БАҚЫЛАУ ӘЛСІРЕМЕСІН

Округтік мал дәрігерлерінің ветеринария бөлімі, «Мал Аман» КМК, ҚР АШМ аудандық аумақтық инспекциясы, ветеринарлық зертхана басшыларымен бірлескен кеңесі барысында дәл осындай міндет жүктелді.
Ветеринария бөлімінің бастығы Орал Төлеуов әңгіменің кіріспесінде төрт түлік басын бірдейлендіруге, мал есебін бірыңғай дерекқорына енгізуге лайықталған әріптестердің өз өңіріндегі жұмысын алғыс лебізімен лайықты бағалады. Келешекте малдың, актіге сәйкес, ИСЖ есебін күшейтуге арналған тапсырма жүктеледі.
Бруцеллез дерегінің ветеринарлық бөлім мен «Мал Аманның» арасындағы алшақтығын болдырмас үшін соңғысы мал қанын сараптамаға тапсырарда есеп беруі тиіс. Жаңа туған төл жеті күннің ішінде сырғалануы шарт. Шаруа қожалығының иелігіндегі өгізшенің жасы сегіз айға толғанда бордақыға өткізіледі.
Төрт түліктің келешектегі есебіне арналған маусымдық жұмыс алдағы жылдың 1 наурызынан басталады. Түрлі індетке қарсы дәрі егілімі де дәрі-дәрмектің түсірілім ыңғайына қарай қолға алынады. Әріптестер осы негізде, кесте бойынша, үй-үйді аралап шығуы, ізінше жалпы мал санын тіркелімге алуы шарт. Мал сатылса әлде сойылса жедел түрде дерек қорынан шығарылады да, таңба-сырғасы қолма-қол жойылады. Сырға жоғалса, мал иесі ол жөнінде мал дәрігеріне жазбаша хабар түсіруі тиіс. Бруцеллез жұқтыратын, союға уақтылы тапсырылмаған түлік тұрақты бақылауды керек етеді. Мұндай үй жануарына арнаулы «Б» таңбасы соғылады да, талапқа құлақ аспағандарға әкімшілік шара қолданылады. Туберкулезге, сібір жарасына, соңғысы Өскеменде байқалған, қарсы дәрі егілімі түпкілікті бақылауды талап етеді. Жылқыға да жан-жақты көңіл бөлінгені абзал.
Иттің құтыруы, індеттің таралу жолы, сақтық амалы, мал мен адам арасындағы таралымын бақылау реті келесі әңгіменің тақырыбына айналды.
Округтік мал дәрігерлері өз аумағындағы жұмыс тәжірибесін ортаға салды, мал саны туралы мәлімет ұсынды. Жиынға қатысушылардың бәріне тұрғын халықпен тығыз байланыс орнатуға, азаматтардың жиынында округ әкімінің, жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция уәкілінің, жергілікті қауымдастық өкілінің жәрдемімен ізінше өз қызметін жарнамалауға арналған міндет жүктелді.
Биологиялық қалдықтың өртеу тәсілімен кәдеге жаратылымымен орайласқан қауіпсіздік шаралары, мерзімі асқан дәрі-дәрмектің тапсырылымы мамандардың өздерінің назарындағы ісі. Қан сараптамасының ветеринарлық зертханаға тасымалын, бекітілген кесте негізінде, бір жүйеге келтіруіміз абзал. Малдың ветеринарлық емдік-екпе шаралары туралы халыққа қол қойдырып, уақтылы құлаққағыс жасағанымыз дұрыс. Сонымен қатар жергілікті жерде бұл мақсатқа лайықты қоршау-аранның бар-жоғы назарда ұсталуы қажет. Қаңтар айында «Мал Аман» арқылы кадрлардың жоспарлы оқу сабағы жүргізілмек.
Әріптестерге жұмыс тәртібімен өз міндетін адал атқаруға, есеп-екпе жұмысын жоспарға сай жүргізуге, жоғары білім алу жайын ойластыруға, өзге салалас қызметтермен ынтымақтаса іс тындыруға ұсыныс берілді.

Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДІ.