«ЕР ТӨСТІК» ЖАҢА ДОСЫН ЖИНАУДА

Тәуелсіздік күні қарсаңында Новомарковка ауылдық округінде баршасы көптен аңсап күткен қуанышты оқиға болды. «Ер төстік» балалар бақшасы өз есігін айқара ашты.
Кіреберіс аула түрлі-түсті шармен көмкерілген, көңілді балалар әуені ойнап тұр. Жүргізушілер құрметті қонақтарды: аудан әкімін, өзге өкілдерді, №7 Новомарковка сайлау округінен аудандық мәслихаттың депутатын көпшілікке екі тілде таныстыруда.
Ауылдастарды құттықтаған өңір басшысы Виктор Радченко егемен ел мерекесімен орайластырылған бүгінгі оқиғаның кішкентайлардың есінде қалатынын айтып өтті. Келешегіміздің туған жерде лайықты білім мен тәрбие алатынына, өз елінің бәсекеге қабілетті азаматы болып өсетініне үміт білдірді. Ұстаздар қауымына қиын да игілікті еңбекте шығармашылық табыс, берік төзім, денге саулық, бейбіт өмір тіледі.
Баршаның қошеметімен аудан әкімі Виктор Радченко мен балабақша құрылтайшысы Мереке Төлегенов жаңа үйдің лентасын қиды. Әжелер дәстүр бойынша шашу шашты.
Қуанышты жүзбен ішке енген үлкендер ғимаратты толық аралап шықты, музыка залында ұйымдастырылған концертті тамашалады. Сахнаға мереке иелері – бүлдіршіндер шақырылды. Ұл мен қыз мәнерлеп өлең оқыды, «Алға, Қазақстан!» әнімен би билеп берді. Қонақтар өздерінің алғашқы көрімдік-байғазысын тарту етті.
Ағарту ісінің ардагері Амангелді Төлеуов күмбірлете күй шертті. Балабақша меңгерушісі Елена Леухина мен әдіскер Динара Жәйтікова құттықтау лебізін жолдады.
Мектепке дейінгі мекеменің ұжымы мен ата-аналар игі іске бастама көтерген, моральдық-материалдық қолдау көрсеткен жандарға алғыс айтып жатты.
Мерекелік шара осымен өз мәресіне жетті. Келесі күні таңғы сағат 8-ден жаңа білім ордасы бөбектер мен ата-аналарды асыға күтетін болады. «Ер төстікте» педагогтар мен қатардағы мамандарды қосқанда тірек елді мекенінен жалпы оннан астам адам жұмыс тапты. Бес топтың үшеуі қазақша, екеуі орысша. Бүгінгі күні 120 орындық бақшаға 67 бүлдіршін келеді. Сабақ мемлекеттік оқу-тәрбие бағдарламасымен үйлестірілмек. Қосымша би үйірмесі мен каратэ спорт секциясы ашылады. Вокал үйірмесі де құрылмақ ниетте.
Людмила МАРКОВА.
Суретті түсірген автор.