«ЕРЕЙМЕНТАУ АУДАНЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТТАРЫ»

Жылдағы дәстүріміз бойынша, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні қарсаңында Үмбетей жырау атындағы аудандық мәдениет үйінде ауданымыздың сыйлы азаматтары әспеттеледі. Олар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосты, туған жердің қоғамдық, мәдени, спорттық өміріне белсене араласты. Сала қызметкерлерінің кәсіподағы, мекеме ұжымдары, аудан тұрғындары үміткерлердің есімін комиссияның қарауына жолдап отыр. «Ерейментау ауданының құрметті азаматы» атағына ұсынылған үміткерлер аудандық мәслихаттың сессиясында бірауыздан бекітілді.
АЙТМАҒАМБЕТОВ НҰРЛЫБАЙ ҚАБЫШҰЛЫ
Айтмағамбетов Нұрлыбай Қабышұлы Ерейментау қаласында туып өсті. Еңбек жолын 1963 жылы 6-жол дистанциясында жолшыдан бастады. Сол жылы Новосібір темір жол көлігі инженерлері институтының өнеркәсіп-азаматтық құрылыс факультетіне оқуға түсті. Еңбекке араласқан кезеңде тиісті ыңғайына қарай құрылысшы-шебер, бас инженер, Ерейментау ауаткомының сәулетшісі, ПТО бастығы, Уақтас зауытының директоры, тау-кен цехының басшысы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаментінің мемлекеттік еңбек инспекторы лауазымын иеленді. 2009 жылы зейнетке шықты. Құрметті демалысқа шықса да, осы салаға қажетті маман ретінде ауданымыздың тау-кен ұқсатылым кәсіпорнында жұмысын жалғастырды. Жалпы еңбек өтілі – 48 жыл.
Еңбек еткен уақыты ішінде талай мәрте аудан әкімінің, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаментінің грамотасымен, мақтау хатымен көтермеленді.
***
ДУКАРТ АЛЕКСАНДР ФРАНЦЕВИЧ
Александр Францевич Дукарттың 1962 жылдан басталған бүкіл 40 жылдық еңбек қызметі дене тәрбиесі мен спортқа арналды. Әскери міндетін өткерді. Қазақ дене тәрбиесі және спорт институтының түлегі. Жоғары білімді маман. 1976 жылы Ақмола облысы Ерейментау қаласындағы БЖСМ директоры лауазымына тағайындалды. 2007 жылға дейін директор, волейбол бапкері болып жұмыс істеді. 2007 жылдың маусымынан бері зейнеттік демалыста. Спорт саласындағы жалпы еңбек өтілі – 40 жыл.
Директор, бапкер ретіндегі еңбек қызметі үшін талай мәрте білім бөлімінің, дене тәрбиесі және спорт бөлімінің, Ақмола облысы ағарту департаментінің, Ақмола облысы дене тәрбиесі және спорт басқармасының мақтау қағазымен көтермеленген.
«Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 20 жыл», «Қазақстан тәуелсіздігіне 10 жыл», «Ерейментау ауданына 90 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған.
Өскелең ұрпақтың дене тәрбиесі ісіндегі табысы, спортты дамытудағы жетістігі үшін «Қазақ КСР-ы ағарту ісінің үздігі», «Волейболдан Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген бапкер» атағы берілген.
***
ПОДКЕНОВ ӘНТАЙ ШАПИҒҰЛЫ
Әнтай Шапиғұлы 1969 жылы Целиноград медицина институтын терапевт-дәрігер мамандығы бойынша тәмамдаған. Өзінің негізгі мамандығы бойынша Ерейментау аудандық орталық ауруханасына жұмысқа жолдама алған. 37 жыл табан аудармастан бір мекемеде халыққа қызмет көрсеткен.
Жаңағы уақыт аралығында терапия бөлімшесінің меңгерушісі, учаскелік терапевт, бас дәрігердің орынбасары және қайтадан учаскелік терапевт қызметін атқарды. Сыйлы дәрігер 2006 жылы зейнеттік демалысқа шықты. Дәрігерлік кәсібін оқытушылық іспен орайластырды. Целиноград медицина училищесінің Ерейментау қаласында ашылған филиалында «Ішкі науқастар» курсы бойынша лекция оқыды.
