОВА.
Суретте: мереке көріністері.
Суретті түсірген автор.