ТӘУЕЛСІЗДІК – ТӘҢІР СЫЙЫ

Тарих сахнасына қарасақ халқымыздың тәуелсіздік жолында нәубетті кезеңдер аз болмағаның байқаймыз. Егемендік жолы талай боздақтардың қан-жасын артта қалдырды.Оны мына өлең жолдарынан аңғару қиын емес:
Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді,
Ел-жұртынан айрылған жаман екен,
Қара көзден мөлтілдеп жас келеді.
Ата-бабаларымыздың аңсаған арманы – тәуелсіз ел болу. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін батыр бабаларымыз ақ білектің күшімен қару алды, жазушы-ғалымдарымыз елді жігерлендіру үшін қылқалам ұстады, діндар бабаларымыз алақан жайып, хақ тағаладан дұға-тілек сұрады. Ел басына күн туған қиын-қыстау шақта бір Алладан медет сұрап, сыйыну – шын имандылықтын белгісі. Халқымыздың бағына орай, ақ найзаның ұшы, ақ білектің күші, ақыл парасат, жүректегі имандылығы бабаларымыздың бойында болған. Осы үш қасиеттің қадірімен Алла Тағала халқымызға азаттық таңын атырып, тәуелсіздік сыйын тарту етті.
Кешегі жасалған дұғаның жемісін, бүгінгі буын біздер көріп отырмыз. Жаппар Иеміз бабаларымыздың дұғасын қабыл алды, сол армандап кеткен мамыражай заман, ең үлкен нығметін біздің басымызға жазды. Яғни біздер тәуелсіз елдің азаматтарымыз. Кәф сүресінің 82 аятында: «Ал енді там (үй); бұл қаладағы екі жетім баланікі болып, оның астында ол екеуіне тән қазына бар еді. Сондай-ақ әке-шешелері түзу кісі болғандықтан Раббың, ол екеуі ержетіп, қазынаны шығарып алуын қалады. Бұл Раббыңнан бір мәрхамет еді» – деп баяндалады. Ғалымдар бұл аяттағы жетім балалардың ата-бабасы, жеті атасы иманды салихалы болғандықтан, Алла Тағала олардың ұрпақтарына жақсылық қалады. Міне, біздерге де ашық аспан астында бейбіт заман сыйлағаны бабаларымыздың хақ жолды берік ұстағанынан, имандылықта бекем, ынтымақ-бірлікте болғандығынан болар.
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім өз үйінде (отбасының қасында) амандықпен ешкімнен қорықпай, дені сау және бір күндік тамағы болып таң атырса, бүкіл дүние алдына жиналғандай болады»,-деген. Аталған жақсылықтардың барлығы бүгінде халқымызға нәсіп болып, тыныштық заманында өмір кешуде. Лайым солай болсын! Сондықтан біздер осы тыныштыққа көп шүкіршілік айтуымыз керек. Себебі, шүкірлік пенденің нығмет-ризығын арттырады. Ал, шүкір етпеу Алланың азабына жақындатады. Құранда: «Егер шүкір етсеңдер (берген игіліктеріме алғыс білдірсеңдер), сендерге оны міндетті түрде арттыра беремін. Ал, егер күпірлік етсеңдер (игіліктерімді мойындамасаңдар), шын мәнінде азабым өте қатты», – деп ескерткен.
Елдің тыныштығын бағалап, оны сақтауға атсалысуда үлкен шүкіршілік болады. Көп жағдайда жұмысты тындырғандай тәуелсіз ел болдық деп ұрандаймыз. Алайда, егемендікке қол жеткізгеннен гөрі, оны сақтау қиын, өйткені бодан елге қарағанда, тәуелсіз мемлекеттің дұшпандары көп болады. Ол өз кезегінде елдің дербестігіне үлкен қауіп. Сондықтан, егемендігімізді баянды қылып, оны келешек ұрпаққа жеткізу бүгінгі ұрпақтын алдындағы абыройлы міндет. Жаратқан Иеміз жар болып, баянды егемендік, тыныштық заман нәсіп етсін.
Еркебұлан ИСЕНОВ,
Тоқан хазірет мешітінің найб-имамы