ӨЗ ІСІНЕ ТӨСЕЛГЕН ЖІГІТ

Бозбала шаққа жеткен, ақылына көркі сай інімізді мерекелерде өнер сахнасынан жиі көретін едік. Анасының жетегімен қоларбада жүрсе де, тағдырдың сынағына мойымаған, теңдестерінен қалыспаған бауырымыз әншілік қабілетімен, туабітті дарынымен, сүйкімді даусымен баршаны аузына қарататын. Кейіпкеріміздің аты жөні – Сағымбай Ботпаев.
Әйтседе ол қол еңбегіне бейімділік, әсіресе компьютер техникасына әуестік танытты. Ілім-білімге ден қойған зеректік қасиетімен қысқамерзімдік дизайнер-бағдарламашы курсын бітіріп алды. Жеке кәсіпкер, аудандық мәслихаттың депутаты Абылайхан Сырымбетов, талапты жастың іскерлік қасиетін тани келе, «Ривер» бизнес орталығына жұмысқа қабылдады. Бес жылдық қызмет жолында меншікті басылымды беттеуге, дизаин үлгісінде көркемдеп-безендіруге барын салды. Іске төселді, үйренуден жалықпады, ақылдасудан тартынбады, әріптестерінің тәжірибесіне қанықты. Қосымша мамандыққа бейімімен оргтехника, ұялы байланыс тілін жетік меңгерді.
Көзбен көргенін игілікке асыруды көздеген талапты жігіттің қала орталығында жеке шеберханасының ашылғанын естіп білдік. Игі істі қолға алуға «Бастау-Бизнес» бағдары бойынша тиісті шамада қаржылай берілген грант септескен екен. Шебер бірден қаланың орталығындағы Төлеген Сматовтың иелігіндегі Сауда үйінен жеке бөлмені жалға алған, кәсібіне лайықты құрал-жабдық сатып әкелген.
Қолының ептілігі, ұялы телефон мен планшеттің, ноутбук пен компьютердің ақаулығын дөп басып бірден анықтайтын қабілеті, жөнделім мерзімін де өздігінен белгілейтіні шынымен қайран қалдырды. Теледидар жөндетуге икемі барын да білдік. Тапсырыс иелерімен сыпайы, мәдениетті сөйлескені, ұстамдылығы, байсалдылығы, құнды ақыл-кеңес қосатыны кәсібінің мәртебесін еселей түсетіні анық. Бізге сұхбат берген сәтінде де келушілерді мұқият тыңдап алды да, әкелген затының жағдайына қарай, «диагнозын» анықтап, тиісті жөнделім уақытын белгілеп беріп жатты. Бәрі де риза көңілмен, іштей алғыс сезімімен жөніне кетті. Күні-түні қолымыздан түспейтін, заманымызға қарай тіпті бәріміздің айнымас жан серігімізге айналған ұялы телефонның тосыннан істен шығатын себебін сұрадық. Жұмысбасты болса да, кішіпейілділік ниетпен сауалымызға жауап берді.
– Адамдар көбінесе құнды бұйымын тосыннан суға түсіріп алады, экран шынысы сынады, G-20 батареясы әлсірейді. Меню дерегі жоғалады. Мобильдік қосымшасына ақаулық түседі. Оны компьютермен тексеремін. Жөндеуге лайықты қосымша бөлшегіне Интернет арқылы сұрау саламын да, бағасын айтамын. Процессор, принтер, компьютер, ноутбук, моноблок жөнделімінің, тиісті тетік ауыстырылымының өз технологиясы, ақаулық деңгейіне қарай атқарылатын жұмыс ауқымы баршылық.
Баға демекші, Сағымбайдың қызмет ақысы да көңілге қонымды болып шықты. Клиенттің сөзге келмей, баға ұсынысына бірден келіскенін де байқадық. «Талапты ерге нұр жауар» дегендей, өз күшімен қолға алған кәсібінің өрге басуын, таңдаған саласының игілігін, қарпайым еңбегінің жемісін көруін тіледік. Елбасының Жолдауында белгіленген «Цифрлы Қазақстан» бағдарына лайықты игі істі қолға алған жігітіміздің алғашқы қадамы осындай.
Кәсіпкер азамат, аманшылық болса, келесі 2019 жылы жанына тағы бір көмекші әріптес қабылдамақ ниетте.

Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДІ.
Суретте: жеке кәсіпкер
Сағымбай БОТПАЕВ.