«…МЕНІҢ БАСЫМДЫ КЕСПЕҢІЗШІ!»

Түрлі фирмалар жыл өткен сайын отбасылық мерекемізді, мерейтойымызды көркемдеуге лайықталған тың жаңалық, озық үлгі ұсынып келеді.
Әлеуметтік желіге көз салсаңыз: «Ұл-қыз бергеніңе шүкіршілік!», деп ірі әріп жазуымен әшекейленген әсем көлікті аңғарасыз. Ғашықтар сезімін білдірген баннерін құрылыс алаңына іліп жатады. Жуырда түрлі-түсті гирляндамен көмкерілген сәйгүлікке салт мінген адамды көрдік, ол әсем алюрімен тойхананың залын бойлай жүріп өтті. Дегенмен туысқандарының ұл баланы туған күнімен құттықтаған сәті – тағы бір бейнематериал жағамды ұстатты. Нақтылап айтар болсам: анасы баланың портреті кескінделген мерекелік тортты пышақпен тіле бастады. Мұндай тәтті нанға біздің қалада да тапсырыс беріледі екен. Сайтқа кірген көпшілік туған күн иесінің жаңағы сәттегі реакциясын көргенде жанын қоярға жер таппады. Жанары жасқа толған бала: «…Менің басымды кеспеңізші!», -деп шыр-шыр етеді.
Өзіңіз ойланып көріңізші, суретке пышақ тиген сәтте ініміздің жүйкесіне қанша салмақ, қандай ауыртпалық түсті екен?
Неке тортына қос жұптың мүсіні кескінделгенде, шаршы топта оған да пышақ түскен сәтте жаңа отау иелері өздерін қалай сезінеді екен?
Бәлкім, тағам дайындаушылардың қандайда бір өнегелілік-этикалық ереже шеңбері, түрлі идеяны қолданудың өзіндік тәртібі болуы тиіс қой. Ал тапсырыс берушілер де етжақыныңыздың, тіпті ол тортта безендірілсе де, бүкіл он екі мүшесін көз алдыңызда кескілеуге қалай дәті барар екен? Өзге идея, басқаша мазмұндағы ұсыныс қалмағаны ма, сірә. Не болып барамыз өзі?!
Топтаманы дайындаған,
Суретті түсірген
Раушан БАРЖАҚСЫ.