МҮГЕДЕКТЕРДІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАЛЫМЫ

Аудан әкімдігінде әкімнің орынбасары Абай Әлжановтың төрағалығымен үйлестіру кеңесінің жиыны өтті.
Басшылар мен жекелеген мамандардың ақпары ұйымның бастапқыда қабылданған шешімінің орындалымына арналды. Әңгіменің түйіні мүмкіндігі шектеулілердің мемлекеттік және өзге мекемелерге тең дәрежелі қолжетімділігін, мүгедектер көлігіне лайықталған жол белгілерінің орнатылымын, жұмысқа орналастыруға квота бөлінісін, тазалық бөлмесінің, ақпараттық тактильді және дыбыс көрнекілігінің жайын қамтыды. Әлеуметтік бағдарламалар және халықты жұмыспен қамту бөлімінің бастығы Марина Сердцева мүгедектер құқығының қорғалымы, осы салада атқарылған жұмыс, ерекше санаттағыларға қосымша көмек көрсетілімі туралы баяндады. Мекеме мен кәсіпорындарды бейімдеуге, мүгедектердің санаты мен жасына, қаржылай көмек өтініміне, бөлінген қаржы шамасына, өткен жылмен салыстырма негізінде көрсетілген қайырымдылық және өзге көмекке қатысты мәлімет ұсынылды. БЖСМ директоры Сәрсенбек Өтепов, ХҚКО бастығы Ерлан Әбішев, аудандық мәдениет үйінің директоры Сапар Барлыбаев, дәрігерлік-коррекциялық кабинетінің маманы Надежда Мироненко, ТКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушысы Ербол Мәшкенов және басқалары шаршы топта жетекші ұйымдар мен үйлестіру кеңесінің ұсыныс-ескертуі негізінде атқарылған жұмыс жайында есеп берді.
Асылбек Мәжкенов, еңбек қорғау жөніндегі мемлекеттік инспектор, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңының 25 бабы талаптарының сақталымы бойынша жүргізілген тексеріс мәселесі, заңнама өзгерісіне орай, өз құзыретіне енбейтінін, бұл іс сәйкестелген департаменттің заңды құзыретіне ауыстырылғанын айтты. Күн тәртібінің мәселесіне қатысты ақпарат орындалым ұсынысымен назарға алынды.
Аудан әкімінің орынбасары Абай Әлжанов ізінше көпшілікті Үйлестіру кеңесінің мүгедектерді әлеуметтік қорғауға келесі жылға арналған жұмыс жоспарымен таныстырды.