Соңғы 15 жыл бойы Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, интернационалист-жауынгерлерге, Чернобыль апатының зардабын жоюшыларға қызмет көрсетті. Студенттік кезеңнен донорлық қозғалысқа белсене үн қосты. Осы саланы насихаттады, жалпы 100 литрден астам қан тапсырды. «КСРО құрметті доноры», «Қазақ КСР-ының құрметті доноры» төсбелгісімен марапатталған.
Аудан халқының денсаулық көрсеткішін жақсартуға сүбелі үлес қосқаны үшін талай мәрте қала әкімдігінің, аудан әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапатталды. Денсаулық сақтау саласына сіңірген еңбегі үшін «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» мерекелік медаліне ұсынылды.
***
ӨСІПОВ ҚАЙРАТ ҚАРАТАЙҰЛЫ
Қайрат Қаратайұлы Өсіповтың бүкіл еңбек қызметі мәдениет пен халық ағарту саласына арналды. Осы жүйедегі жалпы еңбек өтілі – 38 жыл. Еңбек жолын Усанбай ауылында автоклуб меңгерушісі лауазымынан бастаған. Ағарту саласындағы еңбек жылдары ішінде мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, директор лауазымын иеленді .
Педагогикалық қызметте жүрген уақытында өз ісінің бесаспап маманы, білікті ұйымдастырушы, ұстаздар ұжымына қоса өскелең ұрпақтың тәрбиешісі ретінде танылды.
Еңбек еткен кезеңі ішінде «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Жоғары санатты, 14 дәрежелі ұстаз-педагог мәртебесін иеленді.
Аудандық мәслихаттың депутаты бола жүріп, белсенді қоғамдық қызметі үшін «Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл» медалімен марапатталды.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына белгілі үлес қосқан тұрғын ретінде есімі «Құрметті кітап» кітабына енгізілген.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі, аудандық мешіттің басқарма мүшесі.
«Еңбек ардагері», «Ерейментау ауданының құрылғанына 90 жыл» медалінің, облыс пен ауданның білім басшыларының Алғыс хатының иегері.
***
ӘЛДІБЕКОВ ҚАЗБЕК ҚАНАПИЯҰЛЫ
Қазбек Қанапияұлы Әлдібековтың кәсібі ауыл шаруашылығы саласына арналған. Еңбек жолын кіндік қаны тамған Ажы ауылында механизаторлықтан бастады. Ізінше арнаулы орта білім алды. 1981 жылдан жаңа Қойтас кеңшарында бригадир қызметін атқарды.
1995 жылдың наурызында Қойтас ауылындағы «Қызылжар» біріккен шаруа қожалығының директоры болып тағайындалды. 9 жылдан астам уақыт «Береке-5» шаруа қожалығының механизаторы болды. 2015 жылдың қарашасында зейнеттік демалысқа шықты. Ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы еңбек өтілі – 45 жыл.
Еңбек қызметі үшін талай мәрте медальмен, грамотамен көтермеленді. ІІ және ІІІ дәрежелі «Трудовой славы» орденінің, ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» төсбелгісінің, БЛКЖО «Золотой колос» медалінің, БЛКЖО Орталық комитетінің «Бесжылдықтың жас гвардияшысы» төсбелгісінің, «Ерейментау ауданының құрылғанына 90 жыл» медалінің иегері.
***
ҒАЛИЕВ ЕСЕНБАЙ БАСПАҚҰЛЫ
Доктор Есенбай Баспақұлы Ғалиевті ауданымыздың бүкіл ересек тұрғыны білікті маман, зерделі дәрігер ретінде таниды. Жерлесіміздің денсаулық сақтау жүйесіндегі қызметі 1977 жылы басталды. Қарағанды дәрігерлік институтының түлегі Өлеңті ауруханасының бас дәрігері лауазымына ұсынылды. Ізінше Ерейментау қаласының жедел жәрдем стансасының меңгерушісі, аудандық аурухананың терапия бөлімшесінің меңгерушісі және зейнеттік демалыс жасына жеткенше емхананың емдеуші терапевт-дәрігері қызметін атқарды. Бір саладағы жалпы еңбек өтілі – 37 жыл.
Еңбек қызметі үшін аудан әкімінің құрмет грамотасымен, алғыс хатымен көтермеленді. Халық ол кісіге баяғыда «Үздік терапевт» атағын берген.