ТҰЖЫРЫМДЫ ӘҢГІМЕ ӨРБІДІ

Нәзік жандылардың бизнесі бүгінгі күні жаңа уақыт лебінің жарқын үлгісі. Тіпті ол қыз-келіншектердің өмірлік, сүйікті кәсібіне айналып барады.
Жас шамасы мен әлеуметтік әлеуеті әркелкі замандастарымыздың арасында бұл кәсіптің бұқаралық сипат алғаны сөзімізге айқын дәлел.
Тоқсаныншы жылдардың қиын кезеңінде өз жерлестеріміз жекеменшік дүкен сөрелерін тиісті ассортиментімен халық тұтынатын бұйым мен азық-түлікке толтырды. Сауда-саттық ісін іркіліссіз жүргізді, тұрмыстық қызмет көрсетілім желісін де кеңейтті.
Ауданымызда бүгінгі таңда бірқатар кәсіп иелерінің есімі белгілі. Олар мал өсіреді, тігін, шаштараз, сауда қызметін көрсетеді, мемлекетпен ынтымақтастық негізде жекеменшік балабақшада бала тәрбиелейді.
Кәсіпкерлер палатасының филиалында қаламыздың кәсіпкер келіншектерінің Ақмола облысы іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Дәмелі Қойшинамен әңгіме сағаты ұйымдастырылды. Ұйым жетекшісі бірлестіктің мақсаты мен міндетіне көпшіліктің назарын аударды. Өз өкілдерінің тұтас өңір мен облыс өміріне белсене араласатынын құптарлық үлгі ретінде танытты. Кәсіби шеберлікті шыңдауға лайықталған шаралар, ҚР заңнамасы шеңберіндегі жұмыс, қайырымдылық амалдары, шеберлік сағаты, жеке жүздесу, әлеуметтік желі негізіндегі қарым-қатынас әңгіме өзегіне айналды. Облыстық қауымдастықтың алдағы жұмыс жоспары қамтылды. Бірлестіктің жастар қанаты, Елбасы жариялаған Жастар жылы, атқарушы биліктің жастарды шағын және орта бизнес жобасына қатыстыруға лайықталған жоспарлы жұмысы әңгіме арқауына айналды.
Кәсіпкерлер палатасының филиалында қазірдің өзінде осы бағыттағы өз жетістігі баршылық. Мысалы, ағымдағы жылы 185 адам «Бастау Бизнес» бағдарламасы аясында кәсіпкерлік негіздері курсынан өтті. Түлектер, сертификат иегерлері, дербес ісін жүргізуге жалпы 170 миллион теңге несие ресімдетті. Филиалдың директоры Серікпай Көшкінбаев ол жөнінде тұжырымды ақпар ұсынды.
Қаланың бизнес жетекшісі өзекті мәселесін, өз тауарын өткізуге, тұрақты табыс табуға арналған идеясын ортаға салды. Нәтижесінде ыстық ықыласты жүздесуі, пайдалы кеңесі үшін қонаққа алғыс айтылды.
Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДІ.
Суретті түсірген автор.