«КӨРКЕЙ, ГҮЛДЕН, ЖАЙНАЙ БЕР, ТУҒАН ӨЛКЕМ!»

Осындай айшықты атаумен Үмбетей жырау атындағы аудандық мәдениет үйінде ел тәуелсіздігінің 27 жылдығына арналған салтанатты жиналыс өтті.
Мерекелік нақышпен көркем безендірілген көрермендер залына қала мен аудан халқы жиналды. Барша қауым мемлекет тарихындағы елеулі датаны бірлесе атап өтуді мақсат етті. Аудан әкімі Виктор Радченко жерлестерді Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күнімен құттықтады. Ел экономикасының осы кезең ішіндегі маңызды белесін, халықаралық деңгейдегі биік мәртебе-беделін, ұлтаралық, дінаралық келісімнің нәтижесіндегі тұрақты ахуалды, Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауының әлеуметтік бағыттылығын әңгіме өзегіне айналдырды.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың республикамыздың озық үлгідегі, инновациялық даму жолында атқарған елеулі рөлін де қамтып өтті.
Мерекелік дата құрметіне аудан экономикасының түрлі сала еңбеккерлері, мамандары, мемлекеттік қызметкерлер Мақтау қағазымен, Алғыс хатпен көтермеленді.

Адал қызметі, өз міндетіне жауапты көзқарасы үшін Марат Сәдуақасов, Абылай Иманжүсіпов и Астанаға 20 жыл мерейіне ұсынылды. Қазбек Бекив, Александр Фомушкин, Сәуле Садықова, Гүлбағдат Сағиева, Гүлсара Айдынбаева, Жұлдыз Әбдірахманова, Анна Клявочкина, Бауыржан Тасболатов, Татьяна Белая, Рахила Жаңабекова, Жамал Сейтқазина, Ұлпан Бектұрсынова, Гаухар Серғалиева, Рүстем Қоқымбаев, Динара Әбдірахманова ілтипатқа ілікті. Оған қоса жеке кәсіпкерлер Ербол Бәйкенов, Раиль Хуснутдинов, Сергей Карасенц қаланың қоғамдық өміріне белсене араласқаны үшін мадақталды.
Аудандық мәслихаттың хатшысы Қайрат Махметов көпшіліктің қошеметімен, құптарлық ниетімен Ерейментау ауданының құрметті азаматтарының есімдерін жария етті. Жерлестеріміздің бәрі өз білімін, өмірлік тәжірибесін, күш-әлеуетін зейнеттік жасқа дейін өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына арнаған көпке сыйлы, осы атаққа әбден лайықты жандар.
Аудандық мәдениет үйінің әртістері ереймендіктерге тартымды концерт қойып берді, мерекелік көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Раушан НҰРҒАЗИНОВА
Суретті түсірген автор