ЕЛ АҒАЛАРЫМЕН ЖҮЗДЕСТІК

Еліміздің Тәуелсіздік мейрамы қарсаңында Бөгенбай батыр атындағы тарихи-өлкетану музейінде өткен қос ұрпақтың кездесу сағаты замана шежіресін тағы бір мәрте зерделеуді мақсатқа айналдырды.
Шаршы топқа жиналған қауым, директор Ләззат Түгелбаеваның ұсынысымен, жуырда жаңадан сыйға берілген бағалы жәдігерлерге таңданыспен назар аударды. Өлкетанушы жерлесіміз Бөкеш Мейрамның авторлық төрт қолжазба еңбегі, үйде сақталған, латын қарпімен де жазылған, бірнеше дана кітап, Өлеңті мен Ажыдан жеткізілген әскери қару, қысқы киім, тұрмыстық бұйымдар – бәрі-бәрі енді өз құндылығымен дараланбақ.
Аудан әкімінің орынбасары Абай Әлжановтың баршаға амандық пен жақсылық тілеген ізгі ниетті жылы лебізі, алдыңғы толқын ағалар жолын бүгінгі жастарға үлгі-өнеге етуге бағытталды.
«Асқақтай бер, айбынды Қазақстан!» концертінің прологы қуғын-сүргін құрбандарының бейнесімен көмкерілген әдеби монтажбен ашылды. Баяу соғылған метроном үні, үнсіздік минөті сонау 1986 жылы Алматыдағы Брежнев алаңында жазықсыз жапа шеккен, қапыда мерт болған қыз-жігіттердің бейнесін көз алдымызға елестетті. Қанға боялған қар, бөтен елден шұғыл жеткізілген, бақайшағына дейін мұздай қаруланған әскер, сақшылардың жүрек ауыртатын, жанарға жас үйіртетін қатыгездік амалы, кінәсіз кінәлі болғандарға үкім шығарылған сәт, ақын Мұхтар Шахановтың Москвадағы халық депутаттарының бірінші съезінде сөйлеген сөзі бәрімізді тебіреністі терең ойға жетеледі.
Бөгенбай батыр атындағы, №4 орта, №8 АТК өнерпаздары дайындаған концерт көңілден шықты. Сахнадан шырқалған, белгілі ақындардың сөзіне жазылған ән, домбырадан төгілген күй көрерменнің көзайымына айналды. Әсіресе, Әбдірахман Асылбек мәтінін дайындаған, Әбиірбек Тінәлиев ән жазған «Желтоқсан желі» туындысы замана ақиқатын айнытпай, дәлме-дәл суреттейді.
Қонақтарымыз – еңбек ардагерлері Мақсұт Баймұрынов, Тыныштық Жәниева Целиноград студенттерінің дәл сол кезеңдегі бейбіт шеруі жайында естіп-білгенін ортаға салды. Өнерпаздарға әкелік-аналық алғыс-батасымен әңгімесін түйіндеді. Музейдің ғылыми қызметкері өлкетанушы Манап Әдірешев тәуелсіздік дәуіріне дейінгі тарихи кезеңге шегініс жасады, ел мен жер тұтастығы жолында күрескен айтулы тұлғалар есімін тізбектеді. Келесі 2019 жылдың тарихи даталарына шолу жүргізді.
Мән-мазмұны қаралы болса да, жастардың отаншылдық рухын оятқан, шежірелі тарихымыздан ойып тұрып орын алған сол бір ызғарлы да ауыр күн, қайсар ұл-қыздардың өжеттілігі мен табандылығы санада мәңгі сақтала бермек. Дәл бүгін көзбен көрген, құлақпен естіген жайттардың бәрі Тәуелсіз ел ұландарының жадында да өз орнын алатынына сенгіміз келеді.
Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДІ.
Суретті түсірген автор